Жасанды интеллект енді тағамнан уланудың алдын алады
Фото: shutterstock
Ғалымдар тағамдағы қауіпті микотоксиндерді анықтаудың тиімді әдісін ойлап тапты. Бұл технология жыл сайын миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Әлемдік мәселе
БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) дерегінше, улы микотоксиндер тудыратын зең саңырауқұлақтары әлемдік егіннің 25 пайызына дейін зақым келтіреді. Бұл тек ауыл шаруашылығы саласына ғана емес, сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесіне де елеулі қауіп төндіреді.
Микотоксиндер – зеңнің түрлі түрлері өндіретін улы қосылыстар. Олар адам ағзасында қатерлі ісік ауруларын қоздырып, иммунитетті әлсіретеді және гормондық тепе-теңдікті бұзады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, тағамның ластануынан жыл сайын 600 миллионнан астам адам зардап шегеді.
Жаңа технология және жасанды интеллект
Халықаралық зерттеу тобы дәстүрлі зертханалық тексерістердің күрделі және қымбат екенін айта отырып, жаңа тәсілді ұсынды — гиперспектралды визуализация (HSI) және жасанды интеллект алгоритмдері.
HSI әдісі өнімнің бүтіндігін бұзбай, оның оптикалық спектрін талдай отырып, микотоксиндердің бар-жоғын тез анықтауға мүмкіндік береді.
Зерттеу жетекшісі Ахасан Кабирдің айтуынша, бұл әдіс өнімдегі ластану деңгейін нақты әрі жедел анықтауға мүмкіндік береді.
Ғалымдар технологияны дәнді дақылдар мен жаңғақтарда сынақтан өткізді. Бұл — әлемдік нарықтағы ең маңызды ауыл шаруашылық өнімдері. Нәтижесінде жүйе афлатоксин B1 сияқты ең қауіпті канцерогендерді де дәл анықтай алған.
Технологияның болашағы мен тиімділігі
Мамандардың айтуынша, жасанды интеллектке негізделген бұл жүйені болашақта өндірістік желілерге орнатуға немесе портативті құрылғылар түрінде пайдалануға болады. Бұл тағам қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, өндірушілердің шығынын азайтады және тұтынушыларға тек сапалы, қауіпсіз өнім жеткізуге мүмкіндік береді.
Қазір ғалымдар технологияны терең машиналық оқыту әдістерімен жетілдіріп, оның дәлдігін арттыру үстінде.
Зерттеушілердің бағалауынша, бұл жүйені жаһандық деңгейде енгізу арқылы жыл сайын тағамнан уланудан болатын 4 миллионға дейінгі өлімнің алдын алуға болады.