Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ мифі қашан оянады?

Қазақ мифі қашан оянады?

Коллажды жасаған: Айнұр ӘЛИ
– Тас қараңғы. Тынық көше. Ай жарығы түскен терезеден әлдене көлбей өтті. Ұры екен деп ізінен қарап едім, бойы ұзы-ын, тырнақтары сояудай, қара сұр түсті, көздері өткір, аузы үлкен, сұсты бейне жылдамдықпен жүгіріп өтті. Кене-е-ет, – дей бергенім сол еді, көрпе астына жасырына бастаған қызым:
– Мама, Слэндермен ба? – демесі бар ма?
Қызықты оқиға айт деген соң қазақ мифінен ертегі құрастырып отырған түрім еді. Шетелдің қорқынышты фильміндегі Слэндерменін «мен көрдім, білем ғой» дегені езуіме күлкі ұялатты.
– Жоға, қызым. Ол кейіпкердің бойы ұзын демесең, тырнағы жоқ қой.
– Қандай тырнақ?
– Ұзыыын, жез тырнақты. Қазақ ертегісінің сұлу әрі жауыз кейіпкері – Жезтырнақ, – дей бергенім сол еді, қызым:
– А-а-а, білем ғой. Жақында киносы шықты. Біртүрлі. Одан басқа, қорқынышты әңгіме айтшы, – деді тыңдауға ыңғай танытпай.
Киносын көрген соң ба, айтқан аңыз да, ертегі де ұнай қоймады. Қазіргі ертегімен емес, анимация, мультфильм, фильм арқылы түйсінетін балаға ештеңе дей алмадым. Расымен, Жезтырнақ біз үшін қорқынышты кейіпкер еді. Анамыз ерте, ерте, ертеде деп бастағаннан-ақ батырлардың ғұмырнамасын, қазақ мифологиясындағы мыстан кемпір, жалмауыз кемпір, албастысын естуге асығатынбыз. Қазір ше?
Қазақ мифологиясында адам жейтін, сирақтан ұстап суға батыратын, алдап-арбайтын, бірақ түбі үнемі жеңіліске ұшырайтын зұлымдар бар. Бұл – мифтік кейіпкерлер. Мифологияда 40-тан астам кейіпкер бар. Олардың бірі адам жанын алатын қаскүнем болса, енді бірі – жағымды кейіпкерлер. Олар алты топқа жіктелген. Шамандық кейіпкерлер: самұрық, бәйтерек, бақсы. Демонологиялық кейіпкерлер: албасты, жезтырнақ, жалмауыз, мыстан кемпір, пері, шайтан, жын, дию. Хтоникалық кейіпкерлер: дәу, алып, ергежейлі. Ілкі қаһармандар: Пірлер (Қамбар ата, Зеңгі баба, Ойсыл қара, Сексек ата, Шопан ата). Трансформацияланған мифтік кейіпкерлер: Қаңбақ шал, Тазша бала.
Қазақ мифологиясын Шоқан Уәлиханов, Әуелбек Қоңыратбаев, Серікбол Қондыбай, Сейіт Қасқабасов секілді ғалымдар зерттеген. Әр ғалым мифті түсінуге талпынып қана қоймай, мифтік кейіпкерлердің диахрондық бейнесін, яғни шығу тарихын баяндауға тырысты.
Ауыздан-ауызға тараған аңыздар, әңгімелер қызықты оқиғалардан құралған. Алайда қазіргі балаларға бұл қызықсыз секілді. Әлде қызықтыра алмаған анимацияның әлсіздігінен бе?
