Суға шомылғанда сақтық керек

Жыл басынан бері құзырлы органдармен кезекшіліктер бекітіліп, ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлерін тарта отырып, тұрғындарға тыйым салынған су айдындарында шомылуға болмайтындығы жөнінде ескерту жасалып келеді. Сондай-ақ аудан аумағында орналасқан су арналарының маңайында арнайы ескерту тақтайшалары мен бильбордтар орнатылып, тұрғындарға жадынамалар таратылды.
Қайғылы оқиғалардың көбісі балалардың ата-ананың қарауынсыз қалуынан болып жатқандықтан жергілікті жерде мониторинг жұмыстары да ұдайы ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар судағы қауіпсіздік бойынша үгіт-насихат жұмыстары кеңінен қарқынды жүргізілуде. Одан бөлек, арнайы және ресми халықтың шомылатын орындарында да тұрғындарды қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүруде.
Қауіпсіздік шаралары қарқынды жүргенімен тыйымды елемейтіндер әркез табылады. Бұл ретте тәртіпке бағынбағандар ҚР заңына сәйкес жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалауда. Төтенше жағдайлар бөлімінің құтқарушылары азаматтардың мына нәрсені қаперде ұстаса дейді.

– Азаматтар тыйым салу белгілеріне қарамастан жүз пайыз қауіп бар жерде жүзгілері келеді. Яғни, ағыны қатты жерлер мен су түбі тексерілмеген аумақтарға құмар. Бірақ олар мұндай маңайларда құтқарушылардың болмайтындығын ескеруі тиіс. Сондықтан арнайы жасақталған орындарда суға түссе екен, – дейді төтеншеліктер.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі судағы тәртіп ережелерін есте сақтауға кеңес беруде. Әрбір азамат су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауы қажет.
«Балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдырмаңыз және ересектердің қарауынсыз шомылуға жол бермеңіз. Балаларыңызды жүзуге үйретіңіз. Бейтаныс және шомылуға жабдықталмаған орындарда, сондай-ақ «Шомылуға тыйым салынады», «Сүңгуге тыйым салынады», «Қауіпті иірім!» белгілері орнатылған жерлерде суға түспеңіз. Мас күйде шомылмаңыз. Жүзудің шекарасын белгілейтін қалытқылардан асып кетпеңіз. Тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгімеңіз. Жүзу құралдарына құтқару күртешесінсіз отырмаңыз және жүзуге арналмаған заттармен жүзбеңіз. Осы қарапайым ережелерді ұстану сіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтайды. Есіңізде болсын, сіздің өміріңіз және балаларыңыздың өмірі сіздің қолыңызда!» – дейді қазалылық құтқарушылар.
Бір сөзбен айтқанда, сақтыққа салғырт қарамаған жөн. Немқұрайлылық – Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша жауапкершілік жүктейтінін ұмытпағайсыз.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