"Айыппұл салмаймыз, бірақ…" - қазақстандықтарға мобильді аударымдар бойынша ескерту жасалды
Фото: istockphoto.com
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мобильді аударымдардың жаңа ережелеріне қатысты тағы да пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. Мәжіліс кулуарында журналистер Біржановтан үш ай ішінде әртүрлі адамдардан 1 020 000 теңгеден астам қаражат түскен қазақстандықтарды не күтіп тұрғанын сұрады.
"Біз әрдайым айтып келеміз, ешқандай айыппұл санкциялары қолданылмайды. Біз тек хабарлама жіберіп, адамнан түсініктеме беруін сұраймыз. Мүмкін, осы хабарламадан кейін салық төлеуші жеке кәсіпкер ретінде тіркелу туралы өздігінен өтініш беретін шығар. Егер ешқандай әрекет жасамаса, бізде салықтық тексерісті бастаймыз. Тек салықтық тексеріс аясында барлық растайтын құжаттарды алғаннан кейін салықты есептеп, салық төлеушіге талап қоямыз. Егер ол тиісті соманы төлемесе, материалдар сот орындаушысына беріледі", - деді Ержан Біржанов.
Вице-министр мобильді аударымдар туыстардан келсе, ол үшін ешкім жазаланбайтынын айтады.
"Тағы да қайталаймын, егер, мысалы, ағайын-туыстар — бауырлар, әпке-қарындастар сізге аударым жасаса, біз ешқандай шара қолданбаймыз", - деді ол.
Еске салайық, бірнеше аптадан кейін Қазақстанда мобильді аударымдарды тексерудің жаңа критерийлері қолданысқа енгізіледі.
Бұған дейін Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінде "күдікке ілінген" қазақстандықтарды салықтық тексеріс күтуі мүмкін екенін хабарлаған болатын.
Салық органдары жеке тұлғаны тексеруі мүмкін, егер келесі үш шарттың барлығы бірдей орындалса:
- үш ай қатарынан 100 және одан да көп әртүрлі адамнан аударымдар түсуі;
- аударымдар үздіксіз үш ай бойы жасалуы;
- жалпы түскен қаражат сомасы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен (1 020 000 теңге) асуы.










