Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастарға «Сен ұлы ұлттың өкілісің» деп айта беру керек

Жастарға «Сен ұлы ұлттың өкілісің» деп айта беру керек

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика мерекесі қарсаңында еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың арасында еліміздің ғылымын дамытуда ерекше еңбек сіңірген бір топ ғалымдар да болды. Біз осыған орай, әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған жерлесіміз, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Металлургия және кен-байыту институтының Бас директоры Бақдәулет Кенжалиевпен сұхбаттасқан едік.

– Бақдәулет Кенжалыұлы, Сыр өңірінің халқы Сізді жоғары марапатыңызбен шын жүректен құттықтайды. Сіз бұл сыйлықты екінші мәрте алып отырсыз ғой. Қызылорда облысы бойынша бұл жоғары атақты екі мәрте алып отырған Сіз алғашқы ғалым боларсыз?
– Жоқ, екінші ғалыммын. Маған дейін Жаңақорған ауданынан шыққан профессор, Биология және вирусология институтының Бас директоры Аманкелді Саданов деген атақты ғалым алған.
– Жарайды, Мемлекеттік сыйлықты екінші мәрте алған екінші адам болсаңыз, Ленин комсомолы сыйлығын тұңғыш алған ғалымсыз ғой?
– Оның енді рас, жас ғалымдар арасында тұңғыш лауреатпын.
– Білімнің негізі ауылда десек, біреулер ренжіп қалуы да мүмкін. Бұрын ата-бабаларымыз таңның атуымен күннің батуы арасындағы уақыттың өзін жобалап-ақ, біліп отырған. Қырық құмалақты шашып жіберіп есеп амалдарын болжаммен шешіп отырған. Арал өңіріне қарасты Аманөткел ауылында дүниеге келген Сізді есепке жүйрік еді, дейді. Жалпы, мектептегі оқуыңыз қалай болды?
– Қазақ баласы тумысынан математик. Есепке жүйрік келеді. Мен де шалғай ауылда өстім. Біздің ауыл теңізден таяу болғандықтан, оның исін сезіп отыратынбыз.Мектепте мұғалімдеріміз мықты болды. Олар сабақты түсіндіргенде миымызға құйып жіберетін. Рас, ауыл балаларының бәрі есепке жүйрік, алғыр келеді. Бізге математика, тарих, әдебиет пәндерінен білікті ұстаздар сабақ берді. Ауылда орыс ұлты өкілдері болмағандықтан орысшамыз жетімсіз болды. Өз басым химия, биология сабақтарына үздік болған сияқтымын. Оның нәтижесі алдымнан шықты.
– Бақдәулет Кенжалыұлы, еліміз ғылымының бүгінгі жай-күйіне қандай баға бере алар едіңіз?
– Көшелі ұрпақтың жаңа заманда ғылым мен білімге деген құлшынысы бар, оны жоққа шығаруға болмайды. Іргелі елдермен тереземіз теңесуі үшін ең алдымен бізге керегі ғылым. Ұлы Абай бабамыз «Ғылым таппай мақтанба» десе, философ Шәкәрім Құдайбердіұлы «Ғылымсыз адам – хайуан»- деп айтуынан көп нәрсені аңғару қиын емес. Демек, ғылым жолын қумасқа қазақ баласының басқа амалы болмауы тиіс.
– Халқымызда: «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз бар. Ғылым жолындағы ұстаздарыңыз кімдер? Олардан не үйрендіңіз?
– Ұстаздарымның ішінде айрықша академик Асқар Қонаевты айрықша атап өтер едім. Одан мен ашық қарым-қатынастың, өзіңе биік мақсат қоюды үйрендім. Ұстазым маған ғылым жолында төзімділікті үйрете келіп, кез келген қиындықты сәтсіздік деп емес, керісінше, баға жетпес тәжірибе ретінде қабылдауға үйретті. Сыртымнан өзге ғалымдарға мен туралы «Бақдәулетті ғылымға тарту керек, мен одан үлкен болашақ көремін» деп айтып жүретінін кейін білдім. Сол сияқты академик Еділ Ерғожинді ерекше құрметтеймін. Бүгінгі күні осы қос ұстазымнан алған өмірлік сабақтарды тәжірибемде ұстануға тырысамын.
– Қазақстан ғылымы құбыласының қағидасы неде?
– Сингапур ғажайыбының атасы Ли Куан Ю-дің: «Ұлылықты жұдырықтай жұмылған халықтың жігері мен бірлігі, табандылығы мен тәртібі және сол мемлекетті құтты мекенге айналдыруға ұмтылған ұлтжанды көшбасшылардың сапасы сомдайды»- дегенқағидасы бар. Бұл пікірдің өміршеңдігін жапон халқының бүгінгі болмысы дәлелдеп отыр. Бұл – Ли Куан Юдің: «Мемлекеттің ұлылығын тек жер көлемі айқындамайды», деген қағидасына берілген нақты жауап. Біз мысалға алған қос мемлекетте арал-мемлекеттер емес пе?! Демек, ғажайыптар жасау үшін мемлекеттің аумағының ешқандай маңызы жоқ. Бүгінгі Сингапур мен Жапония ғажайыбының тарихи бастауы қайда жатыр десек, оны адамдарының ақыл-ой дамуында жатыр, деп жауап беруге болар еді.
Жалпы, жапондарда ұлт ретінде құдіретті етіп ұстап тұрған бір негіз бар. Ол – император Құдайдың ұлы деген сенім. Жапон қоғамы осы негіздің айналасына, осы идеяның төңірегіне жиналып, ұйысады екен. Ғылымның заңдылығымен қарасаң, бұл – абсурд. Десек те, Жапонияда Нобель сыйлыған алған ғалым, солшыл болсын, діншіл болсын, кім болса да, өз ұлтының негізіне тиіспейді. Сол сияқты біздің қазақтың ұлттық негізі – еркіндік. Алаштың ардақты қайраткері Мұстафа Шоқай: «Жаман халық жоқ, жаман адамдар бар. Адамгершілігі мол мемлекет деген болмайды, адамгершілігі мол адамдар болады», деп айтқанындай, елімізде адамгершілігі зор зиялы азаматтар бар, алайда олардың ақыл-ойымен санасатын билік орындары жоқ.
