Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Оразада не істеуге болады, не істеуге болмайды? 10 маңызды сұрақ

Оразада не істеуге болады, не істеуге болмайды? 10 маңызды сұрақ

Фото: pixabay.com
2026 жылы қасиетті Рамазан айының алғашқы күні 19 ақпанға сәйкес келеді.

Рамазан – мұсылмандар үшін рухани тазару, сабыр мен қайырымдылық айы. Алайда ораза ұстауға ниеттенген жандардың көкейінде түрлі сұрақтар туындайтыны заңды. Осы орайда оразаға қатысты жиі қойылатын сұрақтардың жауабын назарларыңызға ұсынамыз.
Оразаға түнде ниет етпеуге немесе үш күн кешігіп ұстауға бола ма?
Рамазан айы екенін біле тұра, түнде оразаға ниет етпей, таңды атырса, ол күнгі ораза дұрыс болмайды.
Әл-Һидаяда: «Рамазанның барлық күнінде оразаға ниет етпесе, оразасы дұрыс болмайды» деп айтылған. Егер осыдан кейін әдейі тамақ ішсе немесе төсек қатынасына түссе, оған кәффарат міндеттелмейді. Себебі оразаның дұрыс болуы үшін ниет шарт. Ниетсіз жасалған құлшылық жарамсыз саналады.
Сондықтан ниет етпей, күннің қалған бөлігінде ішіп-жеуден тыйылған адам ораза ұстаған болып есептелмейді.
Ол тек сол күннің қазасын өтеп, кәффаратын орындамайды. Себебі кәффарат оразаны әдейі бұзған кезінде ғана міндеттеледі. Ал бұл жағдайда оразаның өзі дұрыс болмай тұр. 
Арақ ішкен адам 40 күнге дейін ораза ұстай алмай ма?
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім арақ ішетін болса, оның қырық күндік намазы қабыл болмайды», – деген.
Тағы бір хадисте: «Кім арақ ішсе, оның қырық күндік намазы қабыл болмайды. Егер тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етеді. Одан кейін тағы да арақ ішсе, Алла оның қырық күн намазын қабыл етпейді. Егер тәубе етсе, Алла тәубесін қабыл етеді. Бұдан кейін тағы арақ ішсе, Алла оның тағы да қырық күндік намазын қабылдамайды. Бұл ісіне тәубе етсе, тәубесі қабыл етіледі. Ал төртінші рет тағы да арақ ішсе, Алла оның қырық күндік намазын қабыл етпейді. Егер тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етпей, оны «хабәл» (тозақтықтардың іріңінен жиналған) өзенінен сусындандырады» делінген.  
Муфтияттың айтуынша, ораза ұстаушы Рамазан айынан екі күн бұрын арақ ішіп, соңынан шынайы тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етеді. Оның оразасы арақ ішпей ораза тұтқан адамның оразасындай болады. Ал ораза ұстап жүріп арақ ішуді доғармаған адамның оразасы дұрыс болғанымен, сауабы болмайды әрі арақ ішкені үшін күнә арқалайды.
Оразада кальян, темекі шегуге бола ма?
Кальянға Рамазан айында ғана емес, жай күндері де тыйым салынған. Ал ораза кезінде мүлде болмайды. Себебі түтінді әдейі жұту оразаны бұзады. 
Темекі тарту немесе әдейі шылым шегіп тұрған адамның қасында тұрып, түтінін жұту да оразаны бұзады. 
Егер көшеде темекі тартқан адамның жанынан өтіп бара жатып еріксіз түтін жұтып қойсаңыз, бұл жағдайда оразаңыз бұзылмайды.
Рамазан айында жыныстық қатынасқа түсуге бола ма?
Таң атқаннан бастап күн батқанға дейін жеп-ішуге, жыныстық қатынасқа түсуге болмайды, оразасы бұзылады. Бірақ ауыз ашқаннан кейін некелі жандарға рұқсат етіледі.
