Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ресей қазақстандықтар үшін жаңа қатаң талаптар енгізіп жатыр

Ресей қазақстандықтар үшін жаңа қатаң талаптар енгізіп жатыр

Көрші ел шетелдіктер үшін елге кіру ережелерін әрі қарай қатаңдатуда.
Фото: canva
РФ қонақжайлық қағидатын кезекті мәрте қайта қарауға кірісті, деп жазады inbusiness.kz.
2026 жылғы 16 қаңтарда Мемдуманың барлық фракцияларынан құралған, Парламент спикері Вячеслав Володин бастаған 400-ден астам депутат "РФ-тағы шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы" заңға түзетулер топтамасын қарауға енгізген болатын.
Енді міне, заң жобасы бірауыздан дерлік қолдау тапты. Барлық фракциядан 477 депутат бірінші оқылымда дауыс берді. Мемлекеттік дума бұл заңды түпкілікті түрде жедел әрі басым тәртіппен қабылдауға белсеніп отыр.
Мұнда өмірге жолдама алатын, келімсектерді үлкен әуреге салатын жаңашылдықтың мәні ультиматумдай қарапайым. Барлық шетелдіктер үшін қатаң 1 айлық мерзім белгіленеді. Олар шекараны кесіп өткеннен бастап 30 күн ішінде АИТВ/ВИЧ-ке және есірткіге тест тапсыруға тиіс.
Яғни, дені сау, есі дұрыс және ресейлік жұртшылықтың бірде-бір өкіліне "пәлесін" жұқтырмайтынын, қауіп төндірмейтінін дәлелдеуге міндетті. Оның үстіне, бұл зертханада қанын бір алып, қоя салатын бірреттік шара емес, РФ-та ұзақ уақыт болған жағдайда, қазақстандықтан бұл тексерулерден жыл сайын қайта-қайта өтуі талап етіледі.
Осылайша, түзетулерге сәйкес, Қазақстан азаматтары жұмыс істеуге, оқуға немесе өзге мақсаттармен Ресейге 90 күннен артық мерзімге барса, Ресейге шекарадан автокөлікпен кірген немесе әуежайдан ұшып келген күннен бастап 1 айдан кешіктірмей, дұрысы – кірген алғашқы күндері ВИЧ-инфекциясының бар-жоғына және есірткі заттарын қолданбағанына қатысты медициналық куәландырудан өтуге тиіс. Кейін бұл рәсім жыл сайын қайталанып отырады, деп жазады "Коммерсантъ" газеті.
Кешігіп қалса, әлдеқалай жағдай болып, мүмкіндік таба алмаса, ұмытып кетсе, қиын болады. РФ әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексін жаңа 18.11-1-баппен толықтыру ұсынылып отыр. Оған сәйкес шетелдіктерге 25-50 мың рубль көлемінде айыппұл салынады. ҚР Ұлттық банкінің бағамымен бұл шамамен 350 мың теңге. Айыппұл төленбесе, елден әй-шәйға қаратпай, қуып шығады.
Сорақысы сол, ӘҚБтК-ге енгізілетін жаңа түзетулер медициналық тексеруден бас тартқаны немесе одан "жалтарғаны" үшін 50 мың рубльге дейін айыппұл салуды және елден шығаруды көздейді. Ресейде жалтару деген – нақты емес, шегі кең, икемді, жағдайға қарай созыла беретін түсінік.
Оның үстіне қазіргі Ресейде медициналық жүйенің ахуалы қандай екенін бәрі біледі. Медицина қызметкерлері тапшы, емханалар аптасына 2 күн жұмыс істейді, тіркеу бөліміне кезек таң сәріден – төртте басталады. Сондықтан қан тапсырып, нәтижесін алып үлгермедің бе? Бұл сенің проблемаң. Заң күтпейді. Мемлекет те сенің үлгерген-үлгермегеніңе бас қатырмайды – ол сенің не тәртіпке бағынғаныңды қалайды.
Қазіргі уақытта қолданыстағы ескі заңдар бойынша мұндай қатаң санкциялардың бірі жоқ. Оның үстіне, қазақстандықтарға берілетін уақыт 3 есе көп (3 ай), ең ауыр жаза – турист болып келіп, РФ-та жасырын жұмыс істеген жағдайда ғана қолданылатын ӘҚБтК-нің 18.10-бабы бойынша 5 мың рубль айыппұл.
Алайда ресейлік депутаттардың суық жүзіне, ызғарлы ісіне қарағанда, одақтасқа арналған "гуманизм дәуірі" аяқталып келеді. Ережелер қатаңдап, мерзім қысқарып, талаптар күшейіп барады.