Жасыратыны жоқ, баланың сана-сезімін, бүтін психологиясын не адам емес, не құбыжық емес бейнелер жаулап алған. Ал оған тосқауыл боларлық деңгейдегі ұлттық өнімдеріміз жоқтың қасы. Қай үйдің баласы болсын үстіне жамылғыны жауып алып «Супермен», қолына қылыш ұстап «Тасбақа-ниндзя», тағы бірі – «Өрмекші адам» болып тыным таппайды. Жаһандану үрдісі белең алған шақта батыстан келген анимациялық фильмдер жаулады. Шетелдік мультфильмді қарасаңыз, балаларды қызықтыру үшін барлық жағдай ойластырылған. Түрлі-түсті жарқыраған бейнелер балалар түгіл, ересектердің өзін еріксіз баурап алады. Осыдан барып сана-сезімі, өзіндік ұстанымы әлі қалыптасып үлгермеген балалардың мінез-құлқында өзгерістер пайда болады. Күндіз-түні жағымсыз әсердегі фильмдер мен ағыл-тегіл төгілген қанды көріп, не болмақ? Тіпті онлайн ойындар да көп емес пе? Атысу, бірін-бірі өлтіру, тағысын тағы...
1967 жылы Ә.Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі ұлттық анимацияның бастауы болды. Бірнеше жылдан соң Ж.Дәненов пен Ұ.Қыстауовтың «Алпамыс батыр», «Айдаһар аралы», Е.Әбдірахмановтың «Тапқыштар», «Бозторғай», Б.Омаровтың «Үш шебер», «Қаңбақ шал», Т.Мұқановтың «Жібек шашақ», «Қайшы», Қ.Сейденовтың «Тігінші мен Ай», «Қадірдің бақыты» сынды мультфильмдері халыққа танымал болып, 100-ден аса графикалық және қуыршақ фильмдер дайындалған. 1991 жылы еліміз тәуілсіздік алған соң, мультфильм түсіру жұмысы біраз уақытқа тоқтаған. Одан кейінгі жылдары жекеленген студиялар қазақ анимациясын құрастыруды қолға алды. «Сақ» киностудиясы түсірген «Қошқар мен теке», «Қазақ елі» мультфильмдері байқауларда бірнеше рет марапатталып, балалар мен үлкендердің көңілінен шығып, сүйікті мультфильміне айналған болатын.
Azia animation студиясы ұсынған ағайынды Артур, Игорь Краустың идеясымен түсірген «Алдар көсенің қызықты оқиғалары» экранға шықты. Алайда біріне ұнаса, енді бірі ерсі түсірілгенге балады. Графикалық тұсы да батыстыкінен әлдеқайда төменде. Ересектер мен балалардың серігіне айналған Уouube желісіндегі қазақ анимациясына қарағанда, шетелдік мультфильмдердің қарау саны миллионнан асады. Көргің келмесе де, автоматты түрде құбыжық анимацияға қосып жібереді. Ұялы телефонның функциясына қанықпаған бүлдіршін сол қосылған мультфильмді көреді. Ойы енді ғана қалыптасып келе жатқан баланың санасын қан-жоса болып бірін-бірі өлтіргендер улап жатқанын бірі білсе, бірі білмейтіні өкінішті. Батыстық анимациялар қазақ баласының психологиясына ғана емес, тіл мен ұлтқа деген құрметіне де кері әсер етеді.
Жақында әлгінде айтқан Жезтырнақтың киносы шықты. Отандық туынды. Шыны керек, идея да, сапа да, графика да әлсіз. Көш жүре түзелетінін ескерсек, қазақ мифі әлі де жандана түсетіні сөзсіз. Әйтпесе қазақ «Ер Төстігінің» батыс «Бэтменінен» қай жері кем? «Малефисентадан» біздегі «Жезтырнақ» ше? Шетелдік «Халк» орнына «Тау көтерген Толағай», «Блэкхарт» емес қазақтың «Үббесі» де көптің үдесінен шығар еді. Тек сапасы жоғары, графикасы мықты тың дүниелер шығарса қазақ мифі жанданып, ұлттық рух пен ұлттық намыс дарытатын туынды жасаса. Қазақ мифі қайтадан сол кезде ғана оянбақ.

Айнұр ӘЛИ
27 қыркүйек 2025 ж. 126 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930