Бағыты айқын бастама: тұрғыннан тілек, денсаулық пен баспана
Сәрсенбіде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың аудандарға жасап жатқан жұмыс сапарының легі Қазалы ауданында жалғасты. Ол мұнда тұрғындармен кездесіп, азаматтармен жеке қабылдау өткізді. Сондай-ақ жаңа баспана кілтін табыстау салтанатты шарасына қатысты.
Әйтеке би кентінде аймақ басшысының қатысуымен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға кезекке сәйкес 80 пәтерлік 40 тұрғын үйді табыстау рәсімі өтті. Оған құқық қорғау органдарының, жауапты салалардың басшылары, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты. Облыс әкімі жиналған тұрғындарды, мереке қарсаңында жаңа баспаналы болған азаматтарды құттықтады.
Әйтеке би кентінде аймақ басшысының қатысуымен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға кезекке сәйкес 80 пәтерлік 40 тұрғын үйді табыстау рәсімі өтті. Оған құқық қорғау органдарының, жауапты салалардың басшылары, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты. Облыс әкімі жиналған тұрғындарды, мереке қарсаңында жаңа баспаналы болған азаматтарды құттықтады.
– Қазан айында Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келгенде әлеуметтік нысандар мен өндіріс орындарында болды. Атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, Астана мен Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітапхана Қызылордада ашылатындығын жеткізді. Бастаманы жерлестеріміз зор қуанышпен қабылдауда. Президентіміз Үкімет пен облыс әкімдеріне мемлекеттік қолдауларды тиімді және мақсатты пайдаланып, ауыл халқының табысын арттыру, экономикасын жоғары көрсеткіштерге жеткізу міндетін жүктеді. Кейінгі үш жылда өңірде бірінші рет барлық ауданда тұрғын үйлер салынып, атап айтсақ, 2023 жылы 430, 2024 жылы 1015, 2025 жылы 332 жуық жаңа пәтер жерлестерімізге берілді, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Салтанатты рәсімде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан, тұрғын үйлер құрылысын салған азаматтар аймақ басшысының Алғыс хатымен марапатталды. Облыс прокуроры Ризабек Ожаров қазалылықтарды қоныстоймен құттықтап, қоғам қайраткері Самұрат Имандосов ақ бата берді.
Жалпы өңірде 2022 жылдан бері 200-ге жуық халыққа қажетті әлеуметтік нысан салынған. Кезекте тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер (5148) табысталды. Биыл 3 600 пәтерлік үйлер салуға бюджеттен 58 миллиард 785 миллион теңге бөлінді. Ал ауданда былтыр 148 пәтерлік 74 тұрғын үйдің кілті табысталып, тұрғындар игілігіне айналған еді.
Соңғы жылдары аймақта, оның ішінде ауданда денсаулық сақтау саласында атқарылған серпінді істер баршылық. Емделуге, көрінуге, бастысы ауырмайтын жол іздеуге қолайлы мүмкіндіктер жасалған. Ауданда орталық ауруханаға жапсарлас салынған 42 төсектік қосымша ғимарат бар. Облыс әкімі жұмыс сапары кезінде осы ғимараттың жұмысымен танысты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қолға алынған. Жоба бойынша 42 төсектік кардиология және инсульт орталығының құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді.
Құрылысты «СМП-Қызылорда», «Мекен и Компания», «АрхДизайнСтройИнжиниринг» серіктестіктері жүргізген. Ғимараттағы 42 төсек қорының 21-і кардиологиялық, 21-і инсульт бағытында жасақталып, аурухананың жалпы төсек қоры 196-дан 238-ге дейін ұлғайған. Толығымен қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылыпты.Алдағы уақытта мұнда аудан тұрғындары үшін өзекті болып келген МРТ құрылғысы орнатылып, мамандардың біліктілігін арттыру көзделген. Мұның алдында облыс әкімінің жеке қабылдауына келген кент тұрғыны аурухананы компьютерлік томограф аппаратымен қамтамасыз ету мәселесін көтерген еді. Биыл жергілікті бюджет есебінен 326,7 миллион теңгеге «Philips» маркалы, 64 срезді компьютерлік томограф сатып алыныпты. Қазіргі уақытта КТ орналасатын бөлме дайындалуда.
Жалпы аймақта «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 10 миллиард 763 миллион теңгеге 27 медициналық нысан салынып, бүгінде тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсетуде.
Одан соң аймақ басшысы құқық қорғау органдарының бірінші басшыларымен бірге Қазалы ауданындағы «Руханият орталығында» тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Тұрғындар жер кезегі, тұрғын үймен қамтамасыз ету, ауыз су, электр желілерін жаңғырту, көшелерге түнгі жарықшамдар орнату, асфальттауға қатысты сұрағын қойды. Оның ішінде Аранды ауылының тұрғыны ауылға баратын автомобиль жолын асфальттау мәселесін қозғады. Бұл автомобиль жолына асфальт төсеу үшін ХТ ПТ «Мекен и К» жобалаушы мекемесі жоба-сметалық құжаттарды әзірлеп, сараптама қарауына ұсынған. Сараптаманың қорытындысы шығып, бюджеттен тиісті қаржы бөлінгеннен кейін жол құрылысы басталады.
Ал Бозкөл ауылының тұрғыны электр желілерін жаңғыртуды сұрады. Ауылдың жеке тұрғын үй секторын электрмен қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге аудандық бюджеттен қаржы бөлінген. Сол жылдың мамыр айында оң қорытынды алынған. Қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі қаралуда. Қаржы бөлінсе құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. Жоба аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев барлық сауалға орай заң аясында тиісті шара қабылдауды, мәселелерді оңтайлы шешу жолын қарастыруды жауапты сала басшыларына тапсырды. Қабылдауда 50-ден астам азаматтың өтініші жан-жақты қаралса, аймақ басшысы 25 тұрғынның сұрағына жауап беріп, мәселесін саралады.
Айнұр ӘЛИ