– Ұлттың рухын жаңғырту жолында жүрген ұрпақты қолдау түбінде қазақты ренесанс дәуіріне, яғни түбегейлі өзгерістер заманына әкеле ме?
– Қазақстанды отаншылдық, адамгершілік қасиеті жоғары, кәсіби маман, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттерді бойына сіңірген адал азаматтар құратыны, олай болмағанда, даму көшінің соңында қалып, ақырында құрдымға кетуі қаупін де жоққа шығармаған жөн. Біз бір мазасыз әлемде өмір сүріп жатырмыз. Тыныштықты бұзу бізден емес, басқа әлемнен шығып та қалуы мүмкін ғой. Сондықтан біз бәріне дайын отыруымыз керек.
– Бізді мұратқа жеткізетін не нәрсе?
– Бізді бақша-мұратымызға жеткізетін – шикізат емес, ақыл-ой парасатымыз. Оның аясы кең, білім-ғылым, отаншылдық, өзінің халқын, шекарасын, рәміздерін сүю. Тарихын, әдебиетін, мәдениетін, әдеп-ғұрпын, музыкасын сүю.
Адамдардың өз еліне деген намыстылығын туындататын, қалыптастыратын факторлардың бірі – өз елінің жетістігіне деген мақтаныш сезімі. Ондай мақтанышты сол елде жасалған заттардың, ғылыми жетістіктердің жоғары сапасын тудырады. Мұны одан әрі жалғастыра беруге де болады. Ол үшін ғылымды өндіріске енгізу үшін жаңалықты қабылдап алатын өндіріс ошағы болуы тиіс. Қазір біздегі ірі өндірістер инвесторлардың қолында шоғырланған. Олардың біршамасының қолдарында басқа елдің азаматтары деген қосалқы құжаттары бар. Ашыған айтқанда олар пайданы ойлайды да, өндіріске ғылыми жаңалықтарды енгізгісі келмейді. Кейде біздің ғалымдар өздері ашқан жаңалықтарын өндіріске енгізе алмайды. Бар қиындық осында. Таяу арада бұл да өз шешімін табады деп ойлаймын.
– Сіз бір кездері Халықаралық Қазақ тілі қоғамының жұмысына белсене араластыңыз, қазіргі тіл мәселесінің ахуалы қалай?
– Қазақстан – қазақ ұлтының ата жұрты, отаны. Сондықтан қазақ тілі – Қазақстандағы барша халықтың ұйытқы тілі болуы тиіс. Ұлтты ұйыстыратын, сол арқылы оның болашағын нығайтатын тұғыр датіл.Бізге кейде ұлттық намыс жетпей жатады. Мен өзімді намысты қазақтың қатарына жатқызамын. Бойынан ұлттық намысы бар адамды көрсем, сол адамды сыйлауға тырысамын. Бір мысал: Парсы жұртында мынадай тәжірибе бар. Қазір бұл елде 80 миллионнан астам халық тұрады. Елде 35 түрлі ұлт өкілдері тұрады екен. Олардың өмір сүруіне ешкім кедергі келтірмейді. Олар өз отбасыларында ана тілдерінде сөйлеп, әндерін шырқайды, ұлттық тағамдары мен киімдерін тұтына береді. Оған парсы жұрты мен үкіметі қарсы емес. Бірақ мемлекеттік тілі – парсы тілі. Мемлекет бір тіл, бір дін арқылы барша халықты біріктіріп отыр. Оның қандай кемшілігі бар? Сондықтан Қазақстанда тұратын барша ұлт өкілдері қазақ тілін сыйлауы тиіс. Бір тілді, бір дінді мемлекетті басқару оңай. Ал көп тілді, көп дінді мемлекетті басқару қиын, ол мемлекет ынтымағын бұзады. Парсы жұртының байырғы патшасы Дарий: «Біз мемлекетіміздің тұтастығын және ұлылығын – тіл, дін бір болған жағдайда ғана сақтай аламыз» -депті. Міне, осы өсиет парсы зиялылары осы уақытқа дейін қатаң ұстанады екен.
– Ал білім-ғылым жүйесінде біздің өмір дағдымызда осы дәстүр сақталған ба?
– Бәрі талаптан. Егер заңды орындап, оны өзгелерден талап етсе, бәрі орнына келеді. Ең біріншіден, мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді меңгеруін талап ету керек. Мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде үміткердің мемлекеттік тілді білуі қатаң ескерілуі керек. Ғалымдар қазақ тілінің ғылым тілі болатынына сенеді. Мемлекеттік тіл ғылым тіліне айналмай, оның қолдану аясы кеңімейді. Тілдің болашақ дамуын ойласақ, ғылыми жұмыстар мемлекеттік тілде қорғалуы тиіс.Мен өзім басқаратын институтта ғылыми жиналыстарды үнемі қазақша өткізуге тырысамын. Ол үшін маған ешкім ескерту жасап жатқан жоқ.
– Жоғарыда, парсы жұртындағы жақсы дәстүрді айтып өттіңіз. Иранда ғылымда парсы тілінің ықпалы қаншалықты күшті?
– Сақталғанда қандай! Иран елінде жоғары оқу орындарының химия-биология, физика, математика факультеттерінде «Парсы әдебиетінің тарихы» тереңдетіліп оқытылады екен. Бұл туралы оқыған зиялылар арасында «Егер парсы халқының әдебиетін, тарихын білмесең, онда сенің физикаң, химияң кімге қызмет етеді?!» дейтін қанатты сөз бар. Қазір осы елде екі бірдей Нобель сыйлығының лауреаты бар. Демек, тілді үйрену мен үйрету ісінде ұлттық психологияны қалыптастыратын кез келді. Спиноза айтқандай: «Үкімет күші адамдарды үрейлендіріп қана орындатады» деген формуласына салу керек.
