ШҚО-да 80 мың адам әлі де МӘМС жүйесіне тіркелмеген
Билік осал топтар үшін жарнаны бюджеттен төлейді


Фото: pixabay.com
Шығыс Қазақстан облысында әр оныншы тұрғын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шығыс Қазақстан облысында әр оныншы тұрғын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңірде бүгінде 80 026 адам сақтандырылмаған. Бұл – облыс халқының 11 пайызы. Дегенмен соңғы бір жылда бұл көрсеткіш 25 пайызға азайған.
Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ШҚО филиалы директорының орынбасары Ирина Степанова мәлімдеді. Оның айтуынша, заңға енгізілген жаңа түзетулер жергілікті биліктің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.
Енді әл-ауқаты дағдарыстық және шұғыл деңгейде бағаланған азаматтар, сондай-ақ ресми тіркелген жұмыссыздар үшін МӘМС жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді. Бұл әлеуметтік әлсіз топтардың медицинаға қолжетімділігін арттырып, әкімдіктерді жұмыспен қамту мәселесіне бейжай қарамауға міндеттейді.
«Негізгі өзгерістердің бірі — жергілікті атқарушы органдардың рөлін күшейту. Енді әл-ауқаты дағдарысты (D) және шұғыл деңгейдегі (Е) азаматтар, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін МӘМС жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді. Бұл әлеуметтік осал топтардың медициналық көмекті пайдалану мүмкіндігін арттырады және әкімдіктердің халықты жұмыспен қамту мәселесіндегі жауапкершілігін күшейтеді», — дейді Ирина Степанова.
Сонымен қатар жарна төлеуде үзіліс болған жағдайда сақтандырылған мәртебені сақтау мерзімі ұзартылды. Егер адам кемінде бес жыл тұрақты жарна төлесе, кейін төлемін уақытша тоқтатқан күннің өзінде алты ай бойы сақтандырылған болып қала береді. Бұл жұмысынан айырылған немесе табысы азайған азаматтар үшін маңызды мүмкіндік.
Айта кетейік, мемлекет әлеуметтік маңызы бар 15 санаттағы азаматтар үшін жарна төлеуді жалғастырады. Олардың қатарында балалар, зейнеткерлер, жүкті әйелдер мен мүгедектігі бар адамдар бар.












