Жұртқа жарық сыйлаған
Электр қуаты – заман талабы мен өркениет дамуындағы негізгі тірек. Бір сәтке тоқтап қалса, бүкіл тіршілік тізбегі үзіліп қалғандай әсер ететіні сондықтан. Қарапайым тұрмыстан бастап, күрделі өндіріс процесіне дейін осы қуат көзіне тәуелді. Ал сол жарықты үздіксіз жеткізу – техникалық сауаттылықты ғана емес, зор жауапкершілік пен тынымсыз еңбекті талап етеді.Қазалы электр торабы – дәл осындай күрделі міндетті мінсіз атқарып отырған ұжымның бірі. Жүздеген шақырым желіні, ондаған қосалқы станция мен техниканы бақылауда ұстап, төтенше жағдай орын алғанда шұғыл шешім қабылдайтын бұл мамандардың жұмысы көзге көрінбегенімен, қоғам үшін ауадай қажет.
Қазалы ауданының электр қуатымен қамтылып, өркениетке бет бұру жолы 1962 жылы Қазалы қаласында дизельді электр станциясының іске қосылуымен басталды. Бұл аудан тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан айтулы сәт болғаны анық.
1965 жылы Жаңа-Қазалыға 10 вагоннан құралған №143 энергопоезд жеткізіліп, соның негізінде 35/10/6 кВ қосалқы станция салынды. Сол жылы Қазалы қаласына алғаш рет 10 кВ электр желісі тартылып, ал 1966 жылы Жаңа-Қазалы–Қазалы–Қожабақы бағытында 35 кВ желілер жүргізілді. Қаладан және Қожабақы елді мекенінен қосымша 35/10 кВ қосалқы станциялар салынып, ауданның энергиямен қамтамасыз етілуі едәуір жақсарды.
Бұл жылдары салада әр кезеңде басшылық еткен Төлемісов, Жасқайрат Менішов, Назарымбетов, Қожан Қазығұлов сынды азаматтардың есімі еңбек шежіресінде ерекше аталады. Ал 1971 жылы басшылыққа келген Ахметов Кенжебай электр энергиясын дамытуға айрықша үлес қосып, жүйелі жұмыстардың жандануына себепкер болды.
Қазалы ауданының электр энергиясын дамыту жолындағы келесі кезең 1972 жылдан бастау алады. Сол жылы Төретамнан Ақсуат арқылы Қазалыға дейін 35 кВ электр желісі тартылып, Ақсуат елді мекенінде 35/10 кВ қосалқы станция салынды. Бұл кезеңде ауданның шалғайдағы ауылдары – Бозкөл, Қауке, Карл Маркс (қазіргі – Ақжона), Майдакөл де жарықпен қамтылып, оларда да жаңа қосалқы станциялар іске қосылды.
1973 жылы Шәкен мен Шөлқұм елді мекендеріне электр желісі тартылып, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Ал 1974 жылы энергопоездың кетуімен 110 кВ Төретам – Жаңа-Қазалы желісі іске қосылып, қуатты 110/35/10 кВ қосалқы станция салынды. Оның 1-секциясы 1975 жылы, 2-секциясы 1976 жылы жұмысын бастады.
1980 жылы аудан орталығында екі қабатты жаңа мекеме ғимараты салынып, 1980-1982 жылдары Жаңа-Қазалы маңындағы тұрғын үйлерге жарық берілді. Бұл жылдары басшылық қызметте болған Бегім Бодықов, Есентай Маханбеталиев, Қуантқан Ізтілеуов, Қуандық Бодықов, Айдос Дәрібаев сынды азаматтардың еселі еңбегі сала дамуына өз үлесін қосты.
2013 жылдан бастап бұл жауапты саланы Нұрбай Ізтілеуов басқарса, 2019 жылдан бастап Ерболат Мұқаш тізгінді қолға алды. Ал 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап Әнуарбек Райымбек басшылық қызмет атқарып келеді.
Электр энергиясы – бүгінгі қоғам тіршілігінің өзегі. Әсіресе, әлеуметтік нысандар мен елдімекендерді жарықпен үздіксіз қамту – ел дамуының бір көрсеткіші. Бұл тұрғыда Қазалы электр торабы мекемесінің қызметі айрықша маңызға ие. Өйткені өмірлік маңызы бар нысандар мен мыңдаған тұрғынның жарықсыз қалмауы – осы сала мамандарының кәсіби шеберлігі мен тынымсыз еңбегіне байланысты.
