Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Алшысы бөлек алтын

Алшысы бөлек алтын

Жақында қазақ жанкүйерлері үшін жағымды жаңалық жетті. Балуан Айдос Сұлтанғали халқына тарихи жеңіс сыйлады. Тарихи деп тектеуіміздің өз жөні бар. Спорттың грек-рим күресі түрінен ұзақ уақыттан бері үміткерлеріміз жоғары нәтижеге қол жеткізе алмай келгені қынжылтатын. Чемпион күрес өнерінің еліміздегі деңгейі мен өз мүмкіндігін әлем жұрты алдында мойындатты.
Грек-рим күресінің тарихы ежелгі эллиндер мен латындар заманынан бастау алады Белдесудің өзіндік қалыптасқан ережелері бар. Үлкен физикалық мүмкіндік пен дайындықты қажет ететін күрес. Осы салаға ат шалдырып, бұйдасын небәрі екінші сыныпта ұстаған Айдос бұл жолды таңдау арқылы өз арманымен бірге, елінің даңқын да асқақтатуды мұрат тұтады.
1996 жылғы 7 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген жерлесіміз бұл биікке кездейсоқ жеткен жоқ. Оның спорт тарихында түрлі жарыстардағы қол жеткізген жетістіктері көптің көз алдында. Виктор Юн мен Ғабиден Райымбек сынды бапкерлерден тәлім алған Айдос жастар және жасөспірімдер арасындағы түрлі бәсекелерде топ жарып, шыңдалған. Чемпионның елішілік жарыстардан бөлек, алаңда атой салған халықаралық жарыстары да жетерлік.
Атап айтар болсақ, 2013 жылы Кадеттер арасында Азия чемпионатында күміс жүлдегер болса, 2013 жылы Кадеттер арасында Азия чепиондығына қол жеткізеді.
2016 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы.
2017 жылы жабық ғимараттағы жекпе-жектен Азия ойындарының қол жүлдегері. Сол жылы Польшада өткен 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатында қолаға қолдан бермейді.
2018 жылы алдымен Түркия Республикасындағы рейтингтік турнирдің жеңімпазы деп танылса, артынша Венгрияның Будапешт қаласында өткен әлем біріншілігінде Жоламан Шаршенбековке ғана есе жіберіп, үздік үштікті тұйықтаған.
2021 жылы 60 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионы атанды. Сол жылы Италияда рейтингтік турнирде алтыннан алқа тағады. Араға бір жыл салып, Сервияның бас қаласы Белградта ел намысын қорғаған отандасымыз әлем чемпионатының UWW жұлдыздар командасы құрамында қола жүлдесін қоржынға қосады.
Осы жерден 2-ші бетке
Ересектер қатарына өткен Қызылорда спорт мектебінің түлегі ұлттық құрамаға қабылданады. Токио олимпиадасына баруға мүмкіндігі болғанымен, жазғы жарысқа Мейрамбек Айнағұловтың аттанғаны көпшілікті қынжылтқан болатын.
28 жасында Қырғызстан астанасы Бішкекте болған лицензиялық құрлық туринирде өз салмағында қарсылас шақ келтірмей, алғашқы Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алған-ды.
Он бес жыл күткен олимпидасы Айдосқа оңайға соққан жоқ. 60 келі салмақта сынға түскен Сұлтанғали азулы қарсыласынан 6:3 есебімен есе жіберіп алды. Ол алғашқы белдесуінде екі дүркін әлем чемпионы, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Ханчжоудағы Азия ойындарының жеңімпазы, Азияның 3 дүркін чемпионы қырғызстандық Жоламан Шаршенбековпен белдескен еді. Бұл сәтсіздік Қазақстан құрамасы өкілін жасытқан жоқ. Қайта қамшылай түсіп, дайындықты арттырып, шеберлікті одан әрі шыңдауға ұмтылдырады.
2024 жылы Айдос Сұлтанғали Хорватияның Загреб жерінде өткен әлем чемпионатына сақадай сай, үлкен дайындықпен аттанған болатын. Тәжірибелі балуан жауапты жарысқа аттанарда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне топ жарып, алтыннан алқа тағуға дайын екендігімен бөліскен. Айдос іріктеу кезеңнен сүрінбей өтіп, ширек финалда 2024 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері солтүстік кореялық Се Ун Римен белдесті. Бұл кездесуде Сыр ұлы басымдылығын байқатып, финалға жолдама алды.
Ақтық сында Сұлтанғали Өзбекстан балуаны Алишер Ганиевті 9:0 есебімен ойсырата жеңді. Мерзімінен бұрын аяқталған белдесу балуанның техникалық мүмкіндігін паш етті. Осылайша грек рим күресінен 26 жылдан кейін Айдос ересектер арасындағы әлем чемпионы атанды. Соңғы рет грек-рим күресінен 63 келіге дейін салмақта отандасымыз Мкхитар Манукян 1999 жылғы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған еді.
Айтулы алтынды сыйлаған батыр ұлды Қазақстан халқы атынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.
«Айдос Сұлтанғалиды Әлем чемпионатындағы жарқын жеңісімен құттықтаймын! Ол – грек-рим күресінен осы ғасырдағы тұңғыш жеңімпаз. Балуандарымыздың жеңісті жолды жалғастыра беруіне тілектеспін!» – деген Тоқаев құттықтаухатында.
Жаһан біріншілігінің жүлдегері биік марапатқа тоқмейілсімей, алдағы жарыстарға, жеңісті жолдарға дайындықты жалғастыратынын айтты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали мен жеке бапкері Ғабиден Райымбекті арнайы қабылдады.
Әлем чемпионын айтулы жеңісімен құттықтауға арналған шарада аймақ басшысы спорттағы сүйсінткен көрсеткіш Сыр жұртының ғана емес, қазақ елінің беделін биіктеткенін атап өтті.
«Спорт әлеміндегі биік белесті бағындырып, Тәуелсіз Қазақстанымыздың атын төрткүл дүниеге танытқан жерлесіміз, мақтанышымыз Айдос Сұлтанғалиұлы қазақ спорты тарихындағы теңдессіз жетістікке қол жеткізді.
Чемпионымызды мемлекет басшымыз арнайы құттықтап «Айдос – грек-рим күресінен осы ғасырдағы тұңғыш жеңімпаз», – деп жоғары бағалады. Бұл жеңіс – жас балуандарымызға үлгі-өнеге, еліміздің спортына серпін беретін жоғары жетістік», – деді Нұрлыбек Мәшбекұлы.
Айдостың осындай жоғары нәтиже көрсетуіне үлкен үлес қосқан бапкері Ғабиден Райымбекұлының да еселі еңбегіне тоқталды.
Кездесуде облыс әкімі Сыр жұртшылығының атынан Айдос Сұлтанғалиға жаңа автокөлік пен пәтер сыйлады. Бапкері Ғабиден Райымбек те жаңа пәтер кілті табысталды. Сондай-ақ чемпионға Қызылорда облыстық әкімдігі тарпынан ай сайын бір миллион теңге көлемінде мемлекеттік стипендия төленетін болды.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
27 қыркүйек 2025 ж. 131 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031