Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көкжәшікке күніге үңілеміз, бірақ неге жиі түңілеміз?

Көкжәшікке күніге үңілеміз, бірақ неге жиі түңілеміз?

Фото: ашық дереккөзден алынды
Қазақ «көргенің – көкейіңде, естігенің – есіңде» дейді. Демек, адам санасы күн сайын көріп, тыңдаған дүниемен қалыптасады. Ал бүгінгі көрермен теледидардан не көріп жүр? Таңертеңнен кешке дейін көкжәшікке телмірген жұрт ақпарат алады, көңіл сергітеді. Алайда сол ақпараттың, сол көңіл көтерудің көкейге қонары қанша?
Соңғы жылдары жұртшылық теледидардан теріс айналып, «айтары жоқ, айғайы көп» бағдарламалардан шаршағанын жасырмайды. Бұл көрерменнің талғамы төмендеді деген сөз бе, әлде эфирге ұсынылып отырған контенттің мазмұны жұтаңдап, мәні кемігені ме? Көптің көкейінде жүрген сұрақтарға біз де жауап іздеп көрдік.

Қайшылық: сапа мен сұраныс
Бүгінгі қазақстандық телеарналардың даму бағытына зер салсақ, көрермен талғамын өсіруден гөрі, бар сұранысты пайдалануға бейімделгенін байқаймыз. Рейтинг қуған арналар мазмұнның тереңдігіне емес, көрермен назарын тез аударатын тәсілдерге көбірек жүгінеді. Нәтижесінде сараптамалық, танымдық, ағартушылық бағдарламалар эфирдің шетіне ысырылып, олардың орнын жеңіл форматтағы ойын-сауық жобалар басып алды.
Бұл жағдай теледидардың бастапқы миссиясына – қоғамды ақпараттандыру мен тәрбиелеу міндетіне қайшы келетін үрдісті қалыптастырып отыр.
Қоғамда «рейтинг үшін бәріне баруға болады» деген түсінік қалыптасып кеткендей. Шоулар көбейген сайын, сапа емес, сан алға шықты. Әсіресе жастарға арналған контенттің дені дарақылықты дәріптеп, жеңіл табыс пен жалған даңқты насихаттауда.
Бұл бағдарламаларда отбасылық кикілжіңдер, жеке бастың трагедиясы көпшіліктің алдында талқыға салынады. Алайда түйінді тарқату мәдениеті емес, эмоциялық қысым мен айқай үстемдік етуде.
Сарапшы мамандардың сөзіне сенсек, мұндай жобаларда дауласу, бірін-бірі кінәлау қалыпты саналады. Тиісінше, көрермен санасына жанжал – мәселені шешудің негізгі тетігі деген қате түсінік сіңіреді. Алайда жасөспірімдер үшін мұндай көріністердің тәрбиелік салдары ауыр болуы мүмкін.

Қоғамдық пікір қандай?
Көрермендердің телемазмұнға деген көзқарасы соңғы жылдары біртіндеп өзгеріп келе жатыр. Қарапайым тұрғындар арасында жүргізілген сауалдардан көрініп тұрғандай, теледидардағы бағдарламалардың сапасына көңіл толмаушылық жиі айтылып жүр. Көптеген адамдар экрандағы ақпараттың көп болғанымен, оның тәрбиелік және танымдық мәнінің аз екенін жиі талқыға салуда.
Әйтеке би кентінің тұрғыны, ұстаз Әділет Қонысбай:
«Экранда шу көп, мазмұн аз. Балаларымыз соны көріп өсіп жатыр. Көретін бағдарламаңның бәрі айқай, дау-дамай, бір-бірін кемсіту. Бұл ертең қоғамға қалай әсер етеді деп ойланамын. Бала көзін, ойлау қабілетін дұрыс бағытта дамытпасақ, алдағы ұрпақтан не күтеміз?» – дейді ол.
Бейресми сауалнамаға қатысқан Айман Нағашыбек есімді ана да осы ойды қуаттайды.
«Теледидарды қосуға қорқамыз. Балаларға көрсетерлік, тәрбиелік бағдарлама аз. Көп көрсетілетін ұрыс-керіс, біреуді масқаралау, үрей тудыратын сюжеттер – бұл балаларға жағымсыз әсер етеді. Баланың психикасын қорғау үшін кейде экранды мүлде өшіруге тура келеді», – деп пікірін білдірді.
Ал Жақсыбек Кеулімжаев есімді зейнеткер:
«Бұрын теледидардан нақты тәрбиелік сабақ алатынбыз. Қазір керісінше, жүйке жұқартатын, адамды ренжітетін дүние көп. Ақпарат бар, бірақ парасат аз. Қазіргі бағдарлама көбіне ойсыз көңіл көтеруге бағытталған», – деп ой түйіндеді.
Мамандардың пікірінше, бұл тенденция қоғамдағы мәдениет деңгейіне, балалар мен жасөспірімдердің психологиялық дамуына, тіпті күнделікті өмірдегі адамдар арасындағы қарым-қатынасқа да әсер етуі мүмкін. Сондықтан мамандар көрермендерді бағдарламаларды таңдауда сақтық танытып, сапалы, тәрбиелік мәні бар контентке көбірек көңіл бөлуге шақырады.

