Отқа оранған тән: кремация бізге керек пе?
Алты жыл бұрын еліміздің оңтүстік астанасы Алматыда крематорий салынатыны туралы хабар қоғам арасында қызу талқы тудырғаны көптің жадында. Ақпарат кеңістігінде бұл жаңалық пайда болған сәттен бастап жұртшылық түрлі көзқарасын білдіріп, пікірталас өрбіді. Бүгінде аталған мәйіт өртеу орны өз жұмысын бастап та үлгерді. Алайда бұл мәселе төңірегіндегі қоғамдық пікір әлі де бір арнаға түскен жоқ. Бірі крематорийді заманауи қажеттілік деп қабылдаса, енді бірі мұндай үрдіс ұлттық болмыс пен дәстүрге жат екенін алға тартады. Ендеше, қоғамда сан түрлі көзқарас туғызған осы өзекті тақырыпқа тереңірек үңіліп көрейік.Бағзы заманнан бастау алған
Тақырыптың мәніне терең үңілмес бұрын, алдымен бұл ұғымның қайдан және қалай пайда болғанына, сондай-ақ оның мәдени маңызына тоқталған жөн.
Кремация – адамның қайтыс болғаннан кейін денесін арнайы пеште өртеп, күлін жерлеу немесе белгілі бір тәртіппен сақтау арқылы жүзеге асатын жерлеу рәсімі. Бұл – адамзат тарихындағы ең көне жерлеу дәстүрлерінің бірі. Археологиялық деректер кремацияның алғашқы белгілері тас дәуірінде-ақ пайда болғанын, ал қола дәуірінде Еуропа мен Азия кеңістігінде кеңінен таралғанын көрсетеді.
Ежелгі Грекия мен Римде кремация батырлар мен қоғамда ерекше мәртебеге ие тұлғаларға көрсетілетін құрметтің белгісі саналды. Сол кезеңдерде от киелі күш ретінде қабылданып, адамның жанын тазартып, рухты материалдық әлемнен азат етеді деген түсінік қалыптасты. Ал Үндістанда кремация діни наным-сеніммен тығыз байланысып, мыңдаған жылдар бойы үздіксіз жалғасып келе жатқан дәстүрге айналды.
Кремация арнайы крематорийлерде жүргізіледі, мұнда адам денесі шамамен 850–1000 градус температурада өртеледі. Процестен кейін қалған күл арнайы ыдысқа салынып, жерге көмілуі, колумбарийге орналастырылуы немесе отбасының қалауына қарай сақталуы мүмкін. Кейбір елдерде марқұмның күлін табиғат аясында шашуға да заң жүзінде рұқсат етілген. Қазіргі қоғамда кремация тек техникалық рәсім ғана емес, адамның дүниетанымы мен өмірге көзқарасын білдіретін әлеуметтік-мәдени құбылыс ретінде қарастырылады.
Бүгінгі таңда кремация әлемнің көптеген елдерінде кең таралған. Азия мемлекеттерінің ішінде Үндістанда бұл рәсім индуизм дінінің негізгі талаптарының бірі болып саналады, өйткені аталған дінде жанның қайта тууына сенім бар. Жапонияда халықтың басым бөлігі кремацияны таңдайды, бұл буддистік дүниетаныммен қатар, жер тапшылығымен де байланысты.
Еуропада, әсіресе Ұлыбритания, Германия, Швеция және Чехия секілді елдерде кремация ХХ ғасырдан бастап кең қолданысқа ене бастады. Мұндай үрдіске урбанизация, санитарлық талаптардың күшеюі және экологиялық сананың артуы ықпал етті. Сол сияқты Америка Құрама Штаттары мен Канадада да соңғы онжылдықтарда кремация дәстүрлі жерлеу тәсілінен басым түсе бастады.
Дәстүр аясындағы дау-дамай
Дәстүр мен заң арасындағы өзара байланыс әрқашан қоғамда қызығушылық тудырып келеді. Қазақстанда ұзақ жылдар бойы кремация іс жүзінде қолданылмай, мәйітті жерлеу – жалғыз дәстүрлі жол ретінде қалыптасқан еді. Алайда соңғы жылдары жерлеу қызметін реттейтін нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізіліп, кремация ресми түрде заңдастырылды. Ірі қалаларда, әсіресе Алматыда крематорийдің ашылуы бұл норманы қағаздан нақты өмірге айналдырды. Сол сәттен бастап қоғамда қызу пікірталас туындады.
