Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын электронды темекі шегетіндердің саны алаңдатып отыр
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша қазіргі уақытта әлемде шамамен 100 миллион адам, оның ішінде 15 миллион жасөспірім электронды темекі шегеді, деп жазды BBC.

ДДҰ сарапшыларының пікірінше, бұл әлемде «никотинге тәуелділіктің жаңа толқынына» әкелуі мүмкін. Ұйымның 6 қазанда жариялаған жаңа есебінде алғаш рет 13 пен 15 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында электронды темекіні немесе вейпті пайдаланушылардың санын көрсетті. Көрсеткіш — 15 миллион.
Сондай-ақ 15 және одан жоғары жастағы 86 миллион адам электронды темекі шегеді. Бұл дүние жүзіндегі ересек халықтың 1,9%-ы немесе ерлердің 2,3%-ы және әйелдердің 1,5%-ы. Электрондық темекі шегушілердің көпшілігі Америка мен Еуропа халқы. Бұл ересек тұрғындардың шамамен 5%.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл көрсеткіштерді алдыңғы жылдармен салыстыра алмайды. Бұл көрсеткіштер 2014 жылдан 2024 жылға дейінгі 85 елден жиналған деректерге негізделген. Бұл дүние жүзіндегі халықтың төрттен үш бөлігін құрайды. Сондықтан 109 ел, яғни әлем халқының төрттен бірі бұл зерттеуге енбеген.
Ұйым соңғы жылдары көптеген ел балалар арасында темекі шегуге қарсы күресті бастағанын, бірақ 62 мемлекет әлі ешқандай шара қолданбағанын және 74 елде вейп сатып алудың ең төменгі жасы жоқ екенін атап өтті.
— Электронды темекілер никотинге тәуелділіктің жаңа толқынын қоздырады. Олар темекі шегудің зиянын азайтудың тәсілі ретінде сатылады. Бірақ шын мәнінде олар балаларды ерте жастан никотинге итермелейді, — деді ДДҰ бөлім директоры Этьен Круг.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебреиесустың айтуынша, бұл күрес миллиондаған адамға темекіні тастауға немесе одан бас тартуға көмектесті. Бірақ темекі өнеркәсібі өнімді өткізудің жаңа жолын тауып жатыр.
— Темекі өнеркәсібі жаңа никотин өнімдеріне қарсылық көрсетіп, оларды жастарға белсенді түрде сатып жатыр. Әлем елдері дәлелденген бақылау шараларын жүзеге асыруда мықты, әрі нақты шешім шығара алуы керек, — деді Гебреиесус.
ДДҰ-ның бағалауы бойынша әлемде темекіні пайдалану 2000 жылғы 1,38 миллиард адамнан 2024 жылы 1,2 миллиардқа дейін азайған. Әйелдер арасында темекі шегу деңгейі 2010 жылғы 11%-дан 2024 жылы 6,6%-ға дейін төмендеді. Ерлер арасында 2010 жылғы 41,4%-дан 2024 жылы 32,5%-ға дейін азайды.
Соған қарамастан, әлемде әрбір бесінші ересек адам әлі де темекі шегеді. Темекі шегу көптеген аурулардың, соның ішінде онкологиялық аурулардың қаупін арттырады. Сарапшылардың пікірінше, электронды темекіні пайдалану кезінде адам зиянды өнімдерді жұтпайды. Электрондық темекі көптеген адамдарға темекіні тастауға көмектеседі. Дегенмен, вейп сұйықтықтарында никотин бар, ол да зиянды және тәуелділікке әкеледі. Бұған дейін темекі 16 түрлі қатерлі ісік тудыруы мүмкін екенін жазған болатынбыз.