Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тамақ әзірлеу, үй жинау, ыдыс жуу: Қазақстандықтар тұрмыстық міндеттерді көбіне әйелдер атқаруы керек деп санайды

Тамақ әзірлеу, үй жинау, ыдыс жуу: Қазақстандықтар тұрмыстық міндеттерді көбіне әйелдер атқаруы керек деп санайды

Фото: shutterstock.com
Қазақстанда жүргізілген зерттеуде ерлі-зайыптылардың отбасындағы рөлі мен тұрмыстық міндеттерді бөлісу тәжірибесі талданды. Сауалнамада көпшілігі бала тәрбиесіне екі ата-ананың тең қатысуын қолдағанымен, тұрмыстық шаруаларды бөлу ісінде әлі де дәстүрлі түсініктер басым екені анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының дерегінше, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері тең болуы керек. Бұл әке де, ана да отбасының барлық міндетін бірге атқаруы тиіс деген сөз. Сондай-ақ отбасының ортақ жауапкершілігі қағидаты бойынша балаларды тәрбиелеу, оқыту, дамыту және олардың денсаулығы мен көңіл күйін қамтамасыз ету ісіне әке де, ана да бірдей қатысуы қажет.
Мамандардың пікірінше, қазіргі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер ата-аналық рөлдерді қайта қарауға әкеп соққан. Дәстүрлі үлгіден бас тартып, жаңа әкелік мәдениетті қалыптастыру үрдісі жүріп жатыр.
"Қазір қоғам да, отбасы да әкелердің өзгеруін талап етеді. Енді бұрынғыдай тек жұмыс істеп келіп, теледидардың алдында жатпай, бала мен әйеліне көңіл бөлу керек. Демалыс күндерін бірге өткізіп, отбасына уақыт арнау маңызды", – деді отбасылық қатынастар саласының маманы.
Сауалнама нәтижелері де оң өзгерістерді көрсетеді. Қазақстандықтардың 82,7%-ы ата-аналардың екеуінің де бала тәрбиесіне тең қатысуын қолдайды. Қатысқандардың 71,8%-ы отбасында екі ата-ананың болуы береке мен тұрақтылықтың басты кепілі деп санайды. Бұл көрсеткіш ерлер арасында 73,1%-ға жетіп, әйелдер арасындағы 70,6%-дық деңгейден жоғары болып отыр. Ал 76,7%-ы тұрмыстық шаруаларды ерлі-зайыптылардың ортақ міндеті деп есептейді.
Алайда зерттеулер тұрмыстық міндеттерде әлі де болса дәстүрлі гендерлік бөлініс сақталғанын көрсетеді. Әйелдер көбіне тамақ пісіру (75,7%), үй жинау (75,0%), ыдыс жуу (76,5%), кір жуу (81,5%) және киім үтіктеу (80,7%) жұмыстарымен айналысады. Ерлер негізінен ұсақ жөндеу жұмыстарын (54,6%), үй жануарлары мен құстарға күтім жасауды (24,1%) және бақша мен ауладағы жұмыстарды (20,7%) орындайды.
Міндеттер (1)
Инфографика: Stan.kz
Кейбір респонденттер әкелік рөлдің тек қаржылай қамтамасыз етумен шектелмеуге тиіс екенін баса айтады.
"Егер әке тек ақша табуды басты рөл деп санаса, ол қатты қателеседі. Бұл ұзаққа бармайды. Әсіресе, бала мен әке арасында байланыс болмаса, анасына да қиын", – деді Петропавлдың 33 жастағы тұрғыны.
Ақтөбелік 45 жастағы ер адам да ата-аналық міндеттердің тең бөлінуі керек екенін жеткізді.
"Қыз баланың да, ұл баланың да тәрбиесіне әке де, ана да араласуы қажет. “Мен сені қамтамасыз етіп жатырмын” деу немқұрайлы ата-ананың сөзі. Саналы ата-ана болу үшін отбасында беделді болу керек", – деді ер адам.
Ал тағы бір ақтөбелік тұрғын отбасы ішіндегі міндеттерді қатаң бөлуді қолдамайтынын айтты.
"Кім бос болса, сол істейді. Мысалы, мен таңертең жұмысқа кетерде балаларға шайын, тамағын беріп кетемін. Олар түстен кейін сабақ оқиды, үйді өздері жинайды", – деді ақтөбелік тұрғын.
Сарапшылардың айтуынша, қоғамда қалыптасып келе жатқан жаңа әкелік мәдениет бала тәрбиесіне екі ата-ананың да тең қатысуын қалыпты жағдайға айналдырып жатыр.
Алайда сұхбат нәтижелері ерлердің бала тәрбиесі мен тұрмыстық шаруаларға қатысуында әлі де гендерлік бөліністің сақталып отырғанын көрсетеді. Отбасылық рөлдер біртіндеп өзгеріп келе жатқанына қарамастан, ерлер мен әйелдердің дәстүрлі міндеттері туралы қалыптасқан көзқарастар үй шаруасындағы ахуалға әлі де ықпал етеді.
"Үйде әйелдің рөлі – ол жайлылық, ас үй, тазалық, кір жуу. Ер адамдар ауыр жұмыстармен айналысады: аула тазалау, шаруашылық жүргізу…" – деді Өскеменнің 45 жастағы тұрғыны.
Кейбір респонденттер ер адамның ас үй ісіне араласуын мүлде құптамайды екен.
"Мен қазан-ошаққа араласпаймын. Ер азамат қазанның жанында жүру деген… Қызылордаға барғанымда күлгенмін. Еркектер қазан-ошақтың басында от жағып жүр екен. Қазақ қазақ болғалы ер адамдар қазанның құлағын ұстамаған. Кез келген әйел табаққа мүшелеп ет салуды білуі керек. Білмесе, олар қалай әйел болып жүр? Әйел бәрін білуі керек", – деді Ақтөбенің 50 жастағы тұрғыны.
Әйелдердің арасында да тұрмыстық шаруаны жүргізу олардың тікелей міндеті деген жасырын сенім бар. Қоғамдағы әлеуметтік жаңғыру үдерістері мен әйелдердің кәсіби салаға белсенді араласуына қарамастан, тұрмыстық міндеттерді гендерлік тұрғыдан бөлуге қатысты дәстүрлі көзқарастар әлі де орныққан күйінде қалып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық статистикалық бюро қазақстандықтар көбіне жаздың соңында, әсіресе тамыз айында үйленетінін мәлімдеген еді. Соңғы 10 жылда тамызда орта есеппен 14,9 мың неке тіркелген, ал рекорд 2016 жылы – 17 мың неке. Соңғы жылдары маусым, шілде және тамыз ең белсенді айларға айналды. Қаңтар мен мамыр – некеге ең аз таңдалатын айлар. Сарапшылардың айтуынша, соңғы уақытта елде неке саны азайып, ажырасу көбейген. 2025 жылдың бірінші тоқсанында тіркелген некелер саны өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға төмендеген.
13 тамыз 2025 ж. 106 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031