Қазақстан халқының басым бөлігі өзін мұсылманмын деп санайды. Ислам дінінде мәйітті өртеу рұқсат етілмейді. Адам денесі – аманат, оны жерлеу – парыз. Сол себепті кремацияның заңдастырылуы кей азаматтар үшін дінге қарсы әрекет сияқты қабылданды. Әлеуметтік желілерде, мешіт маңындағы пікірлерде және тұрмыстық әңгімелерде «мемлекет халықты өз дәстүрінен алыстатып жатыр ма?» деген алаңдаушылық жиі айтылды. Мұнда кремацияны міндеттеу мәселесі болмағанымен, оны ресми балама ретінде ұсыну да діни тұрғыдан қабылдауға қиын болды.
Сонымен қатар ақпараттың жеткіліксіздігі де пікірталастың ушығуына себеп болды. Кремацияның кімдер үшін, қандай жағдайда, қандай талаппен жүзеге асатыны, оның ерікті таңдау екендігі туралы түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілмеді. Нәтижесінде қоғамда түрлі қауесет, күдік пен қорқыныш пайда болды. Кейбіреулер болашақта жерлеуге тыйым салынып, бәрі кремациялануы мүмкін деп қауіптенсе, енді біреулер оны «адамға қарсы іс-әрекет» немесе «рухани құндылықтарды жою» ретінде қабылдауда.
– Шыны керек, адамның мәйітін отқа орау, оны өртеу – біздің салтымыз бен санамызға сыймайтын дүние деп есептеймін. Үкімет жер тапшылығы және өзге де себептерді сылтау қылғанымен бұл біздің өмірлік қағидаларымызға қайшы нәрсе. Әрине, бұл мәселеге қатысты нақты шешімдер әлдеқашан қабылданып қойған. Бірақ біз дініміз үкім еткен дүниелерге қарсы шықпауымыз керек. Бабаларымыз бағзы заманнан-ақ адам мүрдесін жер ананың құшағына табыстаған. "Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең" деген Абай даналығының өзі сөзімді растайды, – дейді Нартай Есімбек есімді азамат.
Ал Айымжан Несіпбек есімді ару бұл мәселеде бір жақты пікір ұстанбаған дұрыс дейді.
– Білсеңіздер, бабаларымыз бұрынғы заманда жұқпалы аурумен ауырған адамдарды жер қойнауына тапсырмай, өртеген. Себебі қара жерге көмілген тәнді кеміргіштер мүжіп, ауруды қайта тірілтіп, елге жайып жіберуі мүмкін деп қауіптенген. Бүгінде адам қандай кеселмен дүниеден өтсе де, бәрін бірдей жерге тапсырамыз. Ал жер қойнауындағы шіріген тән табиғатқа салмақ салмай ма? Бұл да ойланатын нәрсе. Кремацияны күнә деп біржақты терістемейік. Меніңше, мәйітті өртеуді санитарлық тазалық деп қарау қажет. Кейде қабірді кеміргіштер қазып, адам сүйегін сыртқа шығарып тастағанын көріп жүрміз ғой. Бұл тіріге де, өліге де сын. Сондықтан кремацияның біздің қоғамға керек екенін жоққа шығармаған жөн, – дейді ол.
Дін не дейді?
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ресми мәлімдемесіне сәйкес, Ислам шариғатында адам мәйітін кремациялау, яғни өртеу – қатаң тыйым салынған. Себебі бұл әрекет адамның қадір-қасиетіне қайшы келеді.
Құранда Алла Тағала адам баласын ерекше ардақтап жаратқанын былай баяндайды: «Расында, Біз Адам ұрпақтарын ардақтадық, оларды құрлықта да, теңізде де алып жүрдік, игі ризықтармен қамтамасыз еттік және жаратқандарымыздың көбінен оларды артық еттік».
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тірі жанды ғана емес, жалпы жаратылысты да отпен жазалауға болмайтынын ескерткен. Бір хадисте: «Өлі адамның сүйегін сындыру – тірі адамның сүйегін сындырғанмен бірдей» деп айтылған. Бұл хадис адамның тірі кезінде де, дүниеден өткен соң да құрметке лайық екенін көрсетеді.
