Азия кубогында ардагерлер ерледі
Азия кубогы – құрлықтағы ең мықты балуандар бас қосатын ірі спорттық дода. Жақында Қарағанды қаласында ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған Азия кубогы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.Бұл жарыста самбо, дзюдо және қазақ күресі бойынша үздік спортшылар өзара бақ сынап, шеберлік пен қайсарлықтың жоғары үлгісін көрсетілді. Ұлттық және халықаралық жекпе-жек түрлерін дамыту, спортшылар арасындағы тәжірибе алмасуды нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатындағы айтулы додада татами мен кілем үстіндегі тартысты белдесулерге, әдіс пен тактиканың жоғары деңгейіне толы болған
Аталған жарысқа Қазақстан Республикасы мен шетел мемлекеттерінен келген спортшылар қатысып, өзара мықтыны анықтады. Дүбірлі додада облыс атынан барған қазалылық ардагер спортшылар жақсы нәтиже көрсетіп, ел абыройын асқақтатты.
Алғашқы ақжолтай хабарды дзюдодан Самат Оспан жеткізді. Ол күмістен медаль күптесе, оның жеңісті жолын өз салмағында Айболат Әбенов дәл осы спорт түрінен жалғады. Араға бір күн салып Айболат Әбенов қазақ күресінен қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақса, Самат Оспан қоланы қанағат тұтты.
«Жарыс – жеңіске деген жігердің, дәстүр мен заманауи спорттың тоғысқан алаңына айналды. Самбо, дзюдо және қазақ күресінен Азия кубогы – күш, шеберлік пен рух тоғысқан додада құрлықтың үздік балуандары кілемге шығып, нағыз тартысты белдесулер ұсынады. Жеңіске деген жігер, ұлттық дәстүр мен шынайы спорт рухын сезіндірді. Екеуіміз де тәжірибеміз бар спортшымыз. Дайындықты жақсартқанда, бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге болатын еді», – дейді қатысушылар.
А.МЕЙІРХАНОВА












