Аудан әкімі әлем чемпионына құрмет көрсетті

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Айдос Сұлтанғалиұлын ең алғашқылардың бірі болып Әлем чемпионы атанған жарқын жеңісімен құттықтап, «Ол – грек-рим күресінен осы ғасырдағы тұңғыш жеңімпаз. Балуандарымыздың жеңісті жолды жалғастыра беруіне тілектеспін!», – деген ақжарма тілегін жеткізген болатын. Ал, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы чемпионымызды арнайы қабылдап автокөлік кілтін, бапкері Ғабиден Райымбекұлына пәтер кілтін табыстаған болатын. Бүгін бізде қазалылықтар болып, чемпионға құрмет көрсетуді жалғастырып жатырмыз. Биыл өңір спортшылары үшін жемісті де жеңісті жыл болып тұр десек қателеспейміз. Себебі еліміздің көк туын көкте желбіретіп байрақты бәсекелерге шыққан спортшыларымыз намысты қолдан бермей, жеңіске жетті. Грек-рим күресінен Қазақстан Әлем чемпионатының алтын медалін соңғы рет 1999 жылы жеңіп алған (Мхитар Манукян (63 кг). Араға 26 жыл салып, елімізге аталған спорт түрінен ХХІ ғасырдың алғашқы алтын медалін алып келу ұлт жадында алтын әріппен жазылар ерлік. Осы жеңісті жалғастырып, алдағы Олимпиада ойындарында алтыннан алқа таға беруіңізге тілектеспіз, - деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Қабылдауда Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Қасқырбай Әлімбай, ардагер спортшы Қуанған Бәкен, Айдос Сұлтанғалидың туыстарының атынан Ашықбай Тоғымов ақсақал сөз сөйлеп, чемпионның жеңісі барша қазақ жұртына ортақ жеңіс екенін айтып, жылы лебіздерін жеткізді.
Аудан әкімі спорт әлеміндегі биік белесті бағындырған Айдос Сұлтанғалиға 1 000 000 теңгенің және спортшының бапкері Ғабиден Райымбекұлына 400 000 мың теңгенің арнайы қаржылай сертификаттарын табыстап, барша Қазалы жұртшылығының атынан жеңісімен құттықтады. Сондай-ақ батырымызды әрдайым бабында болуы үшін мұндай қолдаулар жалғаса беретіндігін жеткізді.
Басқосуда грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Ғабиден Райымбек пен грек-рим күресінен спорт шебері, Қазақстан Республикасы ұлттық құрама командасының мүшесі, республикалық, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, Әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалиұлы барша қазалылықтардың көрсеткен құрметіне шынайы алғыстарын білдірді.
Чемпионды қабылдау шарасының соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов ақ батасын беріп, алдағы уақытта да чемпионның Әлем шыңдарын бағындыра беруіне тілектестігін жеткізді.
Айта кетейік, бүгінде ауданда спорт саласын дамыту бағытында ауқымды жобалар қолға алынып, жүйелі жұмыс атқарылды. Ауданымызда соңғы 3 жылда 3 спорт кешені мен спорттық алаңдар пайдалануға берілді, биыл тағы 3 нысан ел игілігіне табысталады.