– Бүгінгі таңда әлемде қалыптасқан жағдай технологиялардың тиімді транспертін өз жағдайымызға бейімдеуді қажет етуде басымдық беріліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды, білімді жастарды қолдау мемлекеттік стратегияның басым бағыттарының бірі екенін нақты атап өтті. Осыған орай, «Ғылым және технологиялар туралы» жаңа заңның қабылдануы ғылымның әлеуетін арттырумен қатар технологиялық егемендігімізді қамтамасыз етуге ықпал етіп отыр, деп толық айта аламыз ба?
ХХІ ғасыр – ақпараттандыру заманы болғандықтан, жоғары оқу орындарын сандық университеттерге айналдыра отырып, олардың цифрлық архитектурасын дамыту маңызды бағыт алып отыр. Осы мақсатта виртуальды зертханалар құрылып, жаппай онлайн курстар жұмыс істеп жатыр.
Ғылым – тәуекелі жоғары инвестиция. Алайда ғылым мен технология мазмұнын шатастыруға болмайды. Бүгінде жасанды интеллект өмірдің барлық саласына дендеп ене бастады. Бұл да ғылымды өрге сүйрейтін бір жол. Алайда мына мәселені де айтып өткен жөн болар. Бізде ғылыми зерттеу институттары жетерлік. Алайда институттар бар, бірақ жаңа технологиялар тапшы. Барып көріңіз, институттардағы бар технологиялар кеңестік кезеңнен қалған тозығы жеткен ескі мұралар. Ал бізге озық құрылғылармен жарақтандырылған жабдықталған заманауи база керек. Ескі мұрамен ғылымды өркендете алмаймыз.
– Өткен жылы Сіздің өзіңіздің туған жеріңіздегі білім алған мектептерде үздік оқып жүрген оқушыларғаөз атыңыздан атаулы стипендия тағайындағаныңызды есіттік. Бұл бір мақтанарлық әрі үлгі етіп айта жүретін бастама екен?..
– Егер оны мақтаныш үшін істеген, деп айтушылар шығып жатса, оны істемегенде болар едім. Жалпы, мен табиғатымда ештеңені жария етіп айтпайтын адаммын. Әйтсе де, білініп қалып жатады. Әдетте өз басым қайырымдылықты жария етіп жасамаймын.Биыл Мемлекеттің ғылым саласындағы стипендиясының иегері атандым. Соның бір тиынын да қажетіме жаратпай, өзім туып-өскен Арал ауданындағы Аманөткел округіне қарасты Ақшатау ауылындағы мектептің 1 үздік оқушысына және Қазалы ауданындағы өзім аттестат алған Ыбырай Алтынсарин атындағы № 421-ші орта мектептің (қазіргі №204 мектеп) 1 үздік оқушысына бөліп бердім. Үздік оқушылар жыл бойы атаулы стипендияны уақытылы алып тұрды.
Ақшаның ешуақытта артықтығы жоқ, бірақ балаларға жұмсаған әрбір тиынның қайтарымы бар. Мүмкін, ол балалар ертең, еліміздің бір мықты ғалымы болар, қалай айтқанда да олар жақсы азамат болып қалыптасатынына сенімдімін. Білімі мен ғылымы өркендеген ел – жаңарады, экономикасы өрге басады.
– Жасанды интеллект туралы не айтар едіңіз?
– Өркениеттің жаңа кезеңін бастап, ойын ережесін түбегейлі өзгертетін өнертабыстар болады. Мысалы ХІV ғасырда Гутенбергтің Баспа машинасы Еуропадағы ғылыми революцияның негізіне айналды. Ал электр энергиясының өнеркәсіптік және тұрмыстық қолданысқа енуі индустрияның жаңа дәуірін бастап жіберді. Қоғамның барлық саласына сыналап еніп, кең өрістеп бара жатқан жасанды интеллект технологиясы да сондай жаңалық алып келетін өнертабыс екені сөзсіз. Президент Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында еліміздің технологиялық және ғылыми-инновациялық дербестігін нығайту үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып, технологиялық инфрақұрылым барынша қолжетімді болуы үшін қолайлы экожүйе қалыптастыру қажет екенін айтқан болатын. Осыған орай, жасанды интеллект технологияларын енгізу үшін стратегиялық құжаттар дайындалуда. Ол іске асса елімізде жасанды зердені қолданып, түрлі салада инновациялық шешімдер мен жобалар жасау үрдіске айналмақ. Мемлекет бұл бағытқа ерекше көңіл бөле бастады. Соның арқасында технологиялық стартаптар айтарлықтай серпіліс жасап, нарықтағы өз орнын қалыптастырып жатыр. Бұл таукен ісінде де таптырмас жаңалықты алып келеріне сенімім мол. Қазір әлемнің аяқ алысы деректерге негізделген. Ал жоғары сапалы деректермен үйретілген алгоритмдер нақты шешімдер қабылдауға қабілетті. Бүгінгі таңда сирек металдарға әлемдік сұраныстар артып отыр. Елімізде кен өндіру көлемін көтерудің нақты мүмкіндігін ескерсек, оның қажеттілігі өсе түскеніне көзіміз жетеді. Демек, жасанды интеллектінің керегі бар.
– Оған сүйенбесек, болмайды ма?
– Бұл енді ескі тұжырым. Болмайды, деп айтуға да болмас. Қазіргі таңда ғылым білімде бәсекелесіп, озық технологияны менгеріп, тұрмысты жеңілдетін техникаларды бірімен-бірі жарыса шығарып жатқан Жапония, АҚШ, Германия, Қытай, Корея сияқты елдер екенін мойындауымыз керек. Өйткені қанша жерден шикізат қорына бай ел болғанымызбен, біз әлі күнге өткен ғасырда Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов айтқандай: «Жердің асты мен үстіндегі әр түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалып, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн осы мемлекет азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуіне» қол жеткізе қойғанымыз жоқ. Өзгенікін тұтынып, соны қымбатқа сатып алғанымызға қанағатпыз. Әзірге шикізат көзі ретінде ғана шеттен инвестиция тартып, өзіміздің жерімізде тауар өндіретін дәрежеге жете алмай отырғанымыз жалған емес. Мұның себебін, қазақстандық өндірушілерге ғылыми әдістемелерді нарықтық тауар деңгейіне жеткізу тәжірибесі жетіспейтінінен, менеджемент, маркетинг және талдау саласындағы жоғары білікті мамандардың жетіспеушілігінен іздеу керек. Демек, бізге ғылыми инновация деген жаңа пән енгізіп, оны мектеп қабырғасынан бастап оқыту керек шығар?
