ChatGPT-де денсаулыққа қатысты кеңес беретін жаңа функция пайда болды
Фото: freepik.com

OpenAI медициналық карталармен біріктірілген ChatGPT Health сервисін іске қосты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Euronews басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
OpenAI компаниясының мәліметінше, дәрігерлермен бірлесіп әзірленген функция адамдарға денсаулығындағы заңдылықтарды түсінуге және дәрігермен әңгімеге дайындалуға көмектеседі. Алайда ол дәрігерді алмастыра алмайды.
Соңғы кезде әлемде адам денсаулығын жақсартуға арналған жасанды интеллект құралдары танымал бола бастады. Осыған орай ChatGPT пайдаланушыларға өз әл-ауқатын жақсырақ түсінуге және басқаруға көмектесетін денсаулыққа бағытталған жаңа мүмкіндіктерді енгізіп жатыр.
7 қаңтар күні OpenAI ChatGPT платформасының ішінде жеке бөлім ретінде жұмыс істейтін ChatGPT Health сервисінің іске қосылғанын хабарлады. Бұл бөлім пайдаланушыларға медициналық жазбаларын және MyFitnessPal секілді денсаулыққа арналған қосымшалардағы деректерді қосуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде жүйе анағұрлым жекелендірілген әрі нақты контекстке сай жауаптар ұсына алады.
“ChatGPT Health – ChatGPT-ді өмірдің кез келген саласында мақсатыңызға жетуге көмектесетін ақпарат пен құралдар ұсынатын жеке супер-көмекшіге айналдыру жолындағы тағы бір қадам”, – деп жазды OpenAI компаниясының қолданбалар жөніндегі директоры Фиджи Симо Substack платформасындағы жазбасында.
Денсаулық тақырыбы қазір ChatGPT-ке ең жиі қойылатын сұрақтардың бірі саналады. OpenAI дерегіне сәйкес, әлем бойынша апта сайын 230 миллионнан астам адам чат-боттан денсаулық пен әл-ауқатқа қатысты кеңес сұрайды.
OpenAI өкілдерінің айтуынша, ChatGPT Health жасанды интеллект платформасының ішінде жеке, дербес бөлім ретінде жұмыс істейді. Денсаулыққа қатысты әңгімелер, файлдар және қосымшалар пайдаланушылардың басқа чаттары мен жады жазбаларынан бөлек сақталады.
Компанияның мәліметінше, Health бөліміндегі деректер мен жады жазбалары ешқашан бұл бөлімнен тыс чаттарға берілмейді. Пайдаланушылар Health жазбаларын кез келген уақытта баптаулар арқылы қарап немесе өшіре алады.
ChatGPT Health пайдаланушы өзіндегі денсаулыққа қатысты деректер сақталған қосымшаларды ChatGPT-ге қоса алады.
“Енді медициналық жазбаларыңызды және денсаулыққа арналған қосымшаларды (мысалы, Apple Health, Function, MyFitnessPal) қауіпсіз түрде қоса аласыз. ChatGPT сізге соңғы талдау нәтижелерін түсінуге, дәрігер қабылдауына дайындалуға, тамақтану мен жаттығулар бойынша кеңес алуға немесе медициналық сақтандыру нұсқаларының артықшылықтары мен кемшіліктерін өз жағдайыңызға қарай бағалауға көмектеседі”, – деп хабарлады OpenAI.
Health бөліміне қосылатын кез келген қосымша пайдаланушының нақты келісімімен ғана іске қосылады. Сонымен қатар мұндай сервистер құпиялық пен деректер қауіпсіздігі бойынша қосымша тексерулерден өтеді.
Дәрігерді алмастыру үшін емес, көмектесу үшін жасалған
OpenAI мәліметінше, ChatGPT Health ауруларды диагностикалау немесе емдеуге арналмаған.
“Health медициналық көмекті алмастыру үшін емес, оны толықтыру үшін жасалған. Ол күнделікті сұраққа бағдар табуға және ауру сәттерін ғана емес, уақыт өте келе болатын өзгерістерді де көруге көмектеседі. Бұл өз кезегінде маңызды медициналық әңгімелерге дайын әрі хабардар болуға мүмкіндік береді”, – делінген компания хабарламасында.
Компанияның мәліметінше, құрал дәрігерлермен тығыз әріптестік аясында әзірленген. Соңғы екі жылда OpenAI 60 елден, түрлі мамандықтағы 260-тан астам дәрігермен жұмыс істеген. Олар модель жауаптарына 600 мыңнан астам пікір қалдырған.
ChatGPT Health кімдерге қолжетімді?
Қазір ChatGPT Health баршаға бірдей қолжетімді емес. OpenAI бұл сервисті алдымен ChatGPT Free, Go, Plus және Pro аккаунттары бар шектеулі топтағы пайдаланушыларға ұсынатынын хабарлады. Олар арнайы күту тізіміне жазылып, сервиске қосыла алады.
Айта кетейік, бастапқы кезеңде бұл қызмет Еуропалық экономикалық аймақ елдерінде, Швейцарияда және Ұлыбританияда қолжетімсіз. Себебі бұл өңірлерде денсаулық пен деректерді қорғауға қатысты талаптар қатаң.
Сонымен қатар медициналық жазбалармен интеграция және кейбір қосымшалар тек АҚШ аумағында ғана жұмыс істейді.
OpenAI компаниясы Health бөлімін алдағы бірнеше апта ішінде веб-нұсқада және iOS жүйесінде барлық пайдаланушыларға кезең-кезеңімен ашуды жоспарлап отыр.









