Әлеуметтік кәсіпкерліктің әлеуеті

Фото: ашық дереккөзден алынды
Қазіргі таңда ауданда кәсіпкерлік саласы жаңа белестерге көтерілуде. Әсіресе әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуы – қоғамдағы әлсіз топтардың мүддесін көздейтін маңызды қадам. Бұл бағытта аудан кәсіпкерлері ел игілігі үшін еңбек етіп, әлеуметтік жауапкершілік жүгін өз иықтарына алуда.
Әлеуметтік кәсіпкерлік дегеніміз – тек пайда табу ғана емес, ең алдымен қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамай, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған қызмет. Бұл бастаманы жүйелі түрде дамыту үшін елімізде арнайы «Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі» енгізілген. Осы тізілімге енген кәсіпорындар мемлекет тарапынан қолдауға ие болады.
Қазалы ауданында да осы бағытта жұмыс жүргізіп жатқан кәсіпкерлік нысандарының саны артып келеді. Бүгінгі күні келесі кәсіпкерлік субъектілері әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілді:
«Рауан» мектепке дейінгі шағын орталығы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – Әйтеке би кентінде орналасқан бұл балабақша мектепке дейінгі білім беру саласы бойынша 1-санатқа ие. «Кузенбаева Зинегүл» жеке кәсіпкерлігі – Құмжиек ауылдық округінде мал шаруашылығымен айналысып, ауылдық жердегі халықтың әл-ауқатын жақсартуға үлес қосып келеді. «Гауһар Тас – 2» балабақшасы ЖШС – Әйтеке би кентіндегі тағы бір мектепке дейінгі білім беру мекемесі, 1-санатпен танылған. «Азиза «Дента» стоматологиялық кабинеті ЖШС – Әйтеке би кентінде орналасқан бұл мекеме стоматологиялық қызмет көрсетеді. Қызметі 3-санат бойынша әлеуметтік кәсіпкерлік ретінде танылды. «Ханшайым – 1» бөбекжай-балабақшасы ЖШС – Әйтеке би кентінде орналасқан, 1-санатты мектепке дейінгі білім беру мекемесі ретінде тіркелді.
Осындай кәсіпкерлердің бастамалары әлеуметтік мәселелерді шешуде оң ықпалын тигізіп отыр. Олар тек табыс табуды көздемей, балалардың білім алуына, халықтың денсаулығын жақсартуға, ауыл шаруашылығын өркендетуге өз үлестерін қосуда.
Қоғам игілігіне қызмет ететін кәсіпкерлікті дамыту – уақыт талабы. Ауданда әлеуметтік кәсіпкерлікке бет бұрған субъектілердің көбеюі – салада оң өзгерістердің барын көрсетеді. Мұндай кәсіпкерлік нысандары бір жағынан халықтың әлеуметтік қажеттіліктерін өтесе, екінші жағынан экономиканың дамуына үлес қосып отыр. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен жеңілдіктер берекелі бастамалардың одан әрі өркендеуіне мүмкіндік бермек. Алдағы уақытта әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпкерлердің саны артып, осы бағыттағы тәжірибе басқа салаларға да серпін берері сөзсіз.
А. ЖҮСІПОВА