– «Момынның ісін Құдай жөндейді» – деген сөз бар. Өмір ағысында жақсы адамдармен көп араластыңыз, олардың біразына шәкірт, іні, бауыр болдыңыз, не айтарыңыз бар?
– Атақты психолог-дәрігер, жазушы Зигмунд Фрейд айналасындағы достық рәуіште жүрген адамдардан өте көп зәбір көріпті. Ол осыған орай: «Сен өзіңді төмен санайтын адамдардан аулақ жүр, оларды таста да кет. Ешқашан шешілмейтін дауларды тәрк ет те кетіп қал. Сені ешқашан бағаламаған адамның көңілінен шығуға және оларды қуантуға тырыспа. Ой санаңды улап жатқан осындай нәрселерден алыстаған сайын өзіңді бақытты сезінетін боласың», – дейді.
Адам біреуге ренжіп, оған талқандайтын ой бағыштаса, ол ой өзіне қасірет, зардап, ауру түрінде қайта оралады. Керісінше, сүйіспеншілік пен құрайтын жағымды ойды бағыштаса, онда ол ойы өзіне қуаныш пен жетістік әкеледі. Бұл жерде бүкіл әлемдік әділет «Қарымта заңы» мүлтіксіз жұмыс жасайды. Менің бойымда жақсы көру синдромы басым. Жамандық жасаған адамның өзін кешіре білемін. Әсіресе, адал адамдарды құрметтеймін.
Жақсы көру – киелі қасиет басты ұстанымым. Пікірі мен сезімі қырық құбылған адамда өмірлік өзекті принцип те болмайды. Жақсылықты көре білу, оған сүйсіне білу де – адамдық болмыстың негіздері. Сені даралайтын да осылар. Қазақ табиғатының қарапайым көзге көріне бермейтін болмысын жан тәніңмен сезіну де – даладан сіңген жақсы қасиет болса керек.
– Қандай ұстаным, қандай ұран ұстанасыз?
– Кезінде философ Платон: «Атақты адамдар соңында ой қалдырады, ойдан мұра қалдырады» деген екен. Егер сен өзгелерден ерекше болғың келсе, тек ақылыңа жүгін, киіммен бөлектену ақылдының ісіне жатпайды. Бұл әкеммен үйренген қағидам. Менің өз ұстанымым – қандай саланың тізгінін ұстансаң да, соның өркендеу жолында барыңды сал! Ұлтыңа ұл да, құл да бол!
– Қазір Мемлекетке қарап, өлтірмейді, деп қос қолды қусырып отыратын заман емес. Сонда не істемекпіз, осының жолын көрсете алмас па екенсіз?
– Бір жол бар, ол – еңбек! Осыған байланысты әулие Мәшһүр Жүсіп Кепеев бабамыздан қалған бір сөз бар. Ол бүгінгі қоғамымыздың диагнозы. «Кедейлік үш ағайынды болады. Оның үлкені – кежірлік, ортаншысы – еріншектік, сүт кенжесі – ұйқы. Қазір ауылдық жерлерде де, қалада да осы психология дендеп барады. Мүмкіндік бар ма, еңбек ет, тырбын, мұнда өлместің күні деген ой болмауы тиіс. Олай болмайды екен, біз байымаймыз да, отбасын да асыра алмаймыз.
– Кісілік пен кішіліктің айырмасы неде. Өмір тәжірибесі не айтады?
– Шын ғалым мен әртістің еңбекке араласқан күні болады, зейнетке шыққан күні болмайды. Олар үшін еңбек демалысына шығу деген қағаз жүзінде ғана болады. Олар жүрегінің майын от қылып жағып, күні біткенше еңбек ете береді.Тыңғылықты еңбек тәжірибесінің жоқтығынан әр адам өз ішіндегі «қазынаны» сезбейді. Еңбек етіп, тиісті дағды жинақтамаса, олар оны таба да алмайды.
– Сізге өмірде не жетпейді?
– Бүгінде уақыт қымбат. Ал уақытты тоқтата алмайсың. Қаншама уақытымыз бос сенделмен өтуде. Уақыттың аса қымбат екенін сезген адам әр сәтін, әр минутын құр босқа жібермеуге тырысар еді. Оның өзінде біреулер бар, уақытты материалдық дүниемен өлшейді, енді біреулер жәй қыдырыстан рахат табады. Өзім ондайлардың қатарынан емеспін.
– Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру үшін нендей жұмыстар қолға алынуы керек?
– Алланың борышын адал арыңмен, адамның қарызын ащы теріңмен қайтарсаң, көңілің жай табады. Ал күйгелектік адамды тез шаршауға алып келеді. Демек, адам өзін әрдайым сергек сезінуі керек.
– Жастар туралы әңгіме қозғап өттіңіз. Бүгінгінің жастары қандай болуы тиіс?
– Мен бұл ретте атақты ғұлама бабамыз Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының бір тағлымына құлақ түрсем деймін. Бұл тағлым нағыз жастарға арналған өнеге. Баба айтады: –Жас күндеріңде ата-ананың қызметін қылып, бата алмағандарың – өскенде өзіңнен төменнің құлдығында қаласың. Ата-ананың ризалығын мақсат қылсаң, есіл дертің ата-ана ризалығы болса – жасаған жас, сүрген өмір, қылған кәсіп, тіршіліктің пайдасын көресің. Олардың ризалығын көздемеген, іздемеген болсаң, бұл жалғанның жүзінде атар таң, шығар күн, жарық сәуле көремін, деп ойлама. Иттен ілгері, кісіден кейін болып жалған дүниеде жүргеннен өлгенің артық.
Біреу кедей болса «Құдай кедей қылды», біреу жаман болса «Құдай жаман қылды», біреу надан болса «Құдай надан қылды» деу Жаратқанды жамандағаннан болады. Не тапса әркім өз пиғылынан, өз кәсібінен таппақ. Құдай ешкімді зорлықпен кедей қылмайды, ешкімді зорлықпен жаман қылмайды, ешкімді зорлықпен надан қылмайды.
Құдай бермейтұғын сараң емес, сақтай алмайтын осал емес. Не кемшілік болса, пенденің өз пейілінен, өз осалдығынан. Кісі сол – кәсіп, әрекет қылсын, өзінен басқаға пайдас тисін. Өзінен басқаға пайда келтірмейтін адамды кісі деме, жаман ұрғашының күсі е. «Жаман бала малға ортақ, Жаман адам жанға ортақ». «Жаман туған бала – ата-ананың, һәм бірге туысқан бауырларының соры. Ай Құдай-ай, сақтай гөр», дейді. Ойланатын құндылық па, иә, одан артық ешкім айта алмас...
– Тәрбиенің бастауы неде, оны адам қайдан алады?
– Кез келген көзі ашық, көкірегі ояу, саналы адам мойнында рухани бір міндеті барын түсінеді. Бұл міндет өзінен кейінгі ұрпаққа рухани құндылық қалдыру. Рухани құндылықтың ең маңыздысы ұлттық тәрбиеден бастау алады. Әр адамның отбасында баласына беретін тағылымы – ұлттың болмысына қосқан үлесі. Әр ұлттың бала тәрбиесіндегі өз ұстанымдары мен қағидалары бар. Егер Жер – Анадан нәр кетсе, малдан бел, шөптен сөл, адамнан әл кетеді. Даланы құм басады, көңілді мұң басады. Құрсақтан қанға сіңген қасиет те, тәрбие де, жағымды-жағымсыз әдет те бүтін бір ұлттың келбетінен, іс-әрекетінен, өмір сүру салтынан байқалып тұрады. Демек, балаларымыздың киіміне, тазалығына, қыздарымыздың тәрбиесіне назар аударайық. Расында ойлап отырсақ, тәрбие, ұқыптылық, мәдениет деген ұғымдар қарапайым кішкентай әрекеттерден басталады емес пе? Кейде жұмысбастылықты сылтауратып, үйдегі балаларды қадағаламай қалатын уақыттар болады. Сабағын оқыту, мінез-құлқын, әдеттерін бақылау былай тұрсын, балаларымыздың сыртқы келбеті назарымыздан тыс қалатыны өтірік емес. Жас кезімізде бізді ата-аналарымыз қатты бақылауына алып отыратын, күнделікті сабағымызды қадағалап отыратын.
Сырт көз сыншы, кейде көшеде, қоғамдық орындарда балалар мен жастардың, тіпті кейде үлкен адамдардың оғаш қылықтарын көріп қалғанда, «менің балам да өзгелерге осылай көріне ме, өзім де сондаймын ба?» - деген ойға қаласың. Мәселен, қоғамдық көлікте үлкен де, кіші де телефондарын бар дауысына қойып, видео көріп отырады немесе айқайлап телефон арқылы сөйлеседі. Одан қалса жап-жас қыздар қоғамдық орындарда, әсірece, тамақтанатын жерлерде шашын жайып жүреді. Тамақты төгіп-шашып, сылпылдатып ішу, қоқысты қалай болса солай лақтыра салу, түкіру, дөрекі сөйлеу секілді оғаш қылықтарды көргенде еріксіз қынжыласың. Айта берсек, күнделікті тіршілікте этикет, мәдениеттен жұрдай екенімізді мойындауға тура келеді.
– Құндылық дегеніміз не? Озық мәдениет,- деп нені айта аламыз. Оның сыннан өткен формуласы бар ма?
– Қазақ халқының ұрпақ тәрбиелеудегі ұстанымдары берік, тәжірибесі де мол. Ата-бабаларымыз баланы құрсақта жатқан кезінен тәрбиелеген. Оны медицинада жоққа шығармайды. Нәресте дүниеге келгеннен бастап, ересек адам болып қалыптасқанға дейінгі тұрмыстық тәрбиеге байланысты салт-дәстүрлеріміз де, ырым-тыйымдар да жетерлік. Қазақ ұлтының сәлемдесу әдебі, үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсетуі, қонақ күту, ас ішу әдебі, киім-кию, сөйлеу әдебінің өзі неге тұрарлық. Халқымыздың озық мәдениет үлгілері мен олардың тәрбиелік мәні – ұлттық мәдениетіміздің бастауы емес пе еді? Дала мектебі қалыптастырған әдет-ғұрып, салт-дәстүр, мәдениетті күнделікті тұрмыста қолданбасақ, оның еш құндылығы қалмайды. Бұрынғы үлкендер кішкентай баланы күнделікті бір уақытта ұйықтатындар, бір уақытта тамақтандырыңдар,- деп айтып отыратын. Түсте ұйықтайтын уақытынан асып бара жатса, келіндеріне баланы уақытында жатқызуға әдеттен, деп ескертетін. Сөйтсем, адам баласына жақсы әдетті қалыптастырып, дағдыландыру да үлкен жауапкершілік екен. Ал жасында әдеп үйренбеген кісіден өскен соң қайран жоқ. Ал бүгінде осындай қарапайым ғана дүниелерге жүрдім-бардым қарауымыздың салдарынан құндылықтарымызды жоғалтудың аз алдында тұрмыз. Дана халқымыз тәрбиесіз дағды қалыптаспайтынын ежелден-ақ білген. Бойымыздағы мінез-құлық пен іс-әрекетіміздін кейде қазақы әдеппен қабыспай қалып жатуы біздің құнарлы тамырымыздан қол үзіп бара жатқанымыздың кесірі болса керек.
– Адамның болашақта қандай болмағы, кім болмағы тәрбиеге, ортаға байланысты,- деп жатады. Әдептілік қалай қалыптасады?
– Әдептілік адаммен бірге өсіп жетіледі. Қазақта «Әдепті елдің баласы, алыстан сәлем береді» немесе «Сәлем сөздің анасы» деген сөз бар. Бұл тегіннен-тегін айтылмаған. Таңғы ұйқысынан оянған адам алдымен жақындарына қайырлы таң тілейді. Шаршағанда өзіңді түсінетін адаммен хабарлас деген сөз осыдан шыққан сияқты. Сол секілді ұқыпты жүру, сыпайы сөйлеу, ортада өзін ұстауды да бала ең алдымен отбасында үйренеді. «Бала айтқанды емес, көргенін істейді». «Адам баласының жетекшісі ақылы, талап, қорғаны – сабыр, жолдасы – кәсіп, қорғайтын қорғаушысы мінез, бәрін тәртіпке келтіретін – әдептілік» деген нақыл сөз бар.
«Әдеп» сөзі моральдық категория, қоғамдағы адамдардың мінез-құлқына қойылатын этикалық талаптар деген мағынаны білдіреді. Адамның сөйлеу мәнері, іс-қимылы, жүріс-тұрысы, өзін ұстай білуі оның мәдениетті, әдепті екендігін аңғартады. Әдептілік қасиеттің ең жарқын көрінісі – ол парасаттылық пен адамгершілік. Елімізге келген кез келген қонақ, турист алдымен адамдардың әдебіне назар аударады. Өйткені, өзіміз де шетелге шықсақ, сол жақтағы адамдардың әдебі мен мәдениетіне бірінші ден қоямыз. Еуропалықтар секілді дастархан басында қасықты немесе шанышқы, пышақты қай қолымызға ұстау керек екенін, басқа да этикетті білмей жатсақ, ұят болады. Бірақ қоғамдық орында тазалық сақтамасақ, өз жерімізге, қаламызға, көшемізге жанашырлықпен қарамасақ, өзімізді жабайы дала тағысындай ұстасақ, дөрекесі сөйлесек, міне, осындайда атымызға ұят келеді.
– Ұлттық құндылықтарымыз құлдырап бара жатқандығы туралы әңгіме қозғалып жатады. Осы тұрғыда не айтар едіңіз?
– Адамзатты игілікке бастайтын, ақыл-ойдың тамыршысы. Ұлы Абай: «Бас-басына би болған өңкей қиқым, мінеки, кетірді ғой елдің сиқын» десе, Асан қайғы бабамыз: «Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар» дейді. Сол Абай мен Асан қайғының немесе Мөңке бидің айтқан сөздері қазір айнымай келіп тұр. Бұған заман кінәлі емес, адам кінәлі. Өйткені адамның пиғылы өзгеріп, ойына не келсе, соны істеп жатыр. Кей адамдар өзіне жеңілін, өзгеге ауырын тілейді.
Халқымызда: «Көп білімді болсаң да, көптен білімді болма» деген тәмсіл бар. Мен көп білемін демеймін, бірақ жеті жасымнан бастап кітап пен газет-журналды жата-жастанып оқыдым, 80 жасқа бассам да әлі көп оқимын. Абай «Артық білім – кітапта» дейді. Көзің көріп, құлағың естіп тұрса, кітап оқығанға не жетсін. Ал бәзбіреулердің тура жолдан таюына барлықтың, байлықтың, бәсекелестіктің, даңғаза-мақтаншақтықтың, алды-артын ойламайтын көрсеқызарлықтың басты себеп болып отырғаны анық. Мұндай тоғышарлыққа көп болып тоқтам салудың жолын қарастыру қажет-ақ.
– Патриоттық дегеніміз не?
– Оның ауқымы кең. Мен үшін патриотизм – өз еліңді, мәдениетіңді, тіліңді құрметтеу. Қазақ тіліне деген құрмет – патриотизмнің көкесі. Бірақ ол өзге тілдерді менсінбеу деген сөз емес. Кез келген ұлттың мәдениеті мен тіліне құрметпен қарау – жалпы адами құндылық.
Патриотизм – санада жүре қалыптасатын күрделі ұғым. Бүгінде көпшілік алаңда тамағын жыртып айқайласа – сол патриот деп қаламыз. Ол енді түсінбеушілік. Патриоттық сезім – тек айқаймен, ұранмен қалыптаспайды, оның өз формасы бар. Айқайламаған адамды патриот емес екен, деп айтуға бола ма? Егер ол адам өз елін сүйсе, тарихын, әдебиет пен мәдениетін сүйсе, сонда ол патриот емес пе? Жалпы, патриот – адамның күнделіктегі өміріндегі таңдауынан, іс-әрекетінен, қоғамға қосқан үлесінен көрінеді.
Отан – мемлекет немесе үкімет емес. Отан – адамның кіндік қаны тамып, дүниеге келген, балалық шағы өткен топырағы. Егер отансүйгіштік деген тек еліміздің Әнұранының сөзін біліп, оны керемет орындау болса, оны да толыққанды дер емес едім. Демек, «сен патриот болуға тиіссің»- деп мың мәрте қайталағаннан оны өз бойыңнан – шынайылық пен қоғамға пайда келтіруіңмен көрсетуің керек. Айтпақшы, Түркия халқының патриоттығы күшті дамыған. Олардың отаншылдығы, деп Түркия туына құрметпен қарауы дер едім. Қызыл түске боялған туды ресми орындармен қатар, көшелерден, тұрғын үй қабырғаларынан, кеме-қайықтардан, тау шыңдарынан көруге болады. Бұл көріністен бүкіл түркі халқының ту астында жиналып, ту астында жан беретінін көруге болады. Бұл жерде мемлекет пен отбасылық институттардың да атқарар жүгі орасаң зор.
– Адамдардың өз еліне деген намыстылығын оятып, қалыптастыратын факторлардың бірі – өз елінің жетістігіне деген мақтаныш сезімі емес пе?
