"−35°C-қа дейінгі аяз": Қазақстанда ақпан айында ауа райы қандай болады
Фото: freepik.com“Қазгидромет” Қазақстан бойынша ақпан айына арналған ауа райы болжамын жариялады. Деректерге сүйенсек, бұл айда күн жылынып, қыс кетпейді. Керісінше, кей өңірлерде қар, көктайғақ пен −35 градусқа дейінгі аяз болжануда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Синоптиктердің мәліметінше, елдің басым бөлігінде орташа температура климаттық көрсеткіштерден 1–2 градусқа жоғары болады. Тек елдің оңтүстік-шығысында ауа райы осы маусымға тән қалыпты деңгейде сақталады.
Айдың басы мен ортасы ең суық кезең болмақ. Елдің батысын, солтүстігін, орталығын және шығысын суық ауа толқындары қамтиды. Түнде ауа температурасы −21, −30 градусқа дейін төмендейді. Ал шығыстың таулы аймақтарында одан да суық болуы мүмкін. Сонымен қатар, ауа температурасының күрт ауытқуы сақталып, аяз қысқа мерзімді жылынумен алмасып отырады.
Ақпанның алғашқы күндерінде батыс және солтүстік-батыс өңірлерде, соның ішінде Ақтөбе облысында, күрт суыту байқалады. Түнде −28 градусқа дейін, күндіз −23 градусқа дейін төмендейді. Онкүндіктің ортасына қарай аяз әлсіреп, күндізгі температура кей жерлерде нөлге жуықтайды.
Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде ауа райы тұрақсыз болады. Күндіз әлсіз аяз бен плюстік температурадан кейін қайтадан суық түсіп, түнде −28 градусқа дейін жетуі ықтимал.
Оңтүстік өңірлерде ақпан айы салыстырмалы түрде жұмсақ өтеді. Мұнда түнгі температура әлсіз аяздан +5 градусқа дейін құбылады. Ал күндіз ауа +8, +17 градусқа дейін жылынады. Түркістан облысында айдың алғашқы жартысында-ақ тұрақты плюстік температура орнауы мүмкін.
Ақпанның екінші жартысында біртіндеп жылыну басталады. Оңтүстік және оңтүстік-шығыста ауа температурасы шамамен 4 градусқа көтеріледі. Ал басқа өңірлерде орта есеппен 1 градусқа өседі.
Қар, жаңбыр мен көктайғақ
Елдің көп бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шегінде – 6 –27 миллиметр болады. Оңтүстік пен шығыстың таулы және тау бөктеріндегі аймақтарында жауын-шашын бірнеше есе көп түсуі мүмкін. Солтүстікте жауын-шашын негізінен қар түрінде жауса, оңтүстікте қар аралас жаңбыр күтіледі.
Елдің көп бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шегінде – 6 –27 миллиметр болады. Оңтүстік пен шығыстың таулы және тау бөктеріндегі аймақтарында жауын-шашын бірнеше есе көп түсуі мүмкін. Солтүстікте жауын-шашын негізінен қар түрінде жауса, оңтүстікте қар аралас жаңбыр күтіледі.
“Айына орта есеппен 10-12 күн қар мен жаңбыр жауады. Ал шөлді аймақтарда бұл көрсеткіш төмен болады. Түркістан облысында жауын-шашынның едәуір бөлігі аралас күйде түседі.
Ақпан айының соңына қарай солтүстікте қар жамылғысының қалыңдығы 15–35 сантиметрге, оңтүстікте 15 сантиметрге дейін жетеді. Таулы аймақтарда қардың қалыңдығы екі метрге дейін баруы мүмкін. Оңтүстік өңірлерде тұрақты қар жамылғысы айдың екінші жартысында-ақ ери бастайды”, – делінген хабарламада.
Жел және жолдардағы күрделі жағдай
Ел бойынша желдің орташа жылдамдығы секундына 7,5 метрге дейін жетеді. Алайда Каспий теңізі жағалауында, Мұғалжар таулары маңында және асуларда жел екпіні едәуір күшеюі мүмкін.
Синоптиктер боран, тұман және көктайғақ болатынын ескертеді. Жүргізушілерге сақ болу ұсынылады. Себебі ақпанда ауа райы жиі өзгеріп, жолдағы жағдайды күрделендіреді.










