Қазақстандағы 6 ірі энергетикалық нысан жаңарады
Жобаның бастапқы құны 8 трлн теңгеден асады деп бағаланған.
Фото: Энергетика министрлігіЭнергетика министрлігі 2030 жылға дейінгі көмір генерациясын дамыту жөніндегі Ұлттық жоспардың жобасын таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, ҚР Үкіметі Энергетика министрлігі арқылы көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеп жатыр. Ұлттық жоспар елдегі энергия тапшылығын шешуге және ескірген стансаларды жаңартуға бағытталған.
– Ұлттық жоба саладағы барлық бағытты кешенді әрі жан-жақты дамытуға бағытталған. Бұл – инвестиция тартудан бастап, отын-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және кадрлық әлеуетті күшейтуге дейінгі теңдестірілген тәсіл. Мұндай жүйелі әдіс экономиканың мультипликативтік әсерін қамтамасыз етіп, елдің тұрақты дамуына үлес қосады, – деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенжанов.
Жоспарға 6 ірі энергетикалық нысанның құрылысы кіреді. Олар – Екібастұз МАЭС-3, Курчатов, Көкшетау, Семей, Өскемен және Жезқазған стансалары. Сонымен қатар, Екібастұз МАЭС-2 және Ақсу МАЭС сияқты жұмыс істеп тұрған стансаларды техникалық жаңғырту қарастырылған.
Жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторларды тендер арқылы таңдау механизмдері қолданылады. Ал қолданыстағы стансаларды жаңарту үшін министрлікпен инвестициялық келісімдер жасалады. Бұл шаралар жобаны іске асыру процесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, ұзақмерзімді келісімдер шеңберінде болжанатын тарифтерді сақтай отырып, инвестициялардың қайтарымдылығын қамтамасыз етеді.
– Жобада басты назар "таза көмір" негізіндегі нысандарға, заманауи технологияларды қолдануға аударылған. Біздің мақсат – моральдық және физикалық ескірген қуаттарды жоғары тиімділік коэффициентіне ие заманауи энергетикалық блоктармен кезең-кезеңімен алмастыру. Бұл экологиялық талаптар мен энергетикалық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді, – деді ведомство басшысы.
Жаңа қуаттарды тиімді енгізу үшін көмір өндіру және теміржол инфрақұрылымын дамыту жоспарларын үйлестіру қажет. Министрлік көмір өндірісін ұлғайту және теміржол желісіндегі өткізу қабілеті шектеулі учаскелерді жою мәселелерін талқылады.
Жобаның әлеуметтік бөлігінде персоналды қорғау шаралары мен "Отбасы банк" АҚ-пен бірлесіп арнайы тұрғын үй бағдарламаларын іске қосу қарастырылған. Ұсыныстар барлық мүдделі тараппен пысықталғаннан соң Ұлттық жобаны соңғы нұсқада бекітуге негіз болады.











