Суға барсаң абайла, сақтық керек қалайда...
Фото: ашық дереккөзден
Жаз келісімен-ақ ересектер де, балалар да демалысын қызықты өткізу мақсатында дәл осы маусымда суға түскенді жөн көреді. Алайда шомылу кезінде көпшілігі қауіпсіздік қаперден шығарып, ескертпелерді ескере бермейді. Соның салдары жазатайым жағдайға ұшыратып, қаншама жанның көз жұмуына себеп болуда.
Мәселен, соңғы үш жылда аудан аумағындағы су айындарында 15 адам қаза тапқан. Оның 7-еуі бала. Ал былтыр құтқару қызметіндегілер 4 адамды тілсіз жаудың құрсауынан алып шыққан. Қолдағы мәліметке сенсек, биылғы көрсеткіш былтырғыдан 100 пайызға төмендеп тұр. Бұл дегеніміз–жыл басынан бері аудан аумағындағы су айдындарында қайғылы жағдай орын алмады дегенді меңзейді.Бірақ бұл босаңсуға себеп емес. Өйткені адамдардың қауіпсіздігі қашан да бірінші орында. Осы мақсатта төтенше жағдайлар қызметі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіпазаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар кешенін өткізіп қоймай, күшейтілген кесте бойынша қызметтеріне кірісіп, сақтық шараларын қатаң бақылауға алған.
Нақтыласақ, суға шомылу маусымы басталмас бұрын Төтенше жағдайлар бөлімі аудандық білім бөлімімен бірлесе «Балалардың судағы қауіпсіздігі» тақырыбында арнайы жоспар бекітіп, ата-аналармен кездесу ұйымдастырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Алтынбек Қалиевтің айтуынша, мұндай түсіндірме жұмыстары ауылдық округ әкімі аппаратының және бөлім қызметкерлеріне де ұйымдастырылған.
– Су айдындарында адам өміріне төнетін қауіптің алдын алу үшін арнайы ескерту белгілерінің дер кезінде орнатылуы аса маңызды. Осы мақсатта мамыр айының басында Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және ауданға қарасты ауылдық округ әкімдігіне судағы оқиғалардың алдын алу бағытында атқаратын іс шаралар туралы ұсыныстар жолданды. Нәтижесінде аудан аумағында 21 бильборд, сондай-ақ 45 ескерту тақтайшасы орнатылды. Сонымен бірге бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарға су айдындарындағы негізгі жүріс-тұрыс, қауіпсіздік шаралары туралы біршама түсіндірме материалдар жарияланды,– дейді ол.
Суда қауіпсіздік ережелерін сақтамау ауыр жағдайларға, тіпті адам өліміне әкеліп соқтырады. Қайғылы жағдайлардың көбі тыйым салынған аймақтарға суға түсіп, қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамағаннан болып жатады. Сондықтан мамандар белгіленген аумақтарда ғана суға түсу керек деп ескертеді. Егер бұған көнбесеңіз, сізді көлемді айыппұл күтеді. Яғни, ҚР ӘҚБК 412-бабына сәйкес, су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын бұзу немесе орындамағаны үшін әкімшілік толтырылып, соның негізінде құны 7 АЕК (қысқартылған түрде 12922 теңге, толық 25 844 теңге) болатын айыппұл арқалайсыз.
–Тұрғындарғаарнайы рұқсаты және құтқару қызметі бар жабдықталған жағажайларда және басқа да шомылуға арналған орындарда ғана шомылуға кеңес беремін.Бір сөзбен айтқанда, алдымен суға шомылатын арнайы орынды дұрыс таңдап алуын сұраймын. Суға түсуге болмайтын белгіден аспау керектігін, сондай-ақ мас күйінде және тыйым салынған аймақтарға суға түсуге болмайтынын тағы да ескертемін. Ал ата-аналарды барынша сақ болып, суға шомылу кезінде балаларын қараусыз қалдырмауға шақырамын, – дейді төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы.
Жалпы, суға түсу кезеңі басталғалы аудан аумағында адам көп шоғырланған орындарда (дүкендер мен басқа да сауда орталықтарда, базарлар, және темір жол автовокзалдарға)дауыс зорайтқыштар арқылы түсіндірме жұмыстары және балық аулаушыларға арналған дүкендерде жадынамалар ілініп, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Осылайша, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі азаматтарға судағы тәртіп ережелерін есте сақтауға кеңес беруде. Әрбір азамат су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауы қажет.
– Түсіндірмелер мен тыйым салу белгілеріне қарамастан, тұрғындар көбіне белгіленбеген жерлерге суға түсуге тәуекел етіп жатады. Яғни, ағыны қатты жерлер мен су түбі тексерілмеген аумақтарға құмар. Абзалы, арнайы жасақталған орындарда шомылып, сақтыққа салғырт қарамау. Әйтпесе, суға сүңгіп, сергудің соңы ажалмен аяқталуы әбден мүмкін, – дейді қазалылық құтқарушылар.
Айта кетелік, бүгінде аудан аумағындағы мәдени демалыс кешені жанында, сондай-ақ су айдындары айналасында ескертпе белгілер көбейіп, бақылау күшейген. Тұрғындар да сол қағидаларды қаперінде сақтап, суға түскенде абайлау керек. Сонда ғана қауіп-қатердің ауылы бізден алыс болмақ.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