Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылда айшықты істер аз емес

Ауылда айшықты істер аз емес

Ауданға қарасты Көларық ауылдық округі – соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық, мәдени бағытта өркен жайып келе жатқан елді мекендердің бірі. Өткен тарихы терең, бүгіні еңселі ауылда атқарылған жұмыстар аз емес.
Көларықтың бұрынғы атауы – Домақ. Саяси кезеңдерде «рушылдықты қоздыруы мүмкін» деген себеппен бұл атау «Томан» болып өзгертіледі. Ал қазіргі «Көларық» атауы 1994 жылы ресми бекітілді. Бұл атау репрессия жылдары корей халқының осы өңірге қоныстануымен, түрлі ұлттардың бір арнада тоғысуымен байланысты. Бүгінде округтің орталығы – Ақтан батыр ауылы саналады. Қолдағы бар ақпаратқа сүйенсек, ауылда 1511 тұрғын бар. Экономикалық белсенді азаматтар – 737. Олардың 720-сы жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар 195 адам өз-өзін жұмыспен қамтыған болса, 17 тұрғын ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген.
Мұндағы №190 орта мектеп – өңірдегі білім сапасы жоғары оқу орындарының бірі. Бүгінде бұл білім ұясында 297 оқушы тәлім алуда. Оларға 55 мұғалім білім береді. Оның ішінде 13-і – І санатты зерттеуші, 19-ы – ІІ санатты сарапшы, 16-сы – ІІІ санатты модератор, ал 7 ұстаз санатсыз.Ұстаздар құрамының кәсіби біліктілігі мен еңбегі нәтижесіз емес. 2024 жылы мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары нәтиже көрсетті. 16 түлектің 14-і сынаққа қатысып, орташа балл 82,3 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш – мектептегі жүйелі білім беру мен ұстаздар еңбегінің айқын жемісі.Оқушылардың түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен байқауларда топ жарып, ауыл мерейін үстем етіп жүргені де – білім ордасының бәсі биік екенін дәлелдейді.
Акуылда тұрғындардың мәдени демалысы мен рухани дамуына арналған мәдениет мекемесі жұмыс істеп тұр. 1986 жылы типтік жобамен бой көтерген 200 орындық ауылдық клубта түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мұндағы мәдениет қызметкерлері тұрғындарға мазмұнды бағдарламалар ұсынып, ауыл өміріне серпін беріп жүр.Клуб ғимаратында орналасқан ауылдық кітапхана да – рухани ордалардың бірі. Қазіргі таңда мұнда 19664 дана кітап қоры сақтаулы. Кітапсүйер қауымның қатары артып, 694 адам ресми оқырман ретінде тіркелген. Кітапхана ұжымы тек кітап берумен шектелмей, мазмұны терең мәдени-танымдық шаралар мен түрлі акциялар ұйымдастырып отырады.Кітапханашылар кітап қорын толықтырумен қатар, ауыл жастарының кітап оқуға қызығушылығын арттыру бағытында да белсенді жұмыс атқаруда.
Ауылдық округі тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында Ақтан дәрігерлік амбулаториясы жұмыс істеп тұр. Типтік жобамен салынған бұл мекеме 2010 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде мұнда білікті медициналық мамандар халықтың денсаулығын бақылауда ұстап, қажетті ем-дом шараларын уақытылы жүргізуде.
Округтің жалпы жер қоры – 12 861 гектар. Оның 3722 гектары жайылымдық, 449 гектары шабындық алқап, ал егістікке арналған жер көлемі 3783 гектарды құрайды. Қалған 1643 гектар өзге мақсаттағы жерлер санатына жатады.Ауыл тұрғындары осы жерлерді тиімді пайдаланып, ата кәсіп – мал және егін шаруашылығымен айналысып келеді. Шөбін шауып, малын бағып, егінін егіп, еңбекпен күнелтіп отырған ел жұрты адал еңбегінің жемісін көріп отыр.
