Siri iPhone-ға кіріктірілген ЖИ чатботына айналады
Не болды?
Apple корпорациясы Siri-ді iPhone, iPad және Mac-қа кіріктірілген жасанды интеллект чатботына айналдыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Bloomberg басылымы хабарлап отыр.
Мәлімет
Ақпаратқа қарағанда, Campos деген атауы бар чатбот iPhone, iPad және Mac операциялық жүйелеріне кіріктіріледі. Қазіргі Siri интерфейсін толық алмастырады. Қолданушылар жаңа қызметті қазіргідей «Siri» деп дауыстап айту немесе iPhone мен iPad бүйіріндегі батырманы басып тұру арқылы іске қоса алады.
Siri-дің әлсіздігі
Қазіргі Siri-де ChatGPT немесе Google Gemini платформасындағыдай диалогтық формат пен еркін әңгімелесе алу қабілеті жоқ. Сол үшін әзірше iOS 26.4 нұсқасында бұған дейін уәде етілген Siri-дің чатботсыз нұсқасы ғана шығады. Ол экрандағы контентті талдау, жеке деректерді пайдалану және уеб сайттардағы ақпаратты іздеу функцияларын атқара алады.
Қашан іске қосылады?
Apple бұл технологияны маусым айында Worldwide Developers Conference (WWDC) конференциясында таныстырып, қыркүйекте пайдалануға беруді көздеп отыр.
Apple өз чатботы болмаса бәсекелестерінен одан әрі қалып қоюы мүмкін еді. Қазірдің өзінде Samsung, Google және бірқатар қытай смартфон өндіретіндер ЖИ-ді жүйесіне енгізіп қойған. ChatGPT-дің бір аптадағы белсенді қолданушысының саны 800 миллионнан асуы бұл құралдардың маңызын арттыра түсті, — дейді басылым.











