Миллиардтаған адамның денсаулығына төнген жаңа қауіп аталды
Фото: depositphotos.comДүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, ересектердің үштен бірі жеткілікті түрде белсенді емес. Бұл әлем бойынша шамамен 1,8 миллиард адам. Фитнес-бапкер әрі хореограф Сергей Побегалов гиподинамияның, қимыл-қозғалыс тапшылығының денсаулыққа төндіретін қатерін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz lenta.ru-ға сілтеме жасап.
"Гиподинамия баяғыдай "спортпен айналыспау" ғана емес. Бұл - жүйелі қауіп: ағза жеткілікті қимыл-қозғалыс алмаса, қан тамырлары, зат алмасу, иммунитет зардап шегеді. Ерте ме, кеш пе ағза "ақысын" сұрайды - қан қысымының және қандағы қант деңгейінің көтерілуі, қабынулар, жүрек-қантамыр және онкологиялық аурулардың қаупінің артуы арқылы", - деп ескертті Побегалов.
Оның айтуынша, дәрігерлер қозғалыстың аз болуы да созылмалы аурулардың көбеюіне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі ретінде әлдеқашан қарастырып келеді. Бұл жүректің ишемиялық ауруынан және 2-типті қант диабетінен бастап, қатерлі ісіктің кейбір түрлері мен деменцияға дейінгі тәуекелді арттыруы мүмкін.
Побегалов бір аптада бір рет қана спортзалға бару өзін "белсенді адаммын" деуге жеткіліксіз екенін атап өтті. Қимылды күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру қажет. Фитнес-маманның сөзінше, бұған жаяу серуендеу, үй шаруасындағы белсенді қимыл, велосипед тебу, сондай-ақ, отырып істейтін жұмыста үзіліс жасап, бой жазып тұру көмектеседі.