– Рас айтасыз, мақтанышты сол елде жасалған құндылықтардың, ғылыми жетістіктердің, мәдениеттегі қуанышты жәйттердің тізімі толықтырар еді. Бірақ мұндай сәттер күнде бола бермейді ғой. Бұған ел зиялылары белсене араласуы керек. Зиялылар қара басын қоя тұрып, ұлттық рухты ояту, қоғамға қозғау салу, ұлттық нигилизммен күресуді бастау керек. Ұлттың рухының күштілігіне ұлттың өзін сендіру. Сен ұлы ұлтсың! -дегенді санаға құю да намысты оятатын тетік. Өзінің ар-ожданы мен ақыл-парасатын ұлттың тағдырымен мөлшерлеп, деңгейлеп отырмаған адамда тұрақты тірек, ұстаным, пікір де болмайды. Өкініштісі, осындай жандар арамызда көбейіп барады. Дәл бүгін ұлттық рухтыояту, ұлттық намысты жану сияқты бір тұжырым керек болып тұр. Осыдан бірнеше жыл бұрын қолған алынған «Мәңгілік Ел» тұжырымдасы осы олқылықтың орнын толтыруы тиіс еді. Бірақ сол тәп-тәуір бағдарлама қозғаусыз ұмыт қалды. Біздің арамызда бастама көтергіштер мен бизнесмендерге осындай ұлтжандылық, бүгін өзінің, ертеңгі ұрпағының өмір сүретін қоғамының қамын жеп, қабағын қарс түйіп отыратын күні болар ма екен?! Кезінде Алаш қайраткері Міржақып Дулатов: «Мырзалар! Осы уақытқа дейін бізге халық қызмет етіп келді. Енді халыққа біздің қызмет ететін кезіміз келді» деген екен.
– Білімнің кілті неде?
– Ұлы ойшыл, ғұлама әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы деген» екен. Осыған қарағанда, білімнің өзегі – тәрбие екені анық. Яғни күллі адам баласына ортақ жақсы қасиет¬тер¬ді жас буынның толық бойына сіңірмей тұрып, берген білім қураған ағаш сияқты ешқашан жеміс бермейді.Абай айтқан «ақыл, қайрат, жүрегін» бірге ұстаған елден ерек толық адам болып өседі. Ұрпақ тәрбиесіне қатысты зерттеулер жасап, тәжірибелік істермен шұғылданған отандық және шетелдік ұстаз-психологтердің айтуына қарағанда, тәрбие берудің негізгі мәйегі – мейірім мен сүйіспеншілікте екені айтылады. Әсіресе, балалар үшін мейірім мен сүйіспеншіліктің орны зор. Махаббатқа бала әрқашан шөліркеп тұрады.
– Туыстарыңызбен қарым-қатынасыңыз қалай?
– «Қазақта су сүзілмейді, сүйек үзілмейді» деген сөз бар. Жөргекті бауырдан ұзап кеткен кезім жоқ. Туған халқымыздың өзге жұрттарға ұқсамайтын ұрпақтан-ұрпақка жалғасып келе жатқан түсінік-талғамы баршылық. Кейде осындай ерекшеліктері жайлы бөтен елдердің өкілдеріне түсіндіріп жеткізе алмайсың. Мысалы, біздің халқымызда «ат басын тірейтін» деген ұғым бар. Бұл тіркес: «Ауылыңда немесе еліңде жөн-жосық білетін, қарапайым жұртқа сөзін тыңдата алатын, жақсы мен жаманды бір көргеннен байқайтын адам бар ма?» деген мағынада айтылса керек. Жыл аралатып, кейде бірнеше рет туыстарға баруға тура келеді.
– Туған жер туралы бір көсіліп көрейікші...
– Бұл – бабамның иісі сіңген топырақ, кіндік қаным тамған жер – Сыр бойы. Арал жағасы! Алдамзатты аштықтан алып қалған қара су, қара теңіз...Оны ұмытуға бола ма?!
Кіндігімді кескен жұрт – Отан сөзінің бір баламасындай. Осы бір аяулы атаудың астарына үңілсеңіз, онда алып мағына жатыр Шыр етіп дүние есігін ашқанда алғаш жұтқан ауаң мен маңдайыңнан сүйген күннің шүғыласы сол ұлы ұғымнан бастау алатындай. Отан кіндік қаның тамған сол топыраққа табаның тиген сәттен бастап, ол кіндік жұртына айналады. Кесілген кіндік – Ел ананың құрсағынан шыққан соң, Жер-анаға байланатын алтын тамырың, өсіп-өрбудің, туған топырағыңда жерошақ жағып, түтін түтетін түпкі негізің.
Иә, адамды туған жерімен байланыстыратын киелі ұғымдар жетерлік. Бүтінде біз сол тәлімді түсініктерден ажырап бара жатқанымыз жасырын емес.
Әрине, тау мен таудың, жер мен жердің айырмасы жоқ. Сол баяғы бір аспан, сол тап-тастай көк өзен. Оны қасиетті, киелі етіп тұрған – бабаңның төгілген қаны, балаңның кесілген кіндігі. Құрсақты жарып шыққан шақалақтың кіндігі туған жерде кесілмей, өскенде өзге елге алаңдап отырса, «кіндік кескен жұрт» ұғымы да көмескі тартпайды ма?! Біз жат жерде жауқолынан шейіт боларын сезгенде бір саусағын кесіп беріп, ататын жер топырағына мен деп жерлеңдер»- деп аманат етіп кеткен кешегі көзсіз ерлердің ұрпағы емес пе едік?
«Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды.
Ұшқан құстай зымырап бара жатқан осынау алмағайып уақытта туған жер тағылымын қайыра, қайта еске салған, құндылығын құнттаған бұл бағдарламаға неге қуана үн қоспасқа?!
«О, туған жер, сен – анамсың, мен – балаң» деп қазақтың өлең-жырларында, қанатты сөздерінде тегін айтылмаған. «Отан оттан да ыстық»,«Отан үшін отқа түс», «Отаным – алтын бесігім» деген мақал-мәтелдерде де зор мағына бар.
«Отан» деген сөзді әр адам, әр халық, әр ұлт өзінше түсініп, мән беріп, өмірге, қоршаған ортаға, дүниеге деген көзқарастарын қорыта келе өз орнын анықтап, келешекке жол тартады. Мен үшін «Отан» деген сөздің мағынасы дүниедегі ең асыл да ардақты, қымбат та ыстық, ой түйсігінің шырқау шыңының ұшар басындағы қасиетті ұғым. Отан жоғарыда айтылған түсініктердің бәрімен бірге анамен теңелетіндіктен, ұғымымыз ұлғайып, ой-өрісіміз кеңейе түсетіндігі даусыз.
