Аналар аспаздық шеберлігін арттырды

Кәсіби шеберліктерімен бөліскен бас аспаз Аманкүл Масақбаева мен Маруся Қалдыбаева қатысушыларға дәмді тамақ әзірлеуді үйретіп қоймай, ұжымда ұйысып жұмыс істеудің маңызын ұғындырды. Екі күнге созылған іс-шарада аспаздыққа қызығушылығы бар қыз-келіншектер өзара тәжірибе алмасып, дәмді тағам әзірлеуде практикалық дағдыларын қалыптастырды.
Аталған салада жиырма жылдан астам еңбек өтілі бар қос аспаз қатысушыларға кеңестерін айтып, тәтті тағам әзірлеудегі құпияларымен бөлісті. Ал аналар күнделікті өмірде ас әзірлеуде ескеру керек кеңестерге құлақ түріп қоймай, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
«Аналарды қолдау аудан әкімдігі жүргізіп отырған мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып саналады. Осындай іс-шаралар арқылы біз сыйластық, өзара көмек және отбасылық өмірге бірдей араласу мәдениетін қалыптастырамыз», – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Кәсіби бейімдеуге бағытталған шарасы барысында қыз-келіншектерге кофе-брейк те ұйымдастырылды. Шара соңында қатысушылар өздері дайындаған астан дәм татты. Ұйымдастырушылар тарапынан әйел-аналарға сый-сияпаттар және сертификаттар табысталды.
Айта кетейік, қатысушылар аудандық қоғамдық даму бөлімі мен аудандық Отбасын қолдау орталығы бірлесе ұйымдастырған іс-шараға шексіз алғыстарын білдіріп, ризашылықпен тарқасты. Сонымен қатар аудандық қоғамдық даму бөлімінің әдіскері С.Нұрадинова екі күн бойы қыз-келіншектердің шеберліктерін шыңдаған қос аспазға аудан әкімі орынбасары Д.Тлеумбетовтің «Алғыс хатын» тапсырды.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат