Қайта жанған үміт
Фото: ЖИ көмегімен жасалғанЖас әйелдің көзінде әлі де үміт оты бар еді. Әр күн, әр сағат оның жан мен тәніндегі азаппен арпалысып өтіп жатты. Өйткені, оған обыр диагнозы қойылған. Осыдан соң, алға қойған жоспарлар, отбасы, күнделікті күйбең тірлік – бәрі бір сәтте жоққа айналды. Гүлназ бұрын белсенді әрі көпшіл келіншек еді... Күндердің күнінде оның бойын шаршау мен әлсіздік жеңіп, аяқ асты аурухана төсегіне таңылды.
Көп ұзамай шашы түсе бастады. Химия терапия. Ауыр дәрілер. Балаларынан жырақтағы күндер мен түндер. Таныс өмірі басқа арнаға бұрылды.
– Соңғы рет шашымды тарағанда, Айдана ойнап жүр еді. Мама, иісің қатты, әтірің бұрынғыдай емес» дегені есімде... Қазір ол иісті сағынып жүрген шығар, – дейді айна алдында отырған ол. Түгі қалмаған басын сипап қойып, Гүлназ терезеге көз тастады. Ауладағы балалар доп теуіп жүр. Бір кезде өзінің де дәл солардай жүгіріп жүрген шағы болған. Шашын өріп беретін анасы, нан иісі сіңген үй, күміс күлкісін аңсап жүрген балалық...
– Гүлназ, бүгінгі емге дайынсың ба? – деп палатаға медбике кірді.
– Дайын болмасам да, амал жоқ қой, Гүлбаршын апай...
– Көңілің түспесін, әлі де үміт бар. Бүгін қор жинауға келген еріктілер де сені көргісі келеді екен.
Гүлназ басын изеді. Жүрегі шымыр етті. «Мен үшін басқалар ақша жинап жатыр... Бұрын өзім көмектесетін едім...» деген ойдан көңілі босап кетті.
– Анашым, үйге қашан келесің? – кішкентай Айдана онлайн байланыста жыламсырап тұр.
– Жақында, жаным. Тек сен сабағыңды оқы, тәртіпті бол, жарай ма?
– Әкем де келмей жүр...
– Ол жұмыста, қызым. Сен жалғыз емессің. Мен сені қатты жақсы көрем!
Сол түн ұйқысыз өтті. Гүлназ қабырғаға қарап ұзақ жатты.
– Құдай-ау, неге мені таңдадың? Мен біреуге жамандық істедім бе? Балаларым ше? Олар ше? Жан дауысын ешкім естімеді. Палатаның іші мүлгіген тыныштықта күрсініс қана жаңғырып жатты.
Ертесіне ауруханаға еріктілер келді. Қарапайым жастар, жандарында мешіттен келген имам мен дәрігер де бар. Қолдарында қоржын, гүл, тілек хаттар.
– Сізге «Үміт» қорынан көмек берілетін болды. Халық сіздің еміңізге ақша жинап жатыр. Қазірдің өзінде қажетті соманың жартысы жиналды, – деді жас қыз.
– Мен... мен ешкімнен сұрамадым... – деді Гүлназ көзіне жас алып.
– Бірақ сіз жалғыз емессіз, апай. Сіздің арқаңызда бірнеше адам өмірдің қадірін түсініп жатыр.
– Гүлназ, сен бүгін ерекше көрініп тұрсың, – деді Гүлбаршын апай.
– Қайтадан өмір сүргім келіп тұр...
Бірнеше аптадан кейін...
– Қызыңызды көргіңіз келе ме? – деді дәрігер.
– Айдана?! Ол мұнда ма?!
Есіктің ар жағында кішкентай қыз гүл ұстаған күйі жүгіріп кірді:
– Мамааа! деді – дауыстап айқайлап, анасына асыққан Айдана.
Гүлназ жылап жіберді. Көзінен жаспен бірге барлық ауыртпалық аққандай болды.
Осы көрініс оның жүрегіндегі ең терең үмітті қайта оятты.
– Мен өлгім келмейді. Мен балаларым үшін өмір сүруім керек! – деді Гүлназ іштей.
Дәрігерлер де, жақындары да оның бұл күреске белсене кіріскенін байқады.
Гүлназ күн сайын өз-өзімен сөйлесетін. Кейде көңілі түсіп, күрсінетін. Ал енді бірде өткеніне көз жүгіртіп, кейде өміріне шүкіршілік айтты. Ол сырқаттың денесін ғана емес, жанын да жаралағанын сезді. Бірақ соған қарамастан, жеңу үшін бар күшін салды. Қоршаған ортадан қолдау тапты. Достары қор жинап көмектесті.
Күн артынан күн туып, арада алты ай өтті. Гүлназ ауруханадан шықты. Шашы қайта өсіп келеді. Үйіне оралды. Ең бастысы, қызының қасында.
Осылайша, Гүлназ өмірге қайта оралды. Өмірге, адамдарға, Аллаға деген реніштің орнын алғыс пен шүкір алмастырды. Ол енді тек өз өмірі үшін емес, басқа аналар, балалар, үмітін жоғалтқан жандар үшін де өмір сүруге бел буды.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














