Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда туу көрсеткіші 2,8-ге түсті: демограф не дейді

Қазақстанда туу көрсеткіші 2,8-ге түсті: демограф не дейді

Бұған дейін әлем халықтарының қартайып бара жатқаны, осы процесс Қазақстанда да белең ала бастайтынын жазған едік. Бұл мәселе жаһанда туу көрсеткішінің төмендеуіне байланысты шығып отыр. Кез келген елдің демографиялық жайы тұрақты болуы үшін әр әйелге шаққанда бала саны 2,1-ден кем болмауға тиіс. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш қандай, ал Қазақстанда халық өсімі тұрақты ма?
Фото: freepik.com
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Әуелі әлем елдеріндегі жағдайға тоқталсақ. Жер бетіндегі туу көрсеткіші ең төмен ел – Оңтүстік Корея. Мұнда қазір әр әйел орта есеппен 0,7-0,8 бала босанады, яғни демографиялық өсім кері кеткен. Жапонияда көрсеткіш – 1,3, АҚШ-та – 1,6. Кәрі құрлық елдерінде деңгей 1,5-1,8 аралығында. Дамыған елдердегі жағдай демографиялық өнімділікті тұрақты деп бағалататын 2,1 көрсеткішінен әлдеқайда төмендеп кеткенін аңғару қиын емес.

Енді елдегі жағдай келсек, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда 2022 жылы жалпы туу коэффициенті әр әйелге шаққанда 3,05 баладан болған екен. Ал 2023 жылы 2,96 балаға азайған. Былтыр көрсеткіш 2,8 болды. Бұл қарқынмен алдағы онжылдықта Қазақстанда да туу көрсеткіші әр әйелге 2 бала деңгейінен төмен түсіп кететін секілді. Демограф Шынар Пазылбекқызының айтуынша, пандемиядан кейін Қазақстанда туу көрсеткіші расымен төмендей бастаған.
– Пандемия жылдарын біз «бэби бум» кезеңі деп айтамыз. 2021 жылы туу коэффициенті орта есеппен бір әйелге 3,32 бала болды. Бұл — тәуелсіздік жылдарында болмаған туу деңгейі. 2022 жылдан бастап көрсеткіш біртіндеп төмендеді. Бұл — заңдылық, өйткені «бэби бум» әдетте 1-2 жылға ғана созылады. Былтыр туу деңгейі орта есеппен бір әйелге 2,80 бала болды, осындай деңгей 2016 жылы да тіркелген болатын, – деді сарапшы.
Алайда демограф «Қазақстанда жақын аралықта туу көрсеткіші бір әйелге 2 баладан төмен түсіп кетеді» деген болжам айту қиын екенін жеткізді. Бұған бірнеше себеп те бар көрінеді.
– Біріншіден, осындай төмен деңгей 1999 жылы тіркелген, сол жылы туу көрсеткіші елімізде бір әйелге 1,80 баланы көрсетті. Жалпы, тәуелсіздіктен кейінгі 1990-жылдардағы дағдарыс отбасылардың бала жоспарлауын кейінге қалдырды, өйткені халықтың болашаққа сенімі аздау, материалдық жағдайы нашар болды. Бұл — посткеңестік елдерге тән ортақ құбылыс. Қазақстанда 2000-жылдардың басынан бастап әлеуметтік-экономикалық жақсару жүрген уақытта туу көрсеткіші де жоғарылай бастады. Сондықтан елімізде саяси, әлеуметтік-экономикалық дағдарыс болмаса, туу деңгейі күрт төмендей қоймайды.
Екіншіден, еліміздің өңірлеріндегі туу деңгейі әртүрлі. Оңтүстік, батыс өңірлерде туу көрсеткіші айтарлықтай жоғары. 2024 жылы Түркістан облысында көрсеткіш бір әйелге 4,25 бала деңгейінде болды. Бұл өңір туу деңгейі бойынша елімізде көш бастап тұр. Ал Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында туу деңгейі бір әйелге 2 баладан төмен. Сондықтан еліміздегі, соның ішінде оңтүстік, батыс өңірлердегі дәстүрлі түсінік, көпбалалы болу тенденциясы жоғалмаса, туу деңгейі төмендей қоймайды, – дейді Шынар Пазылбекқызы.
Сарапшы осы тұста тағы бір себеп барын алға тартты. Елімізде отбасылардың баланы басты құндылық деп есептеуі, отбасын құрғаннан кейін балалы болуға ұмтылуы әлі де жалғасып келеді. Ал туу көрсеткішінің төмендеуіне қауіп төндіретін құбылыс ретінде бас қосқан ер мен әйел үшін басты мақсат баланы өмірге әкелу емес, өздерінің жеке мүдделерін қанағаттандыру екенін айтуға болады. Бұл дегеніміз шетелде кең таралған child free (баладан еркін) ұғымының таралуы арқылы түсіндіріледі.
– Көпбалалы отбасылардың азаюын да демографияға қауіп төндіретін құбылыс ретінде атауға болады. Бұған әсер ететін фактор – жастардың отбасын құруға асықпауы. Әсіресе, әйелдердің тұрмысқа кеш шығуы оның көп баланы дүниеге әкелу мүмкіндігін төмендетеді. Репродуктивті жаста бола тұра үйленбеген, тұрмыс құрмаған, сәйкесінше дүниеге бала әкелмеген жалғызбасты адамдар үлесінің көбеюі демографиялық өсімге кері әсер етеді, – деп қорытындылады демограф.

24 шілде 2025 ж. 176 0

Айбары биік ата заң

25 шілде 2025 ж. 198

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031