Торқалы тойға тың дайындық

Ауылдың ардагерлері мен елжанды жастары ақылдаса келе, бұл ұсынысты аудан әкімдігіне жеткізген. Жергілікті билік өкілдері бастаманы толық қолдап, батырдың ерлігі мен ел алдындағы еңбегін насихаттайтын кең көлемді іс-шараларды ұйымдастыруға ниетті екендерін білдірді.
Бастама аудан басшылығы тарапынан қолдау тапқан соң, ауылда арнайы ұйымдастыру комиссиясы құрылып, оның төрағасы ретінде ауыл азаматы Жеткербай Медеубай бекітілді. Жалпы комиссия құрамында ауылдың белсенді азаматтарынан құралған 11 адам бар. Олардың қатысуымен отырыс өткізіліп, мерейтойдың уақыты мен барысы жоспарланды. Алқалы басқосуда бірқатар белсенді азаматтар, сондай-ақ Мәдениет саласының ардагері Болат Жолтаевтың қатысуымен «Ақ бұлтты Ақтан батыр» атты іс-шараның бағдарламасын таныстырылып, талқыланды.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, дайындықты неден бастаймыз деген ортақ ойдан соң, алғашқы нақты қадам ретінде Ақтан батырдың кесенесін жөндеу жұмыстары белгіленді. Комиссия мүшелері 15 маусымнан бастап тазалық және жаңарту жұмыстарын қолға алуға келісті. 16 маусымнан бастап жұмыстар нақты іске асырылды. Ауыл ақсақалдары мен жастары жұмыла кірісіп, баба рухына тағзым етудің өнегесін көрсетті. Комиссия төрағасы Жеткербай Медеубай, мүшелері Оңдабай Тілеген, Әзілхан Серікбай, Пірімбет Қабақбай, Нұрлан Сұлтанов, Ардақ Сәрсенбаев, Мереке Асанәлі, Спандияр Мамайұлы және ауыл тұрғыны Маржанкүл Данабаеваның бастамасымен атқарылған жұмыстар қызу қарқын алды.
Бүгінде торқалы тойға дайындық жұмыстары аяқталуға таяу. Жоспарға сай ауылды абаттандыру, кесененің жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауылдық клуб меңгерушісі А.Жұбаназарұлы мен мәдениет ұжымы, ауыл жастары мен белсенді азаматтар кесене маңын абаттандырып, тазалық жұмыстарына тиянақты атқарды.
Ал батыр атындағы кесенеге комиссия құрамындағы Нұрлан Сұлтанов, Ардақ Сәрсенбаев, Спандияр Мамайұлы және белсенді азаматтар Арықбай Қазымов, Мереке Асанәліжөндеу жүргізді. Сондай-ақ нысанның ішкі және сыртқы тазалық жұмыстарын жүргізуде ауыл әкімдігі де белсенділік танытты. Яғни ауыл әкімінің міндетін атқарушы Мереке Болатқызы да ұжыммен ұйыса батыр тойының дайындығына үн қосты.
Айта кететін жайт, ауылды абаттандандыру бағытындағы жұмыстарды жеңілдетуге «Береке» ЖШС басшысы Жамаладин Мінажадинұлы қол созып, техникасын жұмылдырды.
Бір сөзбен айтқанда, ауылдықтар бірігіп, тазалық, жөндеу, безендіру жұмыстарын аяқтап, ұрпаққа үлгі болар батыр тұлғасын лайықты деңгейде дәріптеуге бар күшін салуда.
– Ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен атсалысуы, тарихи тұлғасына деген құрметі – елдік сананың көрінісі. Ақтан батыр баба есімімен аталатын ауылда оның ерлігі ұмытылмай, ұрпақ жүрегінде жаңғырып келеді. 255 жылдық – сол рухани сабақтастықтың айғағы, – дейді жергілікті қауымдастықтың төрағасы Оңдабай Тілеген.
Торқалы тойдың ойдағыдай өтуіне ауыл жастары да ерекше үлес қосуда. Батыр баба рухына тағзым етіп, мерейлі шараға қолдау көрсеткен азаматтар қатарында Спандияр Мамайұлы, Дәуренбек Күнікеұлы, Айтуған Жарболұлы, Жәнібек Әнесұлы, Дәурен Әмитжанұлы, Мұрат Қалыбекұлы сынды елге жанашыр жастардың есімі құрметпен аталады. Сондай-ақ кесене басында құран бағыштап, ізгі тілегін арнаған ауыл ақсақалдары –Ұзақбай, Әділ, Есенқұл ағалардың да еңбегі елеуге тұрарлық.
Ақтан батырдың 255 жылдық мерейтойын атап өту аясында ұлт батырының есімін ұлықтауға Қаракесек руының ұрпақтары да елеулі үлес қосуда. Қоныс, Құлпыбай, Панабек, Сағыныш, Қазыбек, Бақыт, Марат сынды азаматтар ата мұрасын ардақтап, тойға қаржылай қолдау көрсетті. Олар батыр есімін дәріптеуді ұрпақтық парыз санайтынын іспен дәлелдеді.
Сондай-ақ Қызылорда қаласында құрылған «Қаракесек» бірлестігі де бұл бастамаға бейжай қарамай, тойдың жоғары деңгейде өтуіне демеушілік жасап, қомақты қаржы бөлді.
Бір айта кетерлігі, бұл игілікті шараға шет мемлекеттердегі қандастар да шын ниетімен атсалысуда. Атап айтқанда, Қарақалпақстан мен Өзбекстанда тұратын батыр ұрпақтары торқалы тойдың салтанатты өтуіне белсенділік танытып, қаржылай қолдау білдіруде. Бұл – ұрпақтың өткенге тағзымы, ұлттық рухқа құрметі. Баба аманатын қастерлеу жолында ұлт пен ру мүддесі бір арнаға тоғысып отырғаны қуантады.
«Мерейтойдың әр сәтіне белсенді араласып, жанашырлық танытқан барша ауылдастарға, әсіресе ел ертеңі – жастарға алғысымыз шексіз. Ұрпақтар сабақтастығы мен елдіктің үлгісін танытқан бұл той – туған жерге деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі болды» дейді ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, Ақтан батырдың мерейтойына мәдени шаралар легі де ерекше мазмұнда өтеді деп жоспарлануда. Әуелі батыр рухына құран бағышталып, кейін шара «Ақ бұлтты Ақтан батыр» атты танымдық конференцияға ұласпақ. Одан соң бағдарлама бойынша алыс-жақыннан келген қонақтарға арнайы ас берілмек. Кейін марапаттау рәсімі өтіп, торқалы тойға атсалысқан жандар марапатталмақ. Сондай-ақ батыр тұлғасын танытуға арналған театрландырылған қойылым сахналанбақ. Қонақасы ұйымдастырылып, қонақтарға арнайы құрмет те көрсетілмек. Одан кейін ұлы тұлғаны дәріптеуге арналған дүбірлі той ат бәйгесімен жалғасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара соңы гала концертпен қорытындыланып, отшашумен аяқталады деп көзделуде. Аталған іс-шаралар тамыздың 16-17-інде өтеді деп күтілуде.
Түйін: Ауыл, қала берді аудан тұрғындары үшін бұл мерейтой – тек мерекелік жиын емес, өткенге тағзым, болашаққа аманат. Ел қорғаған ердің өнегелі өмірін ұрпақ жадында жаңғырту – бүгінгі буынның парызы. Жоспарланған шаралар арқылы Ақтан баба есімі ел есінде мәңгі жаңғырып, ауыл ажарына да айрықша серпін бермек.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