Шиелі кентінің тұрғындарына «Шұғыла» мөлтек ауданынан салынған үйлердің пәтер кілті табысталды
Фото: Облыс әкімдігіШиелі кентінің «Шұғыла» мөлтек ауданында әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арнап салынған 30 пәтерлік 15 тұрғын үйді иелеріне табыстау рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Қазыбек Иса, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.

Аймақ басшысы тұрғындарды қоныстоймен құттықтап, құрылыс саласындағы, әсіресе тұрғын үй құрылысын дамытудағы ауқымды жұмыстарды атап өтті.
«Мемлекет басшымыздың, Үкіметтің қолдауымен аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналды. 2022 жылдан бері 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынып, іске қосылды.Президентіміз тұрғындардың жайлы тұрмысын қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмалар жүктегені белгілі. Оның ішінде халықты баспанамен қамту бағдарламалары тұрғын үйге қолжетімділік мәселесін шешіп қана қоймай, құрылыс индустриясын да дамытып, аймағымыздың ажарын айшықтады, сәулетіне сән қосты.Өткен жылдың желтоқсан айында 22 пәтерлік 11 тұрғын үйдің кілтін иелеріне табыстаған болатынбыз. Бүгін жерлестеріміздің баспаналы болу қуанышына тағы да жиналып, Шиелі кентінде 450 млн. теңгеге салынған 30 пәтерлік 15 тұрғын үй халық игілігіне берілуде.Бұл – мемлекетіміздің қолдауын сезінген отбасылар үшін ерекше қуаныш! Жаңа қоныс құтты болсын!», – деді Н.Нәлібаев.
Рәсімде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагерлер мен тұрғын үйлерді салған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Қазыбек Иса мен Мұрат Ергешбаев ізгі тілектерін білдірді.
Айта кетейік, 2022-2024 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер табысталды. Кейінгі үш жылда алғаш рет барлық ауданда тұрғындар 1800-ге жуық жаңа пәтерге ие болды. Қызылордада заманауи жаңа дизайнмен жеті, тоғыз, он екі көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеруде.
Шиелі ауданында 2023-2024 жылдары 3 млрд. 96 млн. теңге қаржыға салынған 228 пәтерлік 114 тұрғын үй ел игілігіне берілді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі













