Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос чемпионды шаңырақ

Қос чемпионды шаңырақ

Фото: Кейіпкерлердің мұрағатынан
Жақында еліміздің Туын көкке желбіретіп, әлем чемпионатының биік шыңынан көрінген ағайынды Сабырхандардың жетістігі көпті сүйсінтті. Балаларын спортқа баулып, ел мақтандарын баулу қазақстандық тәрбиенің жарқын көрінісі, жаңа форматына айналып үлгерді. Үлкен спорт физикалық жаттығу, ізденіс, форманы ұстап қалу, тактикалық ойлау қабілетін ұштаудан бөлек, қолдау мен психологиялық дайындықты талап етеді. Қазалылық Тәңірбергеновтер отбасын жұртшылық чемпиондар шеберханасы атайды. Себебі бір шаңырақ астында түрлі ел намысын абыроймен қорғап жүрген ағайындылар тұрады.
Өз жолын таңдағандар ұтылмайды
Қазалы ауданы – бірнеше буын өнер, спорт саласының саңлақтары жетістігімен көпшілікті тәнті еткен мекен.
«Отбасылық қарым - қатынастың ең тиімді тәсілдерінің бірі – спорт», – дейді қос батырға өмір сыйлаған Анар Қазиханқызы. Қазіргі уақытта балалардың түрлі зиянды әрекеттерге бой алдырып, қиындықтарға душар болып жататын жағдайлары жиі кездеседі. Үйдің қамы, отбасының әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында ана мен әкенің ертеден кешке дейін жұмыс істеп, перзенттерінің тәрбиесін босаңсытып алатын кезі де болады. Мұндайда спорттың пайдасы ұшан-теңіздігін айтады Анар.
Анар ананың балалары «азаттық» деген асыл ұғымды жөргекте жатып ұялатып, бабалардан мирас болып қалған даланың бүгінгі жалғасы ретінде мемлекеттің мәртебелі мерейін асыру жолында өздеріне артылған сенімнің жоғары екенін сезініп өскен буынның өкілдері. Болашағын бірдей спорт түрімен байланыстырып, ел қоржынына бірнеше жүлде салып, жасындай жарқырап жүрген ағайындылар өмірі көпке қызықты.
Ана болу – жауапкершілік, ал спортшының анасы болу адамнан екі есе жауаптылықты қажет етеді.
«Соңғы жылдары жиі айтылып жүрген «Әр адам талантты болып туылады. Өкініштісі, көбі қабілетін оята, дамыта алмай жатады» деген пікірге толық қосыламын. Талант деген тау қоспарып, тас жару, болмаса, ән айтып, күй тарту емес, әркім қолынан келген істі тауып, дамытса, одан үлкен нәтиже шығады. Мәселен, спортшы жасаған ерлік басқаның қолынан келмеуі мүмкін, есесіне, ол керемет темір ұстасы шығар. Мейлі қолөнер шебері, сұлулық маманы, дәрігер, ұстаз бол, қай қоғамда да өз ісін сүйетіндер, өз жолын таңдағандар ештеңеден ұтылмайды», – дейді.
Бетінен қақпа, белін бу
«Боламын деген баланың, Бетінен қақпа, белін бу» деген таныс тәмсілдің айқын көрінісін осы үйге барғанда сезіндік.
«Әкеміз Жұмабек Қаликеев – қорғанымыз. Осы кісінің атына кір келтірмей, абыроймен алып жүру – басты мақсатымыз.
Анашым бос отыру, тынығу дегенді мүлде білмейтін адам. Оған өз өміріндегі кездескен қиындықтар да себепкер болған шығар. Өте тәуекелшіл. «Мен әйелмін. Ауыр затты көтере алмаймын» деп күйеуін немесе басқаларды күтіп отыру жат. Ойына қандай нәрсе келсе, соны ешкімнің көмегінсіз бастап кетеді. Үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу, дәмді тамақ пісіру, киім тігу дейсіз бе, ешбірін жатырқамай, жасай береді. Үнемі қозғалыста жүрген адамды көріп, тек отыру мүмкін емес. Бізді де қолымыздан келетін шаруаны атқара беруге жастайымыздан баулыды. Бала күні қалыптасқан әдет спортта да тиянақты қимылдауға, шапшаң ойлауға, жауапкершілік алуға, жауаптылыққа үйретті.
Алайда үнемі өбектеп, бетімен жіберу деген түсінік біздің отбасына жат. Әкеміздің қабағы, анамыздың талабы, қанша жерден чемпион болсаң да, жіптіктей етеді. Бірақ еркелігімізді есірлік емес, ерлікке бағыттаған бұл жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сырт көзге қатал көрінгенімен нағыз жанашырларымыздың мейірім-махаббаты бізді әрдайым жетістіктерге жетелейді», – дейді Алтынай Жұмабекқызы.
Атлет қыздың бала күнгі естелігі бәріміз білетін «Ер Төстік» ертегісіндегі бас кейіпкердің кейпін көз алдымызға оралтты.
Аулада ойнап жүрген Алтынайға бір жолы өзінен бірнеше жас үлкен бала тиісіп, ренжітіп қояды. Бұл әрекетке төзбеген намысты қыз дереу бар күшін бойына жинап, әлгіні тепкінің астына алады. Жағдай көршілер арасында түрлі пікір туғызады. Көбі Алтынайдың болашақта басбұзар болатынын айтса, істі жақтағандар да табылады. Айтпақшы, осы жағдай спорттағы алғашқы қадамды бастауға түрткі болыпты. Оқиға куәгерінің бірі анасына баланың қабілеттілігін, спорт мектебіне апару қажеттігін айтады.
Жылдар мен жолдар
Кішкентай қыздың қабілетін алғаш аңғарғандардың бірі өз ісінің шебері еді. Бір жолы білікті жаттықтырушы Әзиз Жақсылық Алтынайдың қабілетін сырттай байқап, спорт мектебіне барып, өзіне шәкірт болуы туралы ұсыныс айтады. Жеті жасар қызды ұзамай анасы аталмыш орынға алып барады.
Тәжірибелі маман талапты жасөспірімнің жағдайына қарай жеке бағдарлама түзіп, ауыр атлетиканың қыр-сырын меңгертеді.
Спорттағы он жылдам астам уақыт ауыр атлетші арудың алғашқы қадамнан алға ұмтылу, толысу, ізденіске толы тізбегін түзеді.
Небәрі 13 жасында «спорт шебері» деген дәреже алған ол 14 жасында «Халықаралық спорт шебері» дәрежесін қорғайды.
Жетістіктері қатарында 17 Қазақстан Республикасының чемпионатының 15 алтын 2 күміс медалі бар. Түрлі турнирде таққан медальдарының қатары қалың.
Алтынайдың мүмкіндігін байқатқан байрақты бәсекенің бірі 2024 жылы Катар мемлекетінің Доха қаласында ауыр атлетикадан өткен Азия Чемпионаты болды. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия біріншілігінде біздің спортшылар түрлі салмақ дәрежесінде жоғары нәтижелер көрсетіп, бабында екендіктерін байқатты. Сол жолы әлемдік рекордтар орнатқан Қазақстан құрамасы 18 алтын, 12 күміс, 13 қоламен қанжығаны майлаған болатын.
64 келі салмақта ел намысын қорғаған Алтынай Тәңірбергенова жұлқа көтеруден 84 келіге тапсырыс берсе, серпе көтеру сынында 108 келі салмақты қиналмай алады. Қос сайыс нәтижесінде №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің өкілі 192 келіні еркін еңсеріп, елді күміспен қуантады.
Алтынай – отбасының екінші баласы. Ағасы Абылай спорт жолын қумағаны болмаса, қайратты, мығым азамат. Үйдің кенжесі Арман да спортшы. Ол үлгіні алыстан іздемейді. Күшін сынап көріп, отбасына таныс жаттықтырушыға өзін де дайындауға өтініш білдіреді. Сол сәттен бері Арман асқан асу көп. Спорт шеберінің сөресінде самсаған әр медальдің өз тарихы бар.
Осы жылдың қыркүйек айында Жезқазған қаласында ауыр атлетикадан 2009-2010 жылы туған жасөсірімдер арасындағы Республикалық жеке командалық чемпионатқа Арман да жолдама алды.
71 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен зілтемірші жұлқа көтеуде – 106, серпе көтеруде – 140, жалпы есепте 246 келі салмақты бағындырып, көш бастап, чемпион атанады.
«Алып анадан туады» деген нақыл бар. Чемпиондардың нағашы жағында батпан көтеріп, бәстен озғандар бар болып шықты.
««Неге ауыр атлетиканы таңдадыңыз?» десеңіз, техникасы, бәсекелестік, бәрі-бәрі ұнайды. Қазір онымен тұтас бір ұғымға айналып кеттік. Өмірімізді онсыз елесетету мүмкін емес сынды. Жеңіске жеткенде, ел бізді, біз елімізді мақтан тұтамыз. Отансүйгіштік тілдің ұшында ғана емес, рухыңмен астасып, тұтас ұғымға айналады. Бұл сәтті сезіну үлкен бақыт.
Бізді осы дәрежеге жеткізген жаттықтырушыларымыз Әзиз Жақсылық пен Әлихан, шын мәнінде, мақтауға лайық жандар. Алда, Алла қаласа, жаттықтырушыларымыздың бағытымен дайындықты одан әрі күшейтіп, бізді күткен Азия, әлем чемпионаттары, Олимпида шыңдарына шығуға ұмытылысымызды жалғастыра береміз», – дейді Арман.
Ауыр атлетикадан перспектива бар
Аудан орталығындағы Орталық Стадионда жаттығатын чемпиондарға қызығып, олардың жолын жалғағысы келетін ұл-қыздар көп. Әр келіншек чемпионның анасы атанағысы келеді. Көбіне «Ауыр атлетика – ауыр спорт» деген пікір кедергі келтіреді екен. Мұндайларға ағайынды атлеттердің айтары бар.
«Көбі ауыр атлетиканы атына байланысты қиын спорт түрі деп ойлайды. Біле білгенге, ешқандай кедергісі жоқ. Керісінше, пайдалы. Физикалық жағдайды да, материалдық жағдайды да реттейді. Жеңістен бөлек, спортшы ел көреді, жер көреді, тәрбие алады, өз-өздерін қорғап үйренеді.
«Ал қандай спортқа берген пайдалы?» деген ойда жүрген жандарға айтарым, Қазақстанда ауыр атлетикадан перспектива бар», – дейді Алтынай.
Бұл орайда Арманның да пікірін білдік.
«Жұмысшы ата-анамыз бізді аш-жалаңаш қалдырмады десек те, жағдайы жақсы отбасыдан шықтық деп айта алмаймын. Спорт танымымызды да арттырды. Жақындарымызға пайдалы болудың да тиімді тетігін көрсетті. Өзімізге қажетті табысты таба алатын, тіпті ата-анамызға қол ұшын беретін жағдайға жеттік», – дейді.
«Бір салада өнер көрсетудің қандай ерекшеліктері бар?» деген сұраққа Арман жауап берді.
«Қазір елімізде ел абыройын арттырып, спорттық саланың жандануына үлес қосып жүрген ағалы-інілі, әкелі-балалы жандар артып келеді. Әпкем екеуіміздің бір салада болуымыздан осы күнге дейін ешқандай зиян көрген жоқпыз. Жанашыр бауыр ғана емес, жақсы әріптес болып, жаттығуда өзара ойларымызды бөлісеміз. Алдымда Алтынай тұрғанда, менің сол үйден шығып, осал болуыма жол жоқ. Бұл ұстаным мені қамшылайды», – дейді ол.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
27 қыркүйек 2025 ж. 198 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930