30 тәулікке қалдыра алады: Ұшаққа алып кіруге тыйым салынған заттар қайда сақталады

100 миллилитрден асатын сұйықтық пен қауіпті заттарды ұшаққа алып кіруге тыйым салынған. Десе де азаматтар байқаусызда салып алған затын әуежайда қалдыруға мәжбүр. Бұл заттар әрі қарай қайда кетеді? Егер жолаушының шығарып салатын адамы болмаса, ол заттарды басқаша сақтап қалуға мүмкіндік бар ма? Stan.kz ақпарат агенттігі Астана және Алматы әуежайларынан анықтап сұрады.
Ұшаққа өтпеген заттарды әуежайдың уақытша сақтау камерасына өткізуге болады
Астана халықаралық әуежайының Stan.kz-ке берген жауабы бойынша, көбіне жолаушылар тексеру барысында қойылатын талаптарды толық түсіне бермейді. Жолаушы мейлі ол су, шай не кофе болсын, 100 мл-ден асатын кез келген сұйықтықты стерильді аймаққа өткізе алмайды. Бұл шектеу 2006 жылдан бері бар. Ол сусын түрінде жасырылған сұйық жарылғыш заттарды пайдаланбақ болған лаңкестік топтың жүзеге аспаған жоспарынан кейін енгізілген.
Тексеру кезінде жолаушының қол сөмкесінен немесе жүгінен тыйым салынған қауіпті заттар анықталса, оларды ішкі рейстерде шығарып салушыға қалдыруға немесе 1 ай мерзімге әуежайдың уақытша сақтау камерасына өткізуге болады.
"Сақтауға өткізілген зат иесіне түбіртек қағаз беріледі. Осы түбіртек арқылы жолаушы затын 1 ай ішінде қайтарып ала алады. Белгіленген мерзімде алынбаған заттар утилизацияға жіберіледі", – деп жауап берді әуежайдың баспасөз қызметі.
Астана халықаралық әуежайына тәулігіне орта есеппен 30 мыңнан астам жолаушы келеді екен. Жыл басынан бері елорда әуежайында ұшақ бортына алып өтуге тыйым салынған 50 мыңнан астам зат тәркіленген. Оның ішінде 33 987 сұйықтық, аэрозоль және гельдер, 18 088 өткір, шаншып-кесетін заттар, жұмыс құралдары болған.
"Бұл талап – авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін маңызды шаралардың бірі. Қол жүгінде жарылғыш және радиоактивті заттар, аэрозольдер, спрейлер, ацетон, спирт секілді тез тұтанғыш сұйықтықтарды, сонымен қатар пышақ, ине, қайшы, шанышқы тәрізді өткір және шаншып-кесетін заттарды тасымалдауға заңмен тыйым салынған. Жолаушылардан сапарға шығар алдында қол жүгінде тасымалдауға тыйым салынған заттар тізімімен алдын ала танысуын сұраймыз", – делінген Астана халықаралық әуежайының жауабында.
Белгіленген мерзімде алынбаған заттар утилизацияға жіберіледі
Ал Алматы халықаралық әуежайында барлық алынған зат арнайы журналға тіркеліп, сақтау бөлмесінде тұрады. Егер алынған заттар қауіпті деп танылса, олар белгіленген тәртіппен жойылады екен.
"Тасымалдау стандарттарына сай келмейтін сұйықтықтарды, аэрозольдер мен косметикалық бұйымдарды жолаушы шығарып салушыларға бере алады. Бұл мүмкін болмаса, мұндай заттарды сақтау бөлмесіне 30 күнге қалдыра алады. Заттар сақтау бөлмесінде 30 күн тегін сақталады", – делінген Алматы халықаралық әуежайының жауабында.
Ал сақтау бөлмесінен заттарды алар кезде жолаушы зат алынғаны туралы хаттама түбіртегін және жеке куәлігін көрсетуге тиіс.
"Алынған заттарды беру жұмыс күндері сағат 08:00-ден 16:30-ға дейін жүргізіледі. Түскі үзіліс - 12:00-ден 13:00-ге дейін. Жолаушы затын сенімхат арқылы оның сенімді тұлғасы ала алады. Сенімхат нотариалды куәландырылған болуы қажет", – деп ескертті Алматы халықаралық әуежайы.
Жолаушы отыз күнде заттарын алып кетпесе, олар белгіленген тәртіппен жойылады.