Теміржолшылар құрмет төрінде

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев атаулы дата аясында сала қызметкерлері мен ардагерлерін қабылдап, кәсіби мерекемен құттықтады. Сондай-ақ олардың ел экономикасы мен аудан өміріндегі маңызына тоқталды.
– Теміржол – ел дамуының тірегі. Қазалы – теміржолшылар мекені. Бұл салада еңбек етіп жүрген жандардың тәжірибесі мен жауапкершілігі ерекше. Сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында қатынас үзілмей, халыққа сапалы қызмет көрсетіліп келеді.
Бұлай дейтініміз, Қазалы теміржол тасымалының тарихы сонау 1905 жылы Орынбор-Ташкент темір жол қатынасы құрылысының салынуынан бастау алады. Қазақтың дархан даласын қиып өтіп, батыс пен шығысты байланыстырып жататын «Орынбор-Ташкент» магистралының да халықтың игілігіне берілгеніне ғасырдан асты. Ел тарихындағы бұл алғашқы темір жолдың аудан үстінен қиып өтетіні қазалылықтар үшін де зор мәртебе. Тыныс-тіршілігіміз үшін маңызды саланы алға жылжытуға білікті де білімді, іскер де қабілетті маман ретінде Сіздер өзгелерге үлгі-өнеге болып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық деңгейінің артуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Мезгілдің ыстығы мен суығына, уақыттың күні мен түніне қарамай, еселі еңбектің көркін қыздырып, ел экономикасын еселеуге үлкен үлес қосып жүрген сала қызметкерлеріне айтар алғысымыз шексіз, – деді Жалғас Оңғарұлы.
Салтанатты қабылдау барысында бірқатар сала ардагерлері мен үздік қызметкерлеріне алғыс хаттар табысталып, жас мамандарға сәттілік тілеп, кәсіби өсу жолында табысқа жетулеріне тілектестік білдірілді.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Құрметті теміржолшы Оразғали Бекпанов пен Қазалы вагон пайдалану депосының бастығы Арғын Орынбаев сөз сөйлеп, теміржолшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, ізгі лебіздерін жеткізді. Салтанатты шара соңы аудан өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасына ұласып, мереке иелері керемет көңіл күйге бөленді.
Айта кетейік, Қазалы ауданы теміржол саласы дамыған аймақтардың бірі. Мұндағы теміржолшылар бірнеше буыннан жалғасқан еңбек династияларын жалғастырып келеді.
А. ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