Азаматтардың дербес деректері барынша қорғалуы керек – Тоқаев
Фото: АқордаМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратурада өткен жиында елімізде жүзеге асып жатқан ауқымды өзгерістерге тоқталып, алда Конституциялық реформаны тереңдету және мүлде жаңа саяси жүйеге қадам басу міндеті тұрғанын атап өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Президенттің айтуынша, жаңа дәуір талаптарына сай барлық салада цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу – стратегиялық маңызға ие.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау жүйесіндегі цифрландыру үдерісінің бірізді еместігіне назар аударды.
Құқық қорғау жүйесін цифрландыру үдерісі біркелкі емес, яғни әр жерде әрқалай. Әр мекеме цифрлық жүйесін өз бетімен дамытуда. Бұл шаруа жүйесіз жүргізіліп жатыр. Біртұтас жүйе жоқ, – деді мемлекет басшысы.
Президент кейбір органдар цифрлық тәсілдерді тиімді қолданса, енді біреулері нақты амал-тәсіл таба алмай, қыруар қаржы жұмсап жатқанын сынға алды.
Кейбірі дұрыс амал-тәсіл таба алмай, қыруар қаржы жұмсап жүр. Бұл, басқа сөзбен айтқанда, нағыз жымқыру. Сондықтан қаражатты орынсыз жұмсап, жаңа дүние жасаудың қажеті жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент осыған байланысты Үкіметке қолданыстағы барлық цифрлық шешімдерді саралап, олардың тиімділігін арттыруды тапсырды. Сондай-ақ күштік құрылымдарға арналған құрылымы түсінікті, технологиялық стандарттары біркелкі бірыңғай цифрлық экожүйе құру қажет екенін айтты.
Жиында азаматтардың дербес деректерін қорғау мәселесі де көтерілді. Мемлекет басшысы ақпараттық кеңістікте жеке деректердің жария болып кету фактілері жиілегенін атап өтті.
Ақпараттық кеңістікте азаматтардың дербес деректері жарияланып кеткені туралы хабар жиі шығып жатады. Дербес деректерді барынша қорғау үшін бұл жұмыспен жүйелі түрде айналысу керек, – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев киберқылмысқа қарсы күрес тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажет екенін де баса айтты.
Әлемде киберқылмыс өршіп барады. Жыл сайын мыңдаған азаматымыз соның құрбаны болып жатыр. Қазір интернеттегі алаяқтық қылмыстардың бестен бірі ғана ашылады. Бұл – өте төмен көрсеткіш, – деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, цифрлық қатерге қарсы тұру үшін құқық қорғау органдары әрдайым бір қадам алда болуы тиіс.
Киберқылмыспен күрес тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажет. Озық ойлап, артта қалмаудың амалын табу керек, – деді ол.
Жиында көші-қон үдерістерін жаппай цифрландыру мәселесі де өзекті тақырып ретінде көтерілді. Мемлекет басшысы бұл бағытта ілгерілеу баяу екенін сынға алды.
Көші-қон үдерістерін жаппай цифрландыру керек. Бұл – өте өзекті мәселе. Баяғыдан бері талқылап жатырмыз, бірақ оң нәтиже аз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазіргі жаһандық ахуалды ескере отырып, Қазақстанның шетел азаматтары үшін транзиттік әрі тұрақты мекен ретінде тартымды екенін айтты.
Елге келген шетел азаматтарын уақтылы есепке алып, олардың жүріс-тұрысын бақылайтын техникалық құралдарды жетілдіру – аса маңызды міндет, – деді мемлекет басшысы.
Осыған байланысты Үкіметке Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, аталған жұмысты жеделдету тапсырылды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық кеңістіктегі деструктивті контент пен жасанды интеллектіні заңсыз мақсатта пайдалануға жол беруге болмайтынын ескертті.
Қоғамды жікке бөліп, азаматтарды бір-біріне қарсы қоятын деструктивті ақпарат таратуға бейіл адамдар бар. Жасанды интеллектіні ақпараттық қаруға айналдырып, заңға қайшы контент тарату әрекеттері күшеюі мүмкін. Бұған жол беруге болмайды, – деді президент.
Мемлекет басшысы мұндай әрекеттерге құқықтық баға беріп, жауапкершілікке тарту қажеттігін, сондай-ақ азаматтарға деструктивті контент таратудың құқықтық салдары үнемі түсіндіріліп отыруы тиіс екенін атап өтті.













