2026 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік кәсіпорындарда жаңа еңбек ережелері енгізіледі

Қазақстанда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік кәсіпорындарда қызметкерлерді қабылдау және жұмыстан босату жаңа ережелер бойынша жүргізіледі, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы 2025 жылғы 29 қыркүйектегі бұйрығымен "Мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлерін жұмысқа қабылдау және еңбек шартын бұзу, оларға көтермелеу шараларын қолдану және тәртіптік жаза қолдану қағидаларын" бекітті.
Құжатқа сәйкес, қызметкерлер жұмыс берушінің шешімімен тағайындау тәртібімен немесе конкурс арқылы қабылданады.
Конкурс арқылы қабылдаудың негізі – конкурс комиссиясының оң қорытындысы. Жұмысқа қабылдау еңбек шартын жасасу және жұмыс берушінің актісін шығару арқылы жүзеге асырылады.
Кандидатты іріктеу кезінде негізгі талаптар ретінде білім деңгейі, кәсіби даярлығы және лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігі ескеріледі.
Сонымен қатар, бос немесе уақытша бос лауазымдарға конкурс өткізу тәртібі де нақтыланған.
Кәсіпорын бос орын туралы хабарландыруды өз интернет-ресурсында және тиісті салалық уәкілетті органның (немесе жергілікті атқарушы органның) сайтында конкурс өткізу мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 15 күн бұрын жариялауға тиіс.
Кандидаттар конкурс комиссиясының шешімімен әңгімелесуге жіберіледі.
Қағидада кәсіпорынның міндеттері де көрсетілген:
конкурс өткізу туралы шешім қабылдау;
конкурс күнін және орнын белгілеу;
интернет-ресурста және баспа БАҚ-та хабарландыру жариялау;
құжаттарды қабылдау, тіркеу және сақтау;
комиссияны қалыптастыру және төрағасын тағайындау;
комиссия отырысын ұйымдастыру.
Конкурс өткізу туралы хабарландыруда келесі мәліметтер қамтылады:
конкурсты өткізетін кәсіпорынның атауы, оның орналасқан жері, пошталық мекенжайы, телефон және факс нөмірлері, электрондық пошта мекенжайы;
бос лауазымдардың атауы, негізгі функционалдық міндеттері, еңбекақы мөлшері мен еңбек жағдайлары;
лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес конкурсқа қатысушыға қойылатын негізгі талаптар;
конкурс туралы хабарландырудың соңғы жарияланған күнінен кейінгі келесі жұмыс күнінен бастап есептелетін құжаттарды қабылдау мерзімі;
қажетті құжаттардың тізбесі;
әңгімелесу (сұхбат) өтетін орын.
Егер конкурс уақытша бос лауазымға өткізілсе, бұл шарт хабарландыруда міндетті түрде көрсетіледі.
Конкурсқа қатысуға ниет білдірген тұлға келесі құжаттарды қолма-қол немесе электрондық пошта арқылы ұсынады:
қоса берілген құжаттардың тізімі көрсетілген конкурсқа қатысу туралы өтініш;
жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
нақты тұрғылықты мекенжайы мен байланыс телефондары көрсетілген өмірбаян (автобиография) немесе түйіндеме (резюме);
лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес білім туралы құжаттардың көшірмелері;
еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі (бар болған жағдайда);
075/у нысанындағы медициналық анықтама (дәрігерлік кәсіби-консультациялық қорытынды), ол құжаттарды тапсыру күніне дейін бір жылдан аспайтын мерзімде берілген болуы тиіс (немесе оның нотариалды куәландырылған көшірмесі).
Кәсіпорында жұмысқа қабылдау кезінде үміткер сыбайлас жемқорлық қылмыс жасауы туралы не ондай деректердің жоқтығы туралы анықтама тапсырады.
Кандидат өз білімі, еңбек өтілі және кәсіби деңгейі туралы қосымша материалдарды (біліктілікті арттыру туралы құжаттардың көшірмелері, ғылыми дәрежелер мен атақтар туралы дипломдар, ғылыми жарияланымдар, бұрынғы жұмыс орнынан берілген ұсыным хаттар және т.б.) ұсынуға құқылы.
Құжаттардың толық топтамасын тапсырмау кәсіпорынның құжаттарды қабылдаудан бас тартуы үшін негіз болып табылады.
Конкурс мына кезеңдерден тұрады:
конкурсқа қатысушылардың біліктілігін бағалау;
кандидаттармен әңгімелесу (собеседование) өткізу;
конкурстың қорытындысын шығару.
Кәсіпорын әңгімелесуден өткен кандидаттарды конкурс аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жазбаша түрде нәтижелер туралы хабардар етеді.
Хабарламамен бірге кәсіпорынның мөрімен куәландырылған комиссия отырысының хаттамасының көшірмесі де жіберіледі (егер мөр болса).
Комиссия конкурс нәтижелері бойынша кәсіпорын басшысына конкурстың жеңімпазын лауазымға тағайындау туралы ұсыным енгізеді.
Комиссияның оң қорытындысын алған кандидатпен кәсіпорын басшысы еңбек шартын жасасады және жұмысқа қабылдау туралы акт шығарады. Қызметкер аталған актімен танысады.
Мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлерімен еңбек шарты Кодексте белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша бұзылады.
Мемлекеттік кәсіпорынның басшысы қызметкерлерді көтермелейді, тәртіптік жаза қолданады және оларды материалдық жауапкершілікке Кодексте көзделген жағдайлар мен тәртіпте тартады.
Бұл бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.