Қытайда маса арқылы таралатын қауіпті вирустың өршуі байқалды
Қытайдың оңтүстігінде чикунгунья қызбасының өршуі тіркелді, деп хабарлайды Синьхуа.

Фошань қаласында чикунгунья қызбасы тіркеліп, ол сырттан әкелінген жағдайдан кейін жергілікті деңгейде тарала бастады. Аудандық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, алғашқы жағдай 8 шілдеде анықталған. 15 шілдедегі жағдай бойынша, 478 расталған жағдай тіркелген, олардың барлығы жеңіл түрдегі ауруға жатады. Негізгі жұқтыру ошақтары – Лэцун, Бэйцзяо және Чэньцунь елді мекендері.
Хабарламада айтылғандай, чикунгунья қызбасы — Aedes масалары арқылы таралатын жіті вирустық ауру. Оның басты белгілері – жоғары дене қызуы, бөртпе және буындардың ауыруы. Аурудың клиникалық көрінісі денге қызбасына ұқсас болып келеді.
Ыстық әрі ылғалды ауа райында ауру тасымалдаушы масалардың белсенділігі артып, денге мен чикунгунья сияқты жәндіктер арқылы берілетін аурулардың таралу қаупі жоғарылайды.
Сарапшылар тұрғындарға масалардың көбеюіне жол бермеу үшін ашық ыдыстағы суды төгіп, контейнерлерді тазалап тұруға және арнайы қорғану құралдарын қолдануға кеңес береді. Ауру белгілері байқалған жағдайда дәрігерге жүгініп, жәндік шаққанын немесе соңғы сапарлар туралы хабарлау қажет.