Сыр жұртшылығы әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалиді салтанатты түрде қарсы алды

Хорватия астанасы Загреб қаласында грек-рим күресінен өткен Әлем чемпионатында Сыр елінің мақтанышы, жерлесіміз Айдос Сұлтанғали 60 кг салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанып, ширек ғасырдағы тарихи жеңістің иегері атанды.
Осыған орай, бүгін «Қорқыт ата» атындағы халықаралық әуежайда жерлесіміз Айдос Сұлтанғалиді салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.

Мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Зинабдинұлы, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы, облыстық басқармалар, белсенді жастар, БАҚ өкілдері, спортшылар, жаттықтырушылар және сырбойылық жанкүйерлер қатысты.
Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Зинабдинұлы Айдос Сұлтанғалидің тарихи жетістігімен құттықтап, ыстық ықыласын жеткізді.
-Бүгін барша Сыр өңірі жұртшылығымен бірге ерекше тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Жерлесіміз Айдос Сұлтанғали Әлем чемпионатында жеңімпаз атанып, қазақ спорты тарихында алтын әріппен жазылатын үлкен жеңіс сыйлады. Батыр ұлымыз Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта грек-рим күресінен Әлем чемпионатының финалында белдескен санаулы қазақ балуандарының бір болса, осы ғасырда алтыннан алқа тағып, жеңіс тұғырынан көрінген алғашқы спортшымыз атанды. Осы орайда жерлесіміздің жарқын жеңісіне себепші болған бапкерлеріне, ата-анасына және спортшыларға шексіз алғысымды білдіремін. Қазақ елінің, Сыр өңірінің атын шығаратын чемпиондарымыз көп болсын, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Өз кезегінде Сыр елінің сайыпқыраны Айдос Сұлтанғали барша жерлестеріне шексіз ризашылығын білдірді.
– Қазақ спортында 26 жылдан кейін тарихи алтынды сыйлағаныма өте қуаныштымын! Бұл жеңіс – менің ғана емес, күллі қазақтың жеңісі деп білемін. Қаншама жылдан бері мені қолдап, демеп жүрген барша жанкүйерлерге, отбасым мен бапкерлеріме алғысым шексіз. Алдағы уақытта да еліміздің көк байрағын көкте желбіретіп, туған жерімнің мерейін асыра беруге бар күшімді саламын, – деді әлем чемпионы.
Сондай-ақ, Айдос Сұлтанғалидің жеке бапкері Ғабиден Райымбекұлы да Сыр жұртшылығына өз алғысын білдірді.
Шара барасында чемпионымызға арнау айтылып, қазыналы қариямыз ақ батасын берді. Сондай-ақ, жанкүйерлер Айдос Сұлтанғалиға ақ тілегін жеткізіп, естелік суретке түсті.
@Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы