Қолма-қол ақшамен және бөліп төлеуге әртүрлі баға белгіленуі мүмкін
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қолма-қол ақшамен және бөліп төлеуге арналған әртүрлі бағаны енгізу идеясын қолдады. Бұл туралы осы агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты.

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысының алдында тілшілер агенттік басшысынан тауарларға екі бағаны міндетті түрде көрсетіп енгізу бастамасы туралы сұрады. Өйткені көп жағдайда бөліп төлеу деген желеумен адамдарға пайыздық үстемесі бар несие беріліп жатады.
Өз кезегінде Мәдина Әбілқасымова тауралардың құнын бөліп төлеуді рәсімдеген кезде, ашық тетіктерді енгізу маңызды екенін атап өтті.
- Жалпы, агенттік ретінде біз мұны қолдаймыз. Негізі, тауар бағасын белгілеу құзыретімізге кірмейді. Бірақ, тауар сататын желілер тауарлардың құнын бөліп төлеу тетігі арқылы өтеуді ұсынып жатқандықтан, осы бөліп төлеу банктер арқылы рәсімделгендіктен, бұл жерде артық пайыз үстемесінің есептелмегені ескерілуі тиіс. Ал егер осы сауда тетігі кәдімгі несие шарттарына ұқсас болса, онда осының бәрі несие берудің шарттары ретінде қаралуы керек. Қарыз алушы белгілі бір өнімді немесе тауарды бөліп төлеу арқылы алса, төлемі үшін оның артық үстемесі қанша екені туралы хабардар болуы тиіс. Атап айтқанда, тауарды бөліп төлеусіз алған болса, бір баға көрсетілуі қажет, ал бөліп төлеу арқылы алса, онда қанша қосымша үстемесі бар екені көрінуі керек. Сонымен қатар, несие алған кезде де номиналды түрде оның пайызының қанша екенін, ақшалай түрде артық төлемінің қанша екенін білуі тиіс, – деді агенттік басшысы.
Оның пайымынша, баға қалыптастыруда сараланған деңгейді енгізу тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова несиесі бойынша проблемасы бар адамдардың санын нақтылады.