Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркияда шайпұл қалдыру заңмен бекітілуі мүмкін

Түркияда шайпұл қалдыру заңмен бекітілуі мүмкін

Фото: ©Pixabay.com
Түркияда қоғамдық тамақтану саласы қызметкерлерінің электронды шайпұлды заңмен реттеуді талап еткен ауқымды науқаны күшейіп келеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл процесс елдің Сауда министрлігінің мейрамханалар мен дәмханалардың міндетті қызмет көрсету ақысын алып тастаудың орнын жасырын баға өсімімен толтыру әрекеттеріне қарсы қатаң шаралар қабылдауымен қатар жүріп жатыр. Аталған жағдай тікелей туристердің де, сала қызметкерлерінің де мүддесіне әсер етуде.
Мейрамхана, кафе мен бар қызметкерлері шайпұлға қатысты арнайы заң қабылдауды талап етіп, қоғамдық бастама көтерді. Бұған дейін енгізілген міндетті қызмет көрсету ақысын алып тастау туралы шешім тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталғанымен, сала өкілдерінің айтуынша, бұл олардың табысының едәуір қысқаруына алып келген. Нәтижесінде бастама иелері қызметкерлердің цифрлық, ерікті шайпұл алуға заңды құқығын бекітетін нақты нормативтік акт қажет екенін алға тартып отыр.

Қоғамдық тамақтану саласы қызметкерлерінің талаптары

Науқанның негізгі мақсаты – электронды шайпұл жүйесін заңдастыруды жеделдету. Қызметкерлер шайпұлды өз еңбегінің ажырамас бөлігі, заңды табыс көзі деп санайды. Олардың ұраны да соны айқын көрсетеді: «Шайпұл – біздің табысымыз, заң – біздің заңымыз, біз оны қорғауымыз керек».
Билікке қысым көрсету және қоғам назарын аудару үшін белсенділер әлеуметтік желілерде апта сайын хэштег-кампаниялар ұйымдастырып келеді. Кезекті белсенділік толқыны 9 ақпан, дүйсенбі күні, жергілікті уақытпен 22:00-де басталды. Қозғалысқа қатысушылар әртүрлі платформалар арқылы бір-бірінің жазбаларын бөлісіп, қолдау көрсетті.
Бизнес өкілдері, министрлік қызметкерлері мен мемлекеттік органдар тарапынан белгілі бір қадамдар жасалғаны белгілі. Электронды, ерікті шайпұл жүйесін реттейтін құжат әзірлеу мәселесі талқылануда. Алайда түпкілікті шешімнің әлі қабылданбауы сала қызметкерлерінің наразылығын күшейтіп отыр.

Биліктің жауабы: заңсыз алымдарға тосқауыл

Қоғамдық науқанмен қатар Түркияның Сауда министрлігі мейрамхана бизнесіндегі әділетсіз тәжірибелерге қарсы күресті күшейтті. Ведомство заңсыз алымдарды, негізсіз баға өсімін және тұтынушыларды адастыру әрекеттерін қатаң бақылауға алып отыр. Бұл туристерге өз құқықтарын қорғауға, тіпті алданған жағдайда қаражатын қайтаруға мүмкіндік береді.
Министрліктің белсенділігі соңғы уақытта қоғамдық тамақтану орындарындағы бағаның күрт өсуімен тікелей байланысты. Бұл жағдай көптеген мейрамханаларды қарапайым туристер мен жергілікті тұрғындар үшін қолжетімсіз ете бастады. Билік ұзақ уақыт бойы «сұр аймақта» жұмыс істеп келген саланы жүйелеуге кіріскенін ашық көрсетіп отыр.
2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында Түркиядағы қоғамдық тамақтану саласындағы ахуал ерекше алаңдаушылық тудыра бастады. Бұрын елдің басты артықшылықтарының бірі саналатын гастрономиялық демалыс бұл күндері кез келгеннің қалтасын қағатын үрдіске айналған.
Салалық басылымдардың мәліметінше, 2026 жылдың қаңтарында орта деңгейлі мейрамханада екі адамға арналған кешкі астың орташа чегі 1500-2500 түрік лирасы (20-30 мың теңге) аралығында болған. Ал төрт адамнан тұратын отбасы үшін мейрамханада тамақтануға кететін айлық шығын 15-20 мың лираға дейін (226 мыңдай) жетуі мүмкін. Бұл сомалар доллар немесе еуроға шаққанда одан сайын салмақты көрінеді.
Түркия статистика институты (TÜİK) жариялаған ресми деректер де бұл үрдісті растайды. 2026 жылдың қаңтарында мейрамханалар мен қонақүйлер сегментіндегі баға бір айда 5,86 пайыз өскен. Ал 2025 жыл ішіндегі жылдық өсім 33,31 пайызды құраған.
Тәуелсіз ENAG зерттеу тобы бұдан да жоғары көрсеткіштерді келтіреді. Олардың есебі бойынша, 2026 жылдың қаңтарында былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда баға өсімі 33,81 пайызға жеткен. Соңғы 12 айдағы орташа көрсеткіш – 36,35 пайыз.