Қазіргі кезде көрші елде медициналық анықтамаларды алу тәртібі Қазақстан азаматтары үшін жеңілдеу. Еуразиялық одақ елдерінің, соның ішінде Қазақстанның азаматтарына, сондай-ақ босқындарға – 90 күнге дейін уақыт қарастырылған. Тек еңбек мигранттарына және елге кіргеннен кейін болу мақсатын өзгерткен тұлғаларға – шекарадан өткен күннен бастап 30 күн беріледі.
Жаңа заң жобасы бұл айырмашылықтарды, категорияларға бөлуді түгел жояды. Барлығына – 30 күн. Кеңес заманындағы сияқты, барлығын теңестіріп отыр. ЕАЭО-ға кіретін одақтас елдің азаматысың ба, еңбек мигрантысың ба, босқынсың ба – бәріне бір ғана мерзім. Бәріне бірдей талап.
Оның үстіне медициналық анықтамалар енді қағаз пәпкілерде, әркімнің архивінде "шаң басып" жатпайды, барлығы цифрлық форматқа көшіріледі. Жаңа заңмен медициналық ұйымдар тест нәтижелерін 1 тәулік ішінде бірыңғай цифрлық реестрге жүктеуге міндеттеледі (оны Денсаулық сақтау министрлігі жүргізеді).
Бұл базаға ІІМ мен Роспотребнадзор қосылады – олар осы мәліметтер негізінде шетелдіктің тағдырын жылдам, тіпті лезде шешіп тастайды. Қауіпті ауру анықталса, ІІМ шетелдікті жедел түрде елден аластайды. Атын естісе әлем шошитын жұқпалы дертті Ресейде жүргенде, әлде тыс жұқтырды ма? Бәрібір жатжұрттық кінәлі.
Сонымен қатар, медициналық ұйымдардың тестілеу бойынша құқықтары мен міндеттерін үшінші тұлғаларға (аутсорсингке) беруіне тыйым салынады. Заң жобасына түсіндірме жазбада депутаттар осы арқылы медициналық анықтамалардың "сұр нарығымен" күресуді жоспарлап отырғанын нұсқап, дәйектеді.
РФ ӘҚБтК-іне жаңа 18.21-бапты енгізу ұсынылды. Ол лауазымды тұлғаларға 100-200 мың рубль, заңды тұлғаларға 1 млн рубльге дейін айыппұл салуды көздейді. Саладағы түйткілдердің түп-тамыры жалған анықтамада емес, бағалардың аспандауында, кезектің сатылуында, жүйенің сұранысты қанағаттандыра алмауында екенін айтар ауыз Мемдумада жоқ. Онда соғыс басталғалы "сылдырап өңкей келісім" режимі іске қосылған.
Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылдың 9 айында шетел азаматтары, негізінен Қазақстан, Өзбекстан және Қытай тұрғындары Ресейге 12,2 млн сапар жасапты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда сәл азайған. 2024 жылдың осы кезеңінде – 13 млн сапар болған. Мына шектеулерден кейін РФ-қа саяхаттаушылар саны тіптен сұйылуы ғажап емес. Бірақ әзірге ағылып жатыр. Оларға әрі қарай шектеу көбейіп, сүзгі күшейе береді.
Өткен жылдан бері Ресей билігі шетелдіктердің елде болу талаптарын бірнеше рет қатаңдатқанын "Коммерсантъ" еске салды:
2025 жылғы қаңтардан бастап визасыз елдерден, соның ішінде Қазақстаннан келген азаматтарға Ресейде жылына жиынтық түрде небәрі 90 күн болуға рұқсат етіледі (бұрынғыдай жарты жыл емес).
2025 жылғы ақпанда "Бақыланатын тұлғалар реестрі – Реестр контролируемых лиц" іске қосылды. Ол қатайтылған заңды абайсыз не қасақана бұзушыларға арналған цифрлық "қара тізімге" айналды, оған кіріп кеткендердің банк шоттары, сим-карталары бұғатталады және әрі қарай елден қуылады. Тапқан табысы Ресейде қалады.
2025 жылғы маусымнан бастап визасыз елдердің, оның ішінде Қазақстанның азаматтары смартфонына ресейлік "Госуслуги RuID" мобильді қосымшасын орнатып, шекараны кесіп өткенге дейін 3 күн (72 сағат) бұрын онда дауысының үлгісін (образец голоса) және фотосуретін тапсыруға тиіс. Сонда егер қылмыс, лаңкестік оқиға бола қалса, құзырлы органдар содырлардың телефонмен сөйлесулерін осы дауыс үлгілерімен салыстыра алады.
