Рухани туризм: әлеует пен әрекет

Туризм қонақ күту деген ұғымнан басталады. Турист – қонағымыз. Оны күтіп, баптап, жағдайын жасап, шығарып салудың өзі зор мәдениет. Қазақ қонағына ат мінгізіп, шапан жауып жібереді. Бұл босқа шашылу емес, қанымызға сіңген дәстүр. Бүгінде туризмнің шыңына жеткен елдер – Грекия, Италия, Түркия. Олар да төменгі сатыдан бастап, жоғары қарай өрледі. Дәл сондай даму деңгейіне оп-оңай қол жеткізе салған жоқ. Біздің де аймағымыз ландшафт жағынан туризмге ыңғайлы. Енді туризмнің қай саласын дамыту керек деген сұраққа жауап іздеу маңызды. Грекия, Италия секілді елдерде туризм саласы теңізбен байланысты. Ал бізде экотуризмді дамыту пайдалы болмақ. Себебі, табиғаты шырайлы, керемет таулы аймағы, сарқыраған суы – барлығы да табиғи түрде өзгеріссіз жатыр. Германиядан, Швейцариядан келген саяхатшылардың өзі осындай табиғи ландшафтқа тамсана көз салады.
Биік-биік таулары, сарқырап аққан теңізі болмаса да Қазалының тарихы тереңде жатыр. Қасиетті мекенде 5 республикалық дәрежедегі, 60 жергілікті санат берілген және 22 алдын-ала есепке алынған ескерткіштер бар. Соның бірі сан ғасырлық тарихы бар Оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкент шаһары. IХ-ХІ ғасырларда оғыздардың Сыр бойындағы Сауран, Сығанақ, Түркiстан (Яссы) тағы басқа қалалардың арасында аталатын Жанкент шаһарының орны Сырдария өзенiнiң сол жақ бетiнде орналасқан. Туризмнің түрі көп. Демек бізге археологиялық, тарихи туризмді дамыту ғажап болар еді.
КӨНЕ ҚАЛАШЫҚ КҮМБІРІ
Жаңа қала деген мағынаны білдіретін Жанкент жайында айтылып жүрген аңыз бен ақиқат бар. Оғыз тайпаларының Сырдария жағасындағы ең атақты қалаларының бірі де осы қала. Аңыз бойынша бұл қаланы көп заман билеген кісінің бірі елге үгіт-насихат айтушы, жасы жүзден асқан ойшыл қарт болады. Әбілғазының түрікмен шежіресінде оғыз елі әр уақыт Жанкент қаласында жиналып, Қайы халқынан Инал Яуиды хан көтеріп, оған Қорқыт атаны уәзір ететіні жазылған. Жазба деректерде Жанкент алғаш рет араб тарихшысы Ибн-Рүстемнің еңбегінде аталады. Сондай-ақ араб географы Ибн-Хаукал «Оғыздардың басты қаласы Жанкент болды, оны ирандықтар Нау-Керде, арабтар Әл-Харият, сарматтар Дахи Нау деп атаған» дейді. Жанкент атауының өзі Янгикент-Жаңакент-Жанкент (Жаңа қала) деген мағынаны білдіреді. Жанкент тарихы ғасырлар қойнауында жатыр. Қаланың гүлдену дәуірі ІХ ғасырдың 2-жартысы мен ХІ ғасырдың алғашқы ширегі.
Жанкент шаһары – аумағы 15-20 гектар, егіншілігі, саудасы мықтап өркендеген қала болды. Қала маңындағы суландыру жүйесі егіншіліктің шаруашылықтағы негізгі басты саласы болғандығын дәлелдейді. Ол кезеңде Арал теңізін Жент теңізі деп атаған. Жанкент тұрғындары осы теңіз маңынан үлкен тұз көзін тауып, Қытай, Иран, Үндістан елдерімен сауда қатынастарын жасаған. Қыпшақ-қимақ тайпалары мыңдаған малдарын айдап, Карлан өткелі арқылы Жанкентке келіп, сауда жасап отырған.

