Еңбек құқығын қорғау – қоғамдық міндет
Азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуы – елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен азаматтық қоғамның дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Бұл құқықтардың қорғалуы адамның лайықты өмір сүруіне, еңбек ету еркіндігіне және әлеуметтік әділдіктің орнауына кепілдік береді.
Бұл ретте жұмысшылардың құқығын қорғау да жауапты құрылымдардың жіті назарында. Жуырда аудандық прокуратура еңбек азаматтарының құқықтарын қорғау бағытында бастама көтеріп, бірқатар шараларды жүзеге асырды. Атқарылған жұмыстар аясында аталған орган ауданның мәдениет саласындағы бірқатар мекемелерде қызметкерлердің еңбек құқықтарының бұзылғаны анықтады.
Атап айтқанда, «Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығы», «Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі», ауылдық клубтар мен мәдениет үйлерінің 25 қызметкеріне жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының пайдаланылмаған күндері үшін 1,5 миллион теңге көлемінде өтемақы толық көлемде төленіп, азаматтардың конституциялық құқықтары қалпына келтірілді.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданып, жауапты лауазымды тұлғалар мен қызметкерлерге қатысты тәртіптік жауапкершілік көзделді. Прокуратура ұсынымы аясында еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті органдармен тиісті шаралар қабылданды.
Әрбір адам өз құқықтарын қорғауды білсе және белсенді ұстанымда болса, еңбек нарығындағы әділдік пен теңдік қамтамасыз етіледі. Сондықтан еңбек құқықтарын сақтауға әрқайсымыз күш салуымыз қажет-ақ.
А. ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