2025 жылғы қыркүйектен бастап Мәскеу және Мәскеу облысында тұрғылықты қалатын мигранттардың орналасқан жері, әр басқан ізі "Амина" мобильді қосымшасы арқылы нақты уақыт режимінде бақыланады. Жүріс-тұрысын жасыру үшін шетелдік еңбек мигранты геолокацияны өшіріп қойса немесе телефонын үшінші тұлғаға берсе, оған аталған реестрге енгізілу және елден қуылу қаупі төнеді.
28 қарашадан бастап мигранттардың медициналық полис алу және емханаларда емделу шарттары өзгертілді. Енді Ресейде тегін медициналық көмек ала алуы үшін қазақстандықтар РФ аумағында кемінде 5 жыл заңды түрде жұмыс істеуі шарт.
2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Ресей мигранттардан биометриялық деректерін жинай бастады. Барлық қазақстандықтар әуежайларда және шекаралық өткізу пунктінде саусақ іздерін тапсыруға міндетті. Бұл – шетелдіктердің кіру және шығу тәртібін сынақтан өткізудің бір бағыты, – деп хабарлайды Мемдума сайты.
Мемлекеттік дума төрағасы Вячеслав Володин бұл саладағы "жетістіктерін" жариялады. 2025 жылдың үшінші тоқсанында 19 мың шетелдік әлгі талаптарды бұзғаны үшін елден аласталған, тағы 1,3 мың шетелдік жаңа ғана алған РФ азаматтығынан айрылды.
Айта кету керек, РФ Қылмыстық кодексіне де өзгерістер ұсынылып отыр. Қауіпті аурулардың жоқтығы туралы жалған ресми құжаттарды қолдан жасау және тарату үшін жауапкершілік күшейтіледі. Егер мұндай әрекеттер жаппай жұқтыруға әкелсе, бұл 4 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына соқтыруы мүмкін.
Дегенмен мигранттарға көмек көрсету орталығының басшысы Вадим Коженов бірлі-жарым қылмыстар тіркелгенімен, елді жаппай жайлаған "жалған анықтамалар" нарығы жоқтың қасы екеніне сенімді. Бұл сала – күш құрылымдарының қырағы назарында.
Негізгі проблема – анықтамалардың мемлекет бекіткен тарифтерінің шектен тыс қымбаттығы және тым ұзын кезектер кесірінен анықтама алу мүмкіндігінің шектелуі.
Вадим Коженовтің мәліметінше, өңірлерде мигранттарды тексерумен көбіне бір-екі ғана уәкілетті ұйым айналысады, оларда "жаппай жалған анықтама сату тәжірибесі жоқ". Мәселе, сарапшының пікірінше, бағалардың тым жоғарылығында, 15 мың рубльге (шамамен 105 мың теңгеге) дейін жетуінде.
Соған қарамастан Коженов депутаттардың анықтама алуға 30 күндік қысқа мерзім енгізуін қолдайды. Тек бұл талап орындалуы үшін медұйымдардың жұмысын кезексіз, жүйелі түрде ұйымдастырудың маңызын қаперге салды. РФ бюджеті рекордтық тапшылыққа тап болған заманда бұл жайтты ешкім де ескермейтіні сөзсіз.
"Кейбір қалаларда клиникалар аптасына бір-екі күн ғана жұмыс істейді. Содан кезектер сыртқа дейін шығып кетеді. Осыны пайдаланып, тіпті делдалдардың кезектегі орындарды сату фактілері де кездесті", – дейді ресейлік сарапшы.
Нәтижесінде, солтүстік көрші қонақ күтудің жаңа форматын енгізгелі тұр. Еуразиялық одақ болса үнсіз. Ол азаматтардың еркін қозғалысын қарастыратын қағидаға негізделіп құрылып еді.
Мемдума басшысы Володин бұл заң жобасын "ТМД істері, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыстар жөніндегі комитетке жолданғанын" қосты.
27 қаңтар 2026 ж. 121 0

Жасөспірім және заң

27 қаңтар 2026 ж. 118

Ерлікке толы ғұмыр

27 қаңтар 2026 ж. 122

Халыққа қолайлы қызмет

27 қаңтар 2026 ж. 124

Рухты жастың темірқазығы

27 қаңтар 2026 ж. 114

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031