Шаһардың төрт қақпасы болған. Әрбір жұма күні шаһар орталығындағы базар алаңында сауда қызу жүріп отырған. Жанкенттің шығыс пен батысты жалғастырып жатқан Ұлы Жібек жолы бойындағы тоғыз жолдың торабына орналасуы қаланың географиялық, экономикалық маңызын арттыра түсті. Қытай жібектері, Үнді маталары мен жемістері, араб елдерінің құрмасы, науаты осы қалада сатылымда болған. Осылайша, Оғыздарда қалалық мәдениет жоғары дамыды.
1219 жылдың күзінде Сыр бойындағы оғызқыпшақ қалалары моңғол шапқыншылығы салдарынан күл-талқан болып қирайды. 400 жыл бойы қалалық мәдениет жасаған оғыз-қыпшақ тайпалары тағы да көшпелі өмірге түседі. Моңғолдар салған ойран басылмай жатып-ақ, Жанкент сауда мен қолөнер орталығының бірі ретінде қайта көтеріліп, ХІV ғасырда гүлдену шегіне жетті.
Мұсылман мәдениеті ықпалында болған бұл қала Жаңақала – Жанкент деп аталады. Араб саяхатшысы Хафизи-Абурдың жазбаларында Сырдарияның ХV ғасырда Отырар тұсынан батысқа бұрылып, Әмудариямен бірге Каспийге құйғандығын айтады. Оғыздардың көсемi атанған әйгiлi қобызшы Қорқыт та аңыз-әңгiмелер мен кейбiр деректерге қарағанда Жанкентте өмiр сүрген. Жанкенттің өмір сүруінің тоқтауына байланысты ел аузында жүрген аңыз да бар.
Жанкенттің әміршісі Санжар хан нөкерінің ғайбатына сеніп, күнәдан пәк Бегім сұлудың оң қолын шауып, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіліп жазықсыз жазалайды. Бегімнің әкесі атақты Қарабура әулие қанішер ханға «Қызым ақ болса шабылған қолы, кесілген бұрымы, тілінген танауы қалпына түседі» дейді. Әділдік үстем шығып, Бегімнің дене мүшелері қалпына келеді. Қызының нақақ жәбір көргеніне назаланған әулие Санжар ханды қарғапты. Құдіреттің күшімен аспаннан іші ордалы жыланға толы мес түсіп, хан бағыныштыларымен бірге ажал құшыпты. Қаланың халқын жылан шағып өлтірген. Бегім сұлу ақ құсқа айналып көкке ұшып кетіпті. Қонған жеріне керемет Бегім ана мұнарасы пайда болыпты.
ЖАНКЕНТ ДЕГЕН ЖАҚҰТ БАР

Жанкент ауылы аудан орталығынан 40 шақырым қашықтықта, Ұлы Жібек жолы басып өтетін, түркі елдеріне ортақ тұлға Қорқыт баба мен «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фараби мекендеген Жанкент шаһары маңында орналасқан. Округ орталығы – Жанкент елді мекені. Ауыл 2014 жылы облыс әкімінің шешімімен тіректі елді мекендер тізіміне енген. 2018 жылы облыстық мәслихат шешімімен Өркендеу ауылының атауы Жанкент болып өзгертілді.
Ауыл тұрғындарының кәсібі – егін егіп, бау-бақша дақылдарын өсіру және ет, сүт өндіру. Сырлы Сырдың Жанкентінде, Сырлыбайхан, Құттыбай кесенелері, Оспан тамы, Бабажан сарт қамалы және Қызыл тамырлы, Балшан, Сарыкөл мен Құдықтықұм сияқты тарихи жер аттары бар. Қаланың сыртпен қарым-қатынас жасап араласатын төрт қақпасы бар-тын. Жанкент Жувейнидің, Несевидің және Омаридің кейбір еңбектерінде «Шаһаркент» деп те берілген. В.В.Бартольдтің пайымдауынша, Жанкент Х-ХІ ғасырларда Оғыз мемлекеттік бірлестігі билеушілерінің қысқы ордасы болған.
Жанкентте 1867 жылы П.И.Лерих және М.К.Приоров қазба жұмыстарын жүргізіп жобасын түсірген. Зерттеуді келесі жылы В.В.Верщагин жалғастырды. 1946 жылы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (жетекшісі Толостов) кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қаланың нақты жобасын сызып, әуеден суретке түсірген. Әйтсе де кейбір қателіктерін 2005 жылы зерттеу жүргізген Мәскеу және Қорқыт ата университетінен келген ғалым-зерттеушілер тауып, өзгеше болжам жасауда.
Орта ғасырлық деректерде Жанкент қаласын мұсылмандар қоныстанған. Сырдың бойымен Мауренахрдан Жанкентке астық тасылған делінеді. Қаланың өрлеген шағы Шыңғысхан шапқыншылығына дейінгі уақыт екені анық. Қаланың ХV ғасырдан кейінгі тағдыры белгісіз, жазба деректерде де ешқандай мәлімет кездеспейді.