Қазіргі таңда мекеме құрамында 91 адам қызмет етеді. Жауапкершілігі зор жұмыс жүйелі ұйымдастырылған. Мұнда бес тарату желісі бригадасы бар. Соның ішінде бір бригада жоғары кернеулі желілермен жұмыс істесе, қалған төртеуі қосалқы станцияларға жауапты. Жоғары кернеулі желі бригадасы 1 шебер, 2 электрослесарь, 2 электромонтер мен биіктікке көтерілетін арнайы техника жүргізушісінен құралған. Олар ең күрделі, әрі қауіп деңгейі жоғары учаскелерде жұмыс істейді.
Ал төрт бригада кент пен Сырдың арғы бетіндегі 13 елдімекеннің жарығын тұрақты бақылауда ұстайды. Мамандар 1000 В және одан жоғары кернеумен жұмыс істейді. Олар тұрғындарға жарық жеткізіп қана қоймай, кез келген апаттық жағдайда жедел әрекет етіп, жүйені қалпына келтіреді. Сондай-ақ техникалық қызмет көрсетумен қатар ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізеді.
– Тоқ үзілісі немесе ақау орын алған жағдайда, жауапты бригада оқиға орнына шұғыл жетіп, ақаудың себебін анықтап, дереу қалпына келтіруге кіріседі. Бұл – біздің күнделікті жұмысымыздың бір бөлігі. Тәуліктің кез келген уақытында әрекет етуге дайын тұрамыз, – дейді мекеме басшысы Әнуарбек Райымбек.
Қазалы электр торабының жұмыс тиімділігін арттырып тұрған басты тетіктердің бірі – заманауи техникамен қамтылуы. Мекеме балансында барлығы 11 автокөлік бар. Оның үшеуі арнайы мақсатқа арналған. Атап айтқанда, биіктікке көтерілетін арнайы көлік, ауыр жүкті тасымалдайтын кран, жер қазуға арналған техника, сондай-ақ құрал-жабдық жеткізуге лайықталған «ЗИЛ» көлігі бар.
Бұдан бөлек, мекемеде алты «УАЗ» көлігі қызмет етеді. Оның бесеуі бес түрлі бағыттағы бригадаға бөлінген, ал біреуі тәулік бойы дайын тұратын кезекші электромонтерлардың иелігінде. Расында техникалық жарақтандырудың жақсы деңгейде болуы мекеме қызметінің жедел әрі сапалы ұйымдастырылуына, сондай-ақ шалғай елді мекендерге уақытылы жетуге мүмкіндік беретіні анық. Бұл ретте мекеме қызметкерлері арнайы техниканы техниканы ұқыпты пайдаланып қана қоймай, үнемі күтімде ұстауға дағдыланған.
Қазалы электр торабында электр қуатын тұрақты әрі сенімді жеткізуге қажетті инфрақұрылым кең көлемде қамтылған. Атап айтқанда, мұнда кернеулігі 110 кВ – 201,1 шақырым, 35 кВ – 388,6 шақырым, 10 кВ – 370,4 шақырым және 0,4 кВ – 495,4 шақырымды құрайтын электр желілері бар. Сонымен қатар қуаты 110/35/10 кВ 1 қосалқы станция, 35/10 кВ – 11 дана, 35/0,4 кВ – 1 дана қосалқы станция, 10/0,4 кВ қуаттылықтағы 207 трансформатор қондырғысы және 2 орталық тарату пункті жұмыс істейді. Осындай ауқымды жүйе аудан тұрғындарын үздіксіз жарықпен қамтамасыз етіп, өңірдің энергетикалық тұрақтылығының берік іргетасын құрап отыр.
Мұндағы жұмыс қарбалас әрі жауапкершілігі мол екені белгілі. Ағымдағы жөндеу жұмыстары қатарында күнделікті міндеттер де уақыт талап етеді және кейде бекітілген жоспардан асып та кетеді. Мекеме басшысы Әнуарбек Райымбектің айтуынша, электр торабында жылына екі рет, яғни көктем мен күзде желілерді сүртіп тазалау, электр желілеріне кедергі болатын тал бұтақтарын кесу, сондай-ақ халықтың өз күшімен тартылған электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Сондай-ақ «Қазалы» қаласының электр желілері мен трансформатор қондырғыларына да жаңарту шаралары тұрақты түрде іске асырылуда, – дейді ол.
Қызу тірліктің бел ортасына ене жүріп, сырттай тыныш көрінген мекеменің ішкі тынысы мүлде бөлек екен. Бірі сызбаларын құшақтап, енді бірі құжаттарын реттеп, құрал-жабдықтарын асынып алған қызметкерлердің аяқ алысы шапшаң. Әркім өз міндетін қалтқысыз атқаруға тырысып жүр. Осылайша, тынымсыз тірліктің тасасында жүрген мамандардың еңбегіне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Жарықты уақытылы жеткізіп, тосыннан туған апатта шұғыл әрекет ететін жандардың қызметіне тек сәттілік тілейміз.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ













