Өңір экономикасы: тұрақты өсім мен нәтижелі жұмыс
Қызылорда облысында өнеркәсіп, кәсіпкерлік, инвестиция тарту және сауда салаларын дамыту бағытында өткен жылы ауқымды әрі нәтижелі жұмыстар атқарылды. Экономиканың негізгі салалары бойынша қол жеткізілген өсім көрсеткіштері өңірдің даму әлеуетінің артып келе жатқанын айқын көрсетеді. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі 6,4 пайызға, сауда айналымы 7 пайызға, ал негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 10,6 пайызға өсті. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Тәуіпбаева Мөлдір мәлімдеді.-Өткен жылы облыста кәсіпкерліктің дамуы белсенді жалғасып, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 20,5 пайызға жетті. Облыста 65 мыңнан аса кәсіпкер жұмыс істейді, экономикалық белсенді тұрғындардың 32,9 пайызы еңбек етеді. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерліктің 2 929 жобасына қаржылай қолдау көрсетілді, оның ішінде субсидия және кепілдік алғандар бар. Одан бөлек, «Іскер аймақ» бағдарламасы арқылы шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде микро және шағын бизнесті дамыту, жергілікті шикізаттан өнім шығару қолдау табады. Сонымен қатар, облыс экономикасының 9,7 пайызын құрайтын сауда саласы 7 пайызға өсті, инвестициялар 2,3 есеге ұлғайды. Айта кету керек қалада төрт әмбебап базар жаңғыртылуда, оның ішінде «Сұлтан 2» базары толығымен дайын, «Сыбаға», «Талғат» және «Асбол» базарларының құрылысы басталды. Аймақта кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бағытында жүйеленген шараларды атқару жалғастырылады. 2026 жылы жеке кәсіпкерлікті қаржылай қолдау мақсатында субсидиялау, кепілдендіру, жеңілдікпен несиелер беру құралдарын жүзеге асыруға қарастырылды. Биыл 543 жобаны қаржылай қолдау жоспарлануда. Алдағы таңда өңдеу өнеркәсібінің өсімі 107 пайызға, сауда айналымы 107 пайызға, шағын және орта бизнестің үлесі 21,2 пайызға, оның ішінде орта бизнестің үлесі 5,3 пайызға жеткізіледі ,- деді Мөлдір Сұлтанбекқызы.