Бағаның өсуіне не себеп?

Сарапшылар қоғамдық тамақтану саласындағы бағаның күрт қымбаттауына бірнеше негізгі фактор әсер еткенін айтады. Ең алдымен, бұл – мейрамханалардың операциялық шығындарының артуы. Оған өнім бағасы ғана емес, жалдау ақысы, коммуналдық төлемдер мен қызметкерлер шығындары да кіреді.
Сонымен қатар 2026 жылдың басынан бастап Түркияда ең төменгі жалақы 27 пайызға өсіп, 28 075 лираға жетті. Еңбек күші көп қажет болатын бұл сала үшін жалақы қорының өсуі баға саясатына тікелей ықпал етті.
Мекемелердің көпшілігі сусындар, кофе мен десерттерсекілді пайда үлесі жоғары тауарларға басымдық бере бастады. Ал ет пен балық секілді қымбат шикізаттан дайындалатын негізгі тағамдар табысы аз саналады.
Жалпы елдегі инфляциялық ахуал да өз әсерін тигізуде. Ресми дерек бойынша, 2025 жылдың қарашасында инфляция 31,07 пайызға дейін баяулағанымен, тәуелсіз сарапшылар оның әлі де жоғары екенін көрсетеді.

Міндетті алымды алып тастаудың «жанама» салдары

Қызмет көрсету үшін алынатын міндетті төлемді жою туристерге жеңілдік әкелуі тиіс еді. Алайда іс жүзінде кейбір мейрамханалар бұл шектеуді айналып өту жолдарын тапқан. Бұрынғы шайпұл сомаларын тағам бағасына қосу немесе түрлі жасырын үстемақылар енгізу жағдайлары жиілей түсті.
Дәл осындай оқиғалар Сауда министрлігінің араласуына түрткі болды. Әлеуметтік желілерде міндетті шайпұл жойылғаннан кейін бір мейрамхананың мәзіріндегі бағалардың күрт өскені туралы ақпарат тараған соң, ведомство тексеру бастады. Жиналған материалдар Әділетсіз баға белгілеуді бағалау кеңесіне жолданды.
Министрлік ресми мәлімдемесінде:
Қызмет көрсету ақысын баға өсімі арқылы өндіргісі келетіндер жазаланады, - деп өз ұстанымын ашық білдірді.
Бұл биліктің тұтынушыларды алдауға бағытталған кез келген әрекетке қарсы екенін аңғартады.

Әлем елдеріндегі шайпұл тәжірибесі

Жалпы, шайпұл қалдыру үрдісі әлемнің көптеген елінде бар. солардың ішінде туристер жиі баратын елдерге тоқталсақ, Мысырда шайпұл беру міндетті болмаса да, сізге қызмет көрсеткен адамның оны күтетіні рас. Әсіресе «all inclusive» жүйесіндегі қонақүйлер мен экскурсиялар кезінде 5-10 пайыз немесе белгіленген сома қалдыру қалыпты жағдай саналады.
Таиландта да дәл осындай. Мейрамханаларда ұсақ тиын қалдыру, қонақүйлерде бөлме тазалаушылар мен жүк тасушыларға шағын сыйақы беру кең таралған. Еуропаның бірқатар елінде, соның ішінде Грекия мен Испанияда қызмет көрсету ақысы шотқа алдын ала енгізіледі, алайда клиент өз қалауы бойынша қосымша 5-10 пайыз қалдыра алады.
Ал БАӘ-де шайпұл көбіне 10-15 пайыз шамасында болады және көп жағдайда чекке қосылып тұрады. Түркияда да бұрын осыған ұқсас жүйе қолданылған еді.
12 ақпан 2026 ж. 46 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728