Қоңыраудан қашпаңыз...
Бүгінде қарыздың кесірінен таныс емес нөмірді көтермейтін күйге жеткендер көп. Бұл сіздің өміріңізді жаңа арнаға бұратын жағымды жаңалығы бар қоңырау шығар. Дәл сол сәтте сіздің көмегіңіз өте жақын адамыңызға керек болған шығар? Бәрі мүмкін... Қоңыраудан қашанғы қашамыз?
Қарыздың салмағы ауыр. Қайтарымы қиын. Ілкіде қазақ қарызға қалай қарады? Қазақта қарыз алысу, берісу бұрыннан болған әдет. Әу баста ауылы аралас, қойы қоралас адамдар мал берісіп, алысуды бір-біріне қарыз санамаған. Ал нарық заманында бұл қарыз банктегі несиемен, мемлекетке төлейтін салықпен өлшене бастады. Бұрында да ақшалай қарыз алу аз болған. Қазіргі кездегі тауарлық несие сияқты, мал-мүлікпен саудаласып, сонымен есептескен. Қыздың қалыңмалы да малмен өтелген. Қандай малды қарызға алса, дәл сол жастағы малды қайтарған. Ал қарыз беру ауызша рәсімделіп, ант су ішумен бекітілген.
«Уәде – Құдайдың бір аты» дейтін қазақ, берген сертін жұтпаған. Егер кешіксе, үстеме ақысына қой мен сиыр, қозылы саулық, бұзаулы сиыр берген.
Қарыз жағы шариғатта қалай? Ол мұсылман үшін рұқсат етілген игі іс. Мұсылмандардың бір-бірінен қарыз сұрауына болады. Бірақ қарыз беруші қарыз алушының ол ақшаны теріс істерге жұмсайтынын біле тұра, қарыз берсе – харам. Сондықтан қарызды мұқтаж жандарға, отбасын асырауға, жақсы істерге беру керек. Ал үстіне өсім қосып, пайызымен қарыз беруге де, алуға да тыйым салынған. Егер адамның қарызды қайтаруға жағдайы жоқ болса, шамасы келмесе, ол қарызды кешкен жөн. Себебі қарыз беру – сауапты іс болып саналады. Алайда қазір ауыл-ауылдың өзінде «процентке ақша беруді» кәсіп етіп алғандар көп.
Сол қарызды деніміз кейде саналы түрде, кейде амалсыз жағдайда алып жүрміз. Аз уақыт бұрын ғана Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы екінші деңгейлі банктерде жеке тұлғаларға тиесілі қарыздың жалпы сомасы 6 триллион теңгеге жуықтағанын айтқан еді. Несие алған 2 миллион адам қарызын қайтара алмай отыр. Қайтарылмаған несиелердің сомасы 3 триллион теңгеге жеткен.
Ал бас банкир Ерболат Досаевтың сөзіне сенсек, қазір елімізде 670 000 адам кредитін төлей алмай жүр. Жеке тұлғалардың жалпы қарызы – 6 триллион емес, 4 триллион 100 миллиард теңге. Бұл – ресми статистиканың мәліметі.
«Оның ішінде біздің ипотекамыз, кепілсіз несиелер мен автонесиелер бар.
2017-2018 жылдардың ішінде банктер берген осындай несиелердің сомасы 47 пайызға көтерілді. Бірақ бүгінде несиені төлемеген адамдардың саны 2 миллион емес, 670 000 адам біздің кредиттік бюромызда тұр», – деді Е.Досаев Сенат отырысында.
Еліміздегі еңбекке жарамды 8,5 миллион азаматтың 2 миллионға жуығы қарызын қайтара алмай жүр. Бұл – бармақ шайнататын жайт. Жалпы, 5 миллионнан астам адамның банкке берешегі бар. Демек несие алушылардың қарасы көп деген сөз. Бұрын несиенің үстеме проценті жоғары болатын. Сондықтан несие алушылардың да қатары сирек еді. Ал қазір банктердің несиелік жүйесі өзгерді. Жеңілдетілген түрлі бағыт бойынша халықтың қызығушылығын тудырып отыр. Бірақ банк бәрібір өз ұпайын арттыруға жұмыс істейтінін қарапайым халықтың бірі білсе, бірі біле бермейді.
Осы арада «несие қандай мақсатта жұмсалады?» деген сұрақтың қойылуы заңды. Расында да, ел кепілмен, кепілсіз алған қарызын қайда жұмсайды? Бір басында бірнеше кредиті барлар ше? Олар жан бағу үшін қарыз алды ма? Әлде қосымша керек-жарағына жеткізе алмай отыр ма? Оның да жауабы дайын. Зерттеулердің нәтижесі бойынша алынған қарыздың 85 проценті мақсатсыз жұмсалады екен. Қымбат көлік, той-думан мен өлім-жітім, бағалы тондарға жұмсалады. Төрт жыл бұрын әйгілі украиндық «Орел и Решка» бағдарламасы Алматыда арнайы ролик түсірді. Сонда жүргізуші: «Қазақтар сән-салтанатты ұнатады. Бір қызығы, бұл қаланың тұрғындары басында үйі жоқ, пәтерді жалдап тұрса да, несиеге қымбат көлік мінгенді ұнатады» деп кекеткені әлі күнге дейін есімде. Расымен қазір қарызды күлдіріп келтіріп, жылатып қайтарып жүргендер қаншама?!
Нұр БАҚЫТ