Ислам ғұламаларының пікірінше, адам қайтыс болғаннан кейін оны жерлеу – міндетті рәсім. Мәйітті өртеу – оны қорлау әрі азаптау болып есептеледі. Алла елшісі қабірді баспауға да тыйым салған, бұл марқұмға деген құрметтің көрінісі болып табылады.
Құран Кәрімде адамды жерлеу дәстүрі Қабыл мен Әбілдің оқиғасы арқылы мысал етіледі. Демек, шариғат бойынша адам дүниеден өткен соң оның денесі жерге қойылуы тиіс. Кремация жасау – Ислам дініне мүлде жат іс.
Кремацияның тиімді тұсы
Қазіргі заманда кремация көптеген елдерде жерлеудің баламасы ретінде қарастырылады. Сарапшылардың пікірінше, бұл рәсімнің бірнеше айтарлықтай артықшылықтары бар.
Біріншіден, кремация санитарлық тұрғыдан тиімді. Мысалы, ауруханалардан шыққан биологиялық қалдықтар арнайы зираттарға жерленеді, бірақ олардың қай отадан немесе қандай аурудан шыққаны белгісіз. Сол себепті, оларды өртеу – қауіпсіз әрі ыңғайлы әдіс болып саналады.
Екіншіден, кремация туысы жоқ адамдар үшін маңызды мүмкіндік береді. Кейде олардың жерлеу рәсімін ұйымдастыру қиынға соғуы мүмкін. Сол сияқты, үй жануарларын жерлеу мәселесі де жиі туындайды, ал арнайы жерге жерлеу әрдайым мүмкін емес. Мұндай жағдайда кремация тиімді әрі қолайлы шешім болып табылады.
Осылайша, кремация тек санитарлық талаптарға сай келіп қана қоймай, қоғамдағы әртүрлі қиындықтарды да шешуге көмектеседі. Сарапшылардың ойынша, бұл әдіс адамға да, қоршаған ортаға да белгілі бір жеңілдік әкеледі.
Қызметке жүгінетіндер жоқтың қасы
Ресми деректерге қарағанда, қазақстандықтар бұрын көбіне Ресейдегі крематорийлерді пайдаланған. Кейбір бюролар марқұмды рәсімдеуден бастап, көрші елге жеткізуге дейінгі барлық қызметті ақылы түрде ұсынған. Енді бұл қызметтер елімізде де қолжетімді болып, кейбір азаматтар үшін рәсімді жеңілдетеді. Бірақ әзірге мұндай қызметке сұраныстың қаншалықты артып, артпайтыны белгісіз.
Мамандар атап өткендей, Қазақстанда кремацияға жүгінетіндер саны өте аз. Бұл еліміздегі діндік дәстүрлермен байланысты. Еліміздегі азаматтардың басым бөлігі ислам мен христиан дінін ұстанады. Ал бұл сенімдер бойынша қайтыс болған адам денесін жерлеу қажет. Сол себепті, кремацияны таңдаушылар саны шектеулі.
Дегенмен, мұндай рәсімді қалайтын азаматтар бар екені де рас. Бірақ олар дәстүрлі жерлеуді таңдайтындарға қарағанда әлдеқайда аз. Мысалы, арнайы сауалнамаға қатысқан Нұрбек Жансейіт бұл ғұрып біздің мәдениетке жат екенін айтып, өз өмірлік көзқарасын білдірген. Ол кремацияны пайдаланбайтынын, көпшіліктің те оны қолдамайтынын қадап айтты.
Несін жасырайық, мемлекет кейбір мәселелерді ескере отырып, кремация орталықтарын ашқанымен, халық оны жаппай қолданады деп айтуға әлі ерте. Себебі халықтың дәстүрлі ғұрыпқа , әсіресе жерлеу рәсімдеріне деген берік сенімі әлі сақталған.
Тобықтай түйін: Бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілген бұл тақырып бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазір ресми бұйрық шықты, арнайы орын өз жұмысын бастап та үлгерді. Дегенмен, бұл мәселе төңірегіндегі пікірлер әлі де әрқилы болып қала бермек. Әйтсе де, бұл ғұрыпты таңдау не таңдамау халық таразысында екенін ұмытпағанымыз абзал.
Дайындаған А. ЖҮСІПОВА














