Қазақстанда құрылыс саласы толығымен цифрланады
Құрылыс нысандарын жобалаудан бастап пайдалануға бергенге дейінгі барлық кезең цифрлық жүйеге көшіріледі


Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев 2026–2027 жылдарға арналған құрылыс саласын цифрландыру жоспарын бекітті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Құжат құрылыс саласын цифрлық трансформациялаудың негізгі міндеттерін айқындайды және жоспарлау, жобалау кезеңдерінен бастап пайдалануға беру, ғимараттарды одан әрі пайдалану үдерістеріне дейінгі құрылыс нысандарының бүкіл өмірлік циклін қамтиды», - делінген Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Жоспар құрылыс саласындағы жұмысты жеңілдетіп, тездетуге бағытталған. Ол үшін міндетті BIM-жобалауды енгізу, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, әр ғимаратқа цифрлық паспорт беру және құрылыс нормалары мен стандарттарын машинамен оқылатын форматқа көшіру көзделген.
Цифрландыру жоспары құрылыс саласын ашық етіп, құрылыс мерзімдері мен шығындарын қысқартуға, әкімшілік кедергілерді азайтуға, сондай-ақ нысандардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға көмектеседі, деп атап өтті Үкімет.
Естеріңізге салайық, бүгін президент Құрылыс және Цифрлық кодекстерге қол қойды.