Мастурбация жасау оразаны бұза ма?
Мастурбация, яғни қолмен ұрық шығару, оразаны бұзады, өйткені ол нәпсі құмарлықтың бір түрі.
Бұл істі ораза ұстаушы адам күндіз (ұйқылы-ояу халінде) жасайтын болса, оразаның бір күндік қазасын (қарызын) өтеу керек болады. 
Ораза кезінде жүніп болған кісінің оразасы бұзыла ма?
Жалпы, «жүніп болу» деген түсінік түсінде ер немесе әйел адамның жыныстық ләззатқа беріліп, жыныс мүшесінен сұйықтық бөлінуі жағдайын білдіреді. Мұндай кезде ғұсыл дәретін алу уәжіп, бірақ ораза бұзылмайды және оны өтеу қажет емес.
Ал егер адам күндіз фильм немесе басқа да көріністер арқылы нәпсісін қоздырып, соның салдарынан сұйықтық бөлінсе, онда сол күнгі оразасы бұзылады да, бір күн қаза өтейді.
Ал күндіз жеңіл-желпі сұйықтық бөлінсе, ол тек дәретті бұзады, оразаға әсер етпейді.
Оразаның мәкруһтері қандай?
Оразада сүйісу, тағамның дәмін татып көру, сағыз шайнау, мисуактан басқа щетка сияқты нәрселермен тістерін тазалау мәкруһ істерге жатады. Дегенмен ішке кетіп қалмауын қадағаласа, тіс щеткасымен тіс тазалауға рұқсат етіледі.
Сондай-ақ әйел адамның жас баласына тамақты шайнап беруі де мәкруһ. Алайда баланы тамақтандырудың басқа жолы болмаса, бұған рұқсат етіледі.
Тіс қанаса ораза бұзыла ма?
Тістен аққан қанның мөлшеріне мән беріледі. Егер көп мөлшерде қан ағып, оны байқамай жұтып қойса, оразасы бұзылады. Кейін сол күннің қазасын өтейді. Ал қан аз мөлшерде шыққан болса, ораза бұзылмайды. 
Қанның аз не көптігі түкірікпен салыстыру арқылы анықталады. Егер қан түкірікпен тең немесе одан көп болса, көп саналады. Ал түкірік басым болса, аз деп есептеледі.
ФГДС (шланг жұту) тексеруінен өту оразаны бұзады ма?
Жалпы алғанда шланг жұту оразаны бұзбайды. Өйткені, оразаны бұзу үшін шланг толығымен ішке кіруі тиіс. Ал, бұл жағдайда шлангтың бір бөлігі сыртта қалады. Дегенмен шланг арқылы асқазанға бір нәрсе түссе, ораза бұзылады.
Имам Ибн Абидин: «Егер адам ағаш немесе ұшына тамақ байланған жіп жұтса, оның бір ұшы сыртта қалып және заттан іште бір бөлігі қалмаса ораза бұзылмайды. Себебі ораза бұзылуының шарты – іште қалу», – деген.
Осыған орай шлангқа дәрі жағып, жұтқызатын болса, дәрінің кейбір бөліктері іште қалса, оразасы бұзылып, бір күн қазасын өтейді.
Ұшақта ауызашар уақыты қалай анықталады?
Көпшілік қолданатын намаз бен ораза кестелеріндегі ауызашар уақыты жер бетінде, жазық жерде жүрген адамдарға арналған. Себебі адам неғұрлым биікке көтерілген сайын, күннің бату мезгілі өзгереді.
Ғалымдардың айтуынша, шамамен 50 қабатты ғимараттың немесе таудың басында тұрған адам төмендегі жердің ауызашар уақытына қарап ауыз ашпауы керек. Өйткені ол адам үшін күн әлі батпаған болуы мүмкін.
Сол себепті ұшақта ұшып бара жатқан жолаушылар да күннің толық батқанын анықтағаннан кейін ғана ауыз ашады. Ал егер күннің батуын көру мүмкін болмаса, айнала толық қараңғылана бастаған сәттен бастап ауыз ашқаны дұрыс болады.
30 қаңтар 2026 ж. 140 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031