Қытайда маса арқылы қауіпті вирус тарады

Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясында бір апта ішінде чикунгунья безгегіне шалдыққан 2 800-ден астам жағдай тіркелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі РИА Новости басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қытайдың Орталық телеарнасының мәліметінше, ауыр жағдайлар мен өлім-жітім тіркелмеген. Ауру жұқтырғандардың көбі Фошань қаласында тіркелген – 2770 жағдай.
“27 шілде мен 2 тамыз аралығында Гуандун провинциясында чикунгунья безгегінің 2892 жаңа жағдайы тіркелді”, – деп жазды басылым.
Гуандун провинциясындағы ауруларды бақылау және алдын алу орталығының инфекциялық аурулардың алдын алу жөніндегі бас сарапшысы Кан Миннің айтуынша, провинцияда індет дер кезінде ауыздықталмаған. Тасқын маусымы кезінде масалар ауру тарататындықтан эпидемияның алдын алу мен бақылау әлі де күрделеніп отыр.
“Індеттің алдын алудың ең тиімді амалы – тұрып қалған судан арылу, ересек масаларды өлтіру және маса шағудан қорғану”, – деді сарапшы.
Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, жергілікті ғалымдар чикунгунья безгегін тарататын масаларды жою үшін түрі ерекше ірі масалардың дернәсілдерін тарата бастаған.
Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякунь осы аптада Қытайда чикунгунья безгегін бақылау мен алдын алу мүмкін екенін айтып, қытайлық тарап шетелдік туристердің жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалғастыратынын айтты.
Чикунгунья безгегі — бұл вирус арқылы тарайтын жұқпалы ауру, адамға қан сорғыш жәндіктер арқылы беріледі. Ауруды негізінен екі түрлі маса таратады, олар сондай-ақ сары безгек пен денге сияқты өзге де вирустық ауруларды жұқтыруы мүмкін.
Чикунгунья безгегінің табиғи таралу аймақтары — Африканың тропиктері, Үндістан, Оңтүстік-Шығыс Азия және Үнді мұхитының аралдары. Бұл өңірлерде жыл сайын маусымдық індеттер тіркеліп отырады. Сонымен қатар Мексика мен Гватемала да ауру таралатын елдер қатарына жатады