Қазақша контент қажет-ақ
Несін жасырайық, бүгінгі қазақтілді телевизия кеңістігінде қазақы болмысты шынайы әрі табиғи түрде бейнелейтін контент қат. Көкжәшікті қоссаңыз, көзге түсетіні – атауы мен тілі ғана қазақша, бірақ мазмұны мен құрылымы шетелдік жобалардың нұсқасына ұқсайды. Мұндай дүниелер көрерменнің уақытын алғанымен, ұлттық сананы байытып, рухани сұранысты толық өтей алмай отыр.
.Қазақтың тарихы да, тұрмыс-тіршілігі де, қалалық пен ауылдық өмірдің сан қырлы шындығы да – тұтас бір тележобалар легіне азық боларлық бай материал. Алайда сол байлықты заман тілімен сөйлетіп, көрерменге қызықты формада ұсыну жағы кемшін түсіп жатыр. Соның салдарынан экранда қазақ көрермені өз өмірін емес, өзгенің бейнесін көруге мәжбүр.
Жас ұрпақ үшін телеарна – таным мен тәрбие көзі. Егер онда қазақы ойлау жүйесі, ұлттық құндылықтар мен төл мәдениет көрінбесе, оның орнын бөтен идеология мен шетелдік мәдениет басуы мүмкін. Қазақ көрермені жеңіл-желпі, мағынасы жоқ бағдарламалардан шаршаған. Ана тілінде сөйлейтін, қазақша ойлайтын, қазіргі қоғамның өзекті мәселелерін қозғайтын бағдарламалар ауадай қажет.

Шынайылық шоумен алмасқан
Бүгінде «шынайы өмір» ұғымы біртіндеп сценариймен өрілген шоу форматына сіңіп бара жатқанын жоққа шығару қиын. Адамның жеке тағдыры – контентке, ішкі күйзелісі – көрініске, ал жан айқайы көрермен санын арттыратын құралға айналғандай. Осы үдерісте құндылықтардың да мәні өзгеріп, бұрмалана бастады. Бұрын тек отбасы шеңберінде, сенім мен түсіністік аясында шешілуі тиіс мәселелер енді көпшіліктің көз алдында талқыланатын сахналық форматқа көшті.
«Qoslike», «1bolaiyq» сынды жобалар осы бағыттың айқын көрінісіне айналды. Бұл бағдарламаларға қатысқан адамдардың жеке өмірі көпке жария болып, олардың тағдыры жұртшылықтың бақылау нысанына ұқсап барады. Қоғам сол жандардың өмірін әлеуметтік желі арқылы жіті қадағалап, әр қадамына пікір білдіруге дайын. Экранда жасалған образ шынайы өмірдегі үлгі ретінде қабылданып, әсіресе жас буын ақиқатты осы жасанды формат арқылы тануға бейімделіп келеді.
Ең алаңдатарлығы, мұның барлығы қоғам тарапынан қалыпты жағдай ретінде мойындалып бара жатқаны. Осылайша шынайы мен жасандының арасындағы шекара көмескіленіп, өмір шоуға, ал шоу өмірге айналғандай. Ал анығында, шынайы өмір көптің талқысына түсуімен емес, керісінше, дабырадан тыс, тыныш әрі табиғи өрбуімен құнды емес пе еді?!

