Қызылорда қаласында 135 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қызылорда қаласының Титов шағын ауданындағы 135 пәтерлік тұрғын үйдің пәтер кілттерін табыстау рәсімі өтті. Аталмыш тұрғын үй “Жалғыз үйі апаттық деп танылған”санаты бойынша кезекте тұрған жандарға берілді. Рәсімге Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева, құқық қорғау органдары мен жауапты сала басшылары, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты.Аймақ басшысы қарқынды құрылыс алаңына айналған қаладағы игілікті істерге тоқталып, жаңа пәтер иелерін құттықтады.
«Осы жыл жаңа бастамалар мен жарқын жоспарлар жүзеге асатын, береке мен бірлігімізді бекемдейтін кезең болмақ.
Бүгін, міне жерлестеріміздің баспаналы болу қуанышына ортақтасып, пәтер кілтін табыстау рәсіміне жиналдық.
Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен барлық салада серпінді жобалар жүзеге асып, әлеуметтік-экономикалық даму бағытында оң тенденция қалыптасты.
2022 жылдан бері өңірде 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынып, ел игілігіне берілді.
Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік- әлеуметтік саясат нәтижелі іске асуда.
2022-2024 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер табысталды.
Алғаш рет барлық ауданда 1800-ге жуық жаңа пәтер жерлестеріміздің игілігіне айналды. Қаламызда заманауи жаңа дизайнмен жеті, тоғыз және он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде.
Аймағымыздың ажарын айшықтап, сәулетіне сән қосатын, өңіріміздің өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін беретін құрылыс индустриясын дамытуда құрылысшыларымыздың үлесі орасан зор.
Жаңа баспаналарыңыздың іргетасы берік, шаңырақтарыңыз татулық пен берекеге толы болғай!»,- деді Н.Нәлібаев.
Салтанатты шарада тұрғын үй құрылысына атсалысқан мамандар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев сөз сөйледі.
Еске салайық, жыл қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн.
700 млрд. теңгеге жетіп, 6,5 пайыздық өсім қамтамасыз етілді, 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе өсті. Былтыр облыс бюджеті 851 млрд. 300 млн. теңге болып, 2021 жылдан бері 246 пайызға артты. Оның 56 пайызы әлеуметтік салаға бағытталды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі













