Қызметтегі әдеп – әділетті қоғамның негізі

Мәжілісті аудан әкімі аппаратының басшысы Ринад Тілеп ашып, мемлекеттік қызметшілер үшін қойылатын талаптар жылдан-жылға күшейіп келе жатқанын айтты. Ол мемлекеттік қызмет саласында әсіресе Әдеп кодексі мен заңнама нормаларын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті.
Жиында сөз алған Қызылорда облысы әкімінің аппараты жанындағы Әдеп жөніндегі уәкіл Бағдат Әбдіқадыр ауданға арнайы жұмыс сапарымен келіп, қатысушыларға мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамалары және Әдеп кодексінің нормалары туралы кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметші тек кәсіби ғана емес, адамгершілік, моральдық-этикалық биік талаптарға сай болуы тиіс.
– Мемлекеттік қызметші – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Оның жүріс-тұрысы, сөйлеу әдебі, қызметіне деген адалдығы қоғамның билікке деген көзқарасын қалыптастырады. Сондықтан Әдеп кодексі – жай құжат емес, бұл әр қызметкердің күнделікті жұмысындағы бағдаршамы болуы тиіс, – деді уәкіл.
Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілерге құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері туралы да түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге қызмет барысында туындауы мүмкін әдептік қиындықтар бойынша сауалдарға жауап беріліп, тәжірибелік кеңестер ұсынылды.
Қарашеңгел ауылдық округі әкімдігінде де осындай мазмұндағы кездесу ұйымдастырылып, ауылдық жердегі мемлекеттік қызметшілер де маңызды ақпаратпен қамтылды. Ал жиын соңында қатысушылар арасында анонимді сауалнама жүргізіліп, ұжым ішіндегі моральдық-психологиялық ахуалға талдау жасалды.Ал аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиыннан кейін уәкіл азаматтарды жеке қабылдап, олардың сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдады. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында да бірқатар маңызды кеңестер берілді.
Бұл жиын – тек бақылау емес, мемлекеттік қызметшілерге қолдау көрсету, бағыт беру мақсатында ұйымдастырылған ашық алаңға айналды.
А. ЖҮСІПОВА