Сырлыбай хан, Құттыбай, Оспан тамы кесенелері – Жанкент жерінде өмір сүріп, халыққа қызмет жасаған тарихи тұлғалардың құрмет пен беделіне арнайы жасалған тарихи ескерткіш. Ал Сарыкөл, Қызылтамырлыкөл атаулары жер бедеріне өскен өсімдіктеріне байланысты қойылған атаулар. Білетіндер Құдықты құм-құмның ішінде бірінеше құдық қазылып, жүргіншілердің сусамауына көп көмегін тигізген жер екенін айтады.
Өркендеу ауылдық округінің территориясында орта ғасырлық Жанкент шаһары, Құттыбай, Сырлыбай хан кесенесі, Шобансих әулие, Оспан тамы, Бабажан Сарт қорғаны, Мыңтөбе секілді ескі орындар бұдан әлденеше ғасыр бұрын тіршілік еткен адамдардың өмір тарихын зерттеуге керемет мүмкіндік береді. Жыл сайын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Әлкей Марғұлан атындағы археология және Ресей ғылым академиясының Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология ғылыми – зерттеу институтының ғалымдары, оқытушылар, студенттер қатысқан қазба жұмыстары кезінде көптеген керамикалық бұйым, тиын, тұрмыстық заттар мен әшекейлер табылуда. «Тарихи – мәдени мұраларды пайдалану және қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Өркендеу ауылдық округінде орналасқан «Мыңтөбе», «Сырлыбай хан кесенесі», «Құттыбай кесенесі», «Жанкент шаһары» облыстық тарихи және мәдени мұра ескерткіштерін қорғау тізіміне енгізіліп, қорғау, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
ЖЕР АСТЫНДАҒЫ ЖӘДІГЕР
Жанкент қалашығында 2023 жылдан бері Түркі академиясы мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті бірлесіп жүргізіп келе жатқан археологиялық қазба жұмыстарын сақтау мақсатында орнатылған қорғаныш жабындысы мен ескерткіш белгі бой көтерді. Соңғы кездері жасалып жатқан археологиялық қазба жұмыстары да аз емес. Зерттеушілердің айтуынша, мұнда хан сарайлары салынып, әдемі кілемдер тоқылған, тұскиіз, садақ пен жебе жасалған. Қазба жұмыстары барысында Жанкенттің материалдық мәдениетін айғақтайтын көптеген құнды тарихи жәдігерлер табылды. Бұрын-соңды кездеспеген пішін мен қолдану мақсатына ие қолдан жасалған керамика үлгілері, қола бұйымдар, ошақ маңында қолданылған қошқар басы бейнесіндегі тұғырлардың түрлі өрнектелген түрлері ерекше назар аудартады. Табылған ең құнды олжалардың бірі – IX ғасырға тән оғыз дәуірінің теңгелері жасырылған күміс көмбесі. Жанкенттен алғаш рет табылып отырған тарихи жәдігер ежелгі қаланың Жібек жолындағы ірі сауда және мәдени орталық ретіндегі маңыздылығын көрсетеді.

Айта кеткен жөн, облыста 567 тарихи-мәдени мұра нысаны мемлекет қорғауына алынған. Оның 31-і республикалық, 256-ы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Ал 280 нысан алдын ала есепке алынған. Мәдениет және ақпарат министрлігі «Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» сериялық трансұлттық номинациясы бойынша Сығанақ, Жанкент қалашықтары мен Жетіасар мәдениет ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның негізгі тізіміне енгізу жұмыстарын жүргізуде. Облыстық бюджет есебінен жыл сайын ежелгі Бәбіш мола және ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалашықтарында кешенді археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, музейлер қоры 10 мыңға жуық экспонатпен толықтырылған. Табылған жәдігерлердің негізінде «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы», «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» тарихи реконструкциялары жасалған.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында тарихи-мәдени мұраларды сандық форматқа көшіру және желі қолданушыларына қолжетімді ету үшін 3D форматтағы интерактивті карта (virtualmap.xyz) жұмыс жасайды. Сайт 2018 жылдан бері қолданыста. Қала, аудан орталықтарына жақын орналасқан республикалық және жергілікті маңызы бар 194 ескерткішке QR-код орнатылып, қонақтар мен туристерге толық ақпарат ұсынылған. Дәл осы код Жанкент шаһарының кіреберісінде тұр. Келген адам смартфоны арқылы әлгі кодты сканерлеп, қалашықтың тарихы жайында толығырақ ақпаратқа қаныға алады.

Жалпы Қазақстан туризмінің дамуына түрткі болатын фактор өте көп. Себебі қазақ даласында адам аяғы баспаған жерлер өте көп. Қойнауы жақұтқа толы мекендер, құшағы жұмбақ пен сырды жасырған өлкелер де аз емес. Табиғи балаң қалпын сақтаған ландшафтар арнайы тәсілдермен игерілсе, жарнамасы жоғары деңгейде жасалатын болса, біздің елге қызығушылар да аз болмайды. Көненің көзі, тарихымыздың алтын діңгегі болған байлығымызды паш етсек, нұр үстіне нұр болар еді. Ендігі көне Жанкент қалашығының жәдігерлері жер бетіне шығып жатыр. Аңызы ертегідей санада сақталған, маңайы құнды дүниелерге толы мекен – нағыз археологиялық, рухани туризмнің ордасы. Әлеуетті арттырар туризм саласына ден қойып, әрекет етсек құба-құп.
Айнұр ӘЛИ