АҚШ жеті елдің азаматтарына елге кіруге толық тыйым салмақ
Фото: unsplashАҚШ Буркина-Фасо, Мали, Нигер, Оңтүстік Судан, Сирия, Лаос және Сьерра-Леоне елдерінің азаматтары үшін елге кіруге толық тыйым енгізеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ақ үйдің мәлімдеуінше, бұған дейін Лаос пен Сьерра-Леоне азаматтарына қатысты тек ішінара шектеулер болған, алайда енді аталған елдердің азаматтарына АҚШ-қа кіруге мүлде рұқсат берілмейді.
Сонымен қатар, тағы 15 елдің азаматтарына виза беруге ішінара шектеулер енгізіледі. Бұл елдердің қатарында Ангола, Антигуа және Барбуда, Бенин, Кот-д’Ивуар, Доминика, Габон, Гамбия, Малави, Мавритания, Нигерия, Сенегал, Танзания, Тонга, Замбия және Зимбабве бар.
Осы ретте Вашингтон Түрікменстан азаматтарына қатысты бейиммиграциялық визаларға қойылған тыйымды алып тастау туралы шешім қабылдады. Алайда иммиграциялық визаларға салынған шектеу күшінде қалады. Ақ үйдің жазуынша, Түрікменстан билігі АҚШ-пен конструктивті түрде ынтымақтасып, айтарлықтай ілгерілеу көрсеткен.
Қараша айының соңында АҚШ президенті Дональд Трамп "үшінші әлем елдерінен" АҚШ-қа келетін көші-қон ағынын тоқтатуды көздейтінін мәлімдеген болатын. Ол АҚШ азаматы болып табылмайтын адамдарға берілетін барлық федералдық жеңілдіктер мен субсидияларды жоятындығын, сондай-ақ "қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіретін" мигранттарды азаматтықтан айыратынын атап өткен еді.
Бұған дейін Дональд Трамптың BBC-ге қарсы сотқа жүгінгенін жазғанбыз.