Ақтандықтардың ауыл шаруашылығы саласындағы еңбегі айрықша байқалады. Негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Округ бойынша 2887 мүйізді ірі қара, 4396 уақ мал, 2710 жылқы және 196 түйе тіркелген.
Ауылдағы ауыз су мәселесі де толық шешімін тапқан. 9,3 шақырымдық топтық су құбыры желісі тұрғындарды сапалы таза сумен қамтамасыз етіп отыр. Ақтандықтар аяқ судың тапшылығын сезбей, жайлы тұрмыс кешуде. Сонымен бірге округ аумағындағы Жаңақазалы мен Әжіарық каналдары ауылдың су мәселесін реттеп, егіншілік пен мал шаруашылығына мол қолдау көрсетіп отыр.
Ауылдық округте 14 көше бар, жалпы ұзындығы 10,32 шақырымды құрайды. Оның 9 көшесі – жарықтандырылған, жалпы жарық желісінің ұзындығы 4,5 шақырым. Қалған 5 көшеге (ұзындығы 1,3 шақырым) жарықтандыру жұмыстары әлі жүргізілмеген.
Ауыл тұрғындары кәсіпкерлікпен белсенді айналысуда. Қазіргі мәлімет бойынша округте 82 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Олардың ішінде 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 17 шаруа қожалығы және 2 азық-түлік дүкені бар. Сондай-ақ ауылда 1 қоғамдық монша, 1 газ құю бекеті және 1 көлік жуу бекеті жұмыс істейді. 59 кәсіпкер ауыл шаруашылығы, құрылыс және қызмет көрсету салаларында еңбек етуде.Ауыл әкімінің айтуынша, кәсіпкерлік субъектілер саны жыл басынан бері 23 бірлікке өскен. Сонымен бірге кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары арқылы өз кәсібін бастағандар да кездеседі.
–2024 жылы «Байқоңыр ӘКК» АҚ арқылы «Береке» шаруа қожалығы 250 миллион теңге көлемінде несие алып, шаруашылық жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4,4 миллион теңгеге үш жоба қайтарымсыз гранттық қаржыландыруға ие болып, өз жұмыстарын атқаруда, – дейді ауыл әкімінің міндетін ақарушы Мереке Болатқызы.
Өткен жылы бюджеттен бөлінген қаржы негізінде ауқымды жұмыстар қолға алынды. Елді мекендегі көшелер жарықтандырылып, абаттандыру және көгалдандыру шаралары жүйелі жүргізілді. Ауыл санитариясы жақсарып, автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ бөлінген қаражат мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың күрделі шығыстарын жабуға да бағытталды.
Ауыл әкімінің міндетін ақарушы Мереке Болатқызының айтуынша, 2024 жыл ауыл үшін жүйелі және жемісті жыл болды. Осы аралықта газ желісі тартылып, ауыл тұрғындары көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Сонымен бірге құны 799 мың теңге болатын жоба аясында бұрын асфальтталған көшелердің шұқырлары толығымен тегістелді. Су айдайтын СНП-500/10 дизельді насосына жөндеу жұмыстары да 1 996 мың теңгеге жүргізілді. Ауыл паспорты қайта жаңартылып, оған 3 264 теңге жұмсалған.
Ауыл аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына 857 мың теңге бөлінсе, округті жасыл желекке айналдыруға 2 836 мың теңге қаралған. Биыл да ауқымды жобалар жүзеге асырылады және олардың бірқатары бастау алған. Егер жобалар сәтті жалғасса, ақтандықтардың тұрмыс сапасы одан әрі қарай жақсаратыны анық.
Ауыл әкімдігі мен тұрғындардың бірлескен еңбегі арқасында Ақтан батыр ауылы жыл санап жаңарып, жаңғырып келеді. Бұл – туған жердің тағдырына бейжай қарамайтын жандардың табанды тірлігінің нәтижесі.
Арайлым ЖҮСІПОВА
12 тамыз 2025 ж. 27 0

Ақтан батырдың ақылы

12 тамыз 2025 ж. 24

Біздің ауыл

12 тамыз 2025 ж. 22

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031