Қазақстанда «ЖИ имамы» пайда болады
ЖИ иллюстрациясы Имамдарға көмек, жамағатқа жауап беретін жоба іске қосылмақ. SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда діни сұрақтарға жедел жауап беруге арналған жаңа цифрлық сервис — Imam AI әзірленіп жатыр.
Жоба исламның беделді дереккөздері мен шариғаттың қатаң қағидаттарына сүйене отырып жұмыс істейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, бұл бастама діни қызметті заманауи цифрлық форматқа бейімдеуге бағытталған. Жаңа сервис сенушілер үшін «жедел анықтамалық» үлгісінде қызмет көрсетеді. Жобаның іске қосылатынын Қазақстанның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді. Оның айтуынша, Imam AI ислам мәселелері бойынша нақты әрі тексерілген ақпаратты жылдам ұсынуға мүмкіндік береді. Цифрлық көмекші Құран, хадис және шариғат нормаларына негізделген дереккөздер арқылы жұмыс істейді. Нәтижесінде діндар қауым күнделікті туындайтын сұрақтарға қысқа уақытта жауап ала алады. Бұл өз кезегінде имамдарға түсетін жүктемені азайтып, халықтың сенімді діни ақпаратқа қолжетімділігін кеңейтпек. ҚМДБ атап өткендей, жобаны енгізу кезінде дәстүрлі рухани құндылықтардан ауытқу болмайды. Imam AI нақты уақыт режимінде жұмыс істеп, діни мәселелер бойынша қосымша кеңес беру құралы ретінде қолданылмақ.