Эфир этикадан жұрдай
Қазіргі отандық эфир кеңістігінде сөз мәдениеті мен экран әдебінің әлсіреп бара жатыр. Бұрын қоғамдық талғам мен тәрбие құралы саналған телерадио мен онлайн платформаларда бүгінде дөрекі сөйлеу, кекесін мен өктемдікке толы пікір айту қалыпты құбылысқа айналғандай. Көп жағдайда жүргізушілер мен спикерлердің ой айту мәнерінен терең талдаудан гөрі эмоцияға берілген үстірт тұжырым басым.
Сонымен қатар эфирдегі сыртқы келбет пен киім киіс мәдениетінің сақталмауы да алаңдатарлық мәселе болып отыр. Экран эстетикасына сай келмейтін бейнелердің көбеюі эфирге деген жауапкершіліктің төмендегенін аңғартады. Қоғамдық маңызы зор ақпарат алаңында мұндай немқұрайлылық көрермен талғамына кері әсер етпей қоймайды.
Филолог маман Айгүл Сати де кейбір бағдарламаларда көтерілген тақырыптардың жан-жақты сараланбай, дайын шаблондар мен бірсарынды ойлар төңірегінде ғана өрбитініне қынжылады. Оның айтуынша, эфирге шыққан кей тұлғалардың кәсіби дайындығы мен зерттеуге негізделген ұстанымы сезілмейді. Бұл, өз кезегінде, бағдарламалардың мазмұндық сапасын төмендетіп, көрерменнің ой-өрісін кеңейтудің орнына таяз түсінік қалыптастырады.
– Шынын айту керек, көгілдір экрандағы кей бағдарламалар көңілден шықпайды. Дөрекі сөйлеу, сыртқы мәдениеттің сақталмауы және интеллектуалдық ізденістің аздығы жиі байқалады. Мұндай үрдіс қоғамға, әсіресе өскелең ұрпақтың рухани дамуына кері әсерін тигізеді. Теледидар – тәрбие құралы екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан эфирде айтылатын әр сөзге, көрсетілетін әр бейнеге жауапкершілікпен қарап, тіл тазалығын сақтап, әдеп пен эфир этикасына сай болуға ұмтылу аса маңызды, – дейді ол.

Таразыда – рух пен рейтинг
Елдік телеарна үшін рейтинг пен рух қатар жүруі тиіс, алайда көбіне олар таразыда теңесе бермейді. Қазір рухтан бұрын, рейтингтің маңызы жоғары болып тұр. Кейбір елдік арналар эфир саясатын қысқа мерзімді танымалдыққа бағындырып, мазмұннан гөрі әсерге, ойдан гөрі айғайға басымдық беріп отыр. Мұндай жағдайда ұлттық мүдде мен қоғамдық жауапкершілік екінші кезекке сырғып, телеарна рухани бағыт беруші күштен гөрі көңіл көтеру алаңына айналып кету қаупі бар.
Елдік телеарнаның басты миссиясы – халықтың талғамына ілесу емес, оны тәрбиелеу, биікке жетелеу. Көгілдір экраннан көрсетілер дүние рухани салмақ пен кәсіби тереңдікке негізделуі тиіс. Сапалы дүние бар жерде көрермен де ұзақ тұрақтайды, сенім де қалыптасады. Сондықтан рейтингке ғана тәуелді болу – уақытша ұтыс, ал рухқа сүйену – ұлт болашағына салынған инвестиция екенін ескерген жөн.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
10 ақпан 2026 ж. 25 0

Өнермен өрілген апта

10 ақпан 2026 ж. 23

"Жеке қабылдау" өтеді

09 ақпан 2026 ж. 60

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728