Ұлттық банк былтыр 1,1 тоннаға жуық алтын құйма сатты
Ұлттық банк 2025 жылы екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктеріне жалпы салмағы 889,5 кг 27 807 өлшемді құйма сатты
Фото: ЖИ
Фото: ЖИБұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық банктің мәліметінше, өлшемді құймалар көп сатылған өңірлер: Алматы (20 526 дана, 74%), Астана (1 650 дана, 6%) және Шымкент (1 099 дана, 4%).
Халыққа арналған өлшемді құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық банк, Alatau city bank, ЦентрКредит Банкі арқылы, сондай-ақ банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінде сатып алуға немесе кері сатуға болады.
Осылайша, 2025 жылы ЕДБ мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктері кері сатып алғанды ескергенде, халыққа жалпы салмағы 1,1 т — 40 799 өлшемді құйма сатты. Бағдарлама іске қосылғалы сатылған алтын құймалардың жалпы саны — 263 479, ал олардың жалпы салмағы — 9 т.
Халық арасында сұранысқа ие алтын құйманың салмағы — 10 г. Сатылған көлемнен оның жалпы үлесі 26% — 67 833 дана. Одан кейінгісі 5 грамдық құйма, сатылғаны — 57 847 дана (22%), 100 грамдық құймадан — 53 289 дана (20%), 20 грамдықтан — 49 154 дана (19%) және 50 грамдық құймадан — 35 356 дана (13%).
— Әрбір алтын құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және бедерлі жиегі бар) және механикалық зақымданудан қорғайтын арнайы қорапқа салынып шығады. Сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғаныш қорабы сапа сертификаты болып та саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз.
Алтын құйма — сенімді инвестиция құралы. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі — банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады, — делінген хабарламада.
Айта кетелік Қазақстанның алтын резерві 345 тоннаға жетті.