– Сіз жүрген жеріңізде адамдарға бағыт-бағдар беріп, көмектесіп жүретініңізді жақсы білеміз. Айналаңыздағы адамдармен әрдайым ынтымақты өмірді сүріп келесіз. Қоғамда кеңпейілділік, ынтымақтастық рухы биік болу үшін не істеу керек?
– Мен кішкентайымнан бауырларыма қарастым. Ойнауға шыққанның өзінде де біреуін арқалап шығып ойнайтынбыз. Ұйықтаса, үйге апарып тастайтынбыз. Ол кездегі балалардың балалық шағы бәрінде бірдей өтті ғой. Біз ата-анамызға жәрдемдесуге тырыстық. Ерте тұрып есіктің алдын сыпыратынбыз. Шелекпен су тасыдық, көмір тасыдық. Аспаннан салбырап түскен жоқпыз. Қазір де бір-бірімізге жақынбыз. Бірдеңеміз болса, бөліскіміз келіп тұрады.
Бізде жас отбасы болдық. Бір бөлмелі үйде тұрғанның өзінде бауырларым келіп тұратын. Үйім тар деп ешкімді кеудесінен итергенжоқпыз. Үйден адам үзілмейтін, пейіл тарылған жоқ. Ризықты Алла береді. Оны бөліп бергеннен, қонақ шақырғаннан, үйде адам жүргізіп, күткеннен, жәрдем бергеннен кедей боп қалса, мен кедей боп қалар едім. Мен көмектескен сайын Алла тағала маған еселеп берді. Әлі де солай. Мен мынаны берсем, кедей боп қаламын деген жоқпыз,ал бермегендер менен озып кеткен жоқ. Қалтамдағы соңғы теңгемді тастап кеткен кездерім де болды. Аллатағала маған адамдармен бөліскенім үшін берді. Аллатағала бізге дүниені де сынақ үшін береді. «Бергенді Құдай да жақсы көреді» деп қазақ бекерге айтпаған. Мына бір тәмсілді тілге тиек ете кетейін. Ибраһим пайғамбарымыз өте қонақжайболған екен. Үйіне қонақ келмей қалса, көшеге шығып, өтіп бара жатқан адамдарды алып келіп, тамақтандырып, әңгіме-дүкен құрып шығарып салады екен. Қазаннан қанша тамақ алынып жатса, сонша қайтадан толып тұра береді екен. Егер Аллатағала ризық-несібеңді молайтып беріп жатса, оның берекесі болады. Адам екі қасық тағамға да тойып қалады. Берекесі жоқ болса, бір қазан тамақты ішіп, қарны тоймауы мүмкін. Сондықтан бауырлардың, туыстардың арасында ет, тырнақ ажырамастай татулық болып жатса, сол бауырмалдықты сақтай білсе, олар барлық уақытта бақытты болады.
– Қайырымдылықты көп жасайсыз ба?
– «Сұраған адамның бір беті қара, бермеген адамның екі беті қара»- деген тәмсіл бар. Біреудің бір сабақ жібі ауысса, жібіне жіп жалғап беретін халықтың ұрпағы емеспіз бе, жалпы, садақа, қайырымдылық жасаудан қашқан кезім жоқ. Адам қайымдылық жасау арқылы жерде із қалдырады, онымен қаншама адам соқпақ кешеді, одан мыңдаған адам тәрбие алады. «Садақа беруді маған да нәсіп ет» деп бәріміз армандаймыз. Өз басым сондай бір жәрдем сұрап жатқандарға қолдан келгенше көмек беруге тырысамын.
– Кешірімшіл болу, кешірім сұрау – кісіліктің бір көрінісі. Жалпы, кешірімшілсіз бе?
– Жапон халқынан бір мысал айтайын. Жапондар абайсызда аяғын басып кеткен адамнан кешірім сұрайды. Ал бізде ше? Аяқты жаншып өту, арындап келіп иықтан қағып кету – күніне бірнеше мәрте тап болатын жағдай. Ондай кезде баж ете қалып, көзін аларта қарап, тіпті қатты-қатты «сөз шайқасы» ғана емес, жаға жыртысуға дейін барамыз. Осындай келеңсіз жағдай екі жақтың да өмірін қысқартуға алып келетінін білесіз бе? Өйткені, мұндай жағдай жүйкеге салмақ түсіріп, көңіл күйіңізді бұзады. Ашуға беріліп, бұлқан-талқан боласыз. Мамандар осының бәрі адам өмірін қысқартатынын мәлімдеп отыр. Жапондар осындай жағдайлардың орын алмауын ойлайды. Олар керісінше, мамыражай өмір шырқын бұзбай, әрдайым көңіл күйлерінің жоғары болғанын қалайды. Соған ұмтылады. Жылы қабақ танытып, жылыұшырай амандасып, бәйек болу арқылы өзіне де, айналасындағы адамдарға да жоғары көңіл күй мен өмір сыйлайды. Көрдіңіз бе, қарапайым ғана қағида.
Жапондар «Қартайдым, енді қоғамға да, ешкімге де керегім жоқ», деп сарыуайымға ешқашан салынбайды екен. Қашанда оптимистік көңіл күйде болуға тырысады. Мұндай адамдар қартайса да, олардан ауру-сырқау алшақ болады. Ауруға шалдыққан күннің өзінде, одан тезірек жазылатын көрінеді. Өйткені, оптимизм адам өмірін айтарлықтай ұзартатынын ғылыми-зерттеу нәтижелері көрсетіп отыр.
– Бәке, Сіз бітірген мектепті мен де бітірдім. Елде Сізді мақтан ететіндер көп. Бірнеше жыл жаныңызда қатар жүріп, тектінің ұрпағы екеніңізге көзім жеткендей болды. Сіздей азаматы бар қоғамның бақыты бар, ел-жұртыңызға ұстын болып жүре беріңіз!
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

09 ақпан 2026 ж. 35 0

"Жеке қабылдау" өтеді

09 ақпан 2026 ж. 46